Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аймақ басшысы Асайын Байханов жақында Павлодар қаласының тұрғындарымен кездесіп, оларды толғандырған мәселелерге құлақ түрді.  Облыс орталығындағы Естай атындағы мәдениет сарайында өткен кездесуге халық көп жиналды. Шара барысында шаһарлықтар сауалдарын жолдап, ұсыныс-пікірлерін айтуға мүмкіндік алды.

Қала қарқынды дамуда

Тұрғындармен кездесу барысында аймақ басшысы алдымен қаланың әлеуметтік-экономикалық салаларында атқарылған жұмыстар жайын баяндап, алдағы уақытқа жоспарланған жобалармен бөлісті.

— Бірінші кезекте білім беру саласында қолға алынған істерге тоқталар болсам, соңғы 2 жылда шаһарда 13 мектеп пен 3 балабақша жаңғыр-тылды. Железнодорожный шағын ауданында оқушы санының тапшылығын азайту үшін 210 орындық мектеп, сондай-ақ Шапық Шөкин атындағы мектеп-гимназиясына 324 орынға арналған жаңа ғимарат салынды. 30 жылдан бері алғаш рет қаладағы 40 мектепке дейінгі мекеменің аумағына асфальт жабындысы төселді. Достық шағын ауданында және оған жақын жерде 2 заманауи мектептің құры-лысы басталды. Сондай-ақ, 2024 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы да 3 жаңа білім беру нысанының құрылысын салу жоспарлануда, — деді облыс әкімі. Бұдан кейін денсаулық сақтау саласындағы игі істер сөз болды. Әкімнің айтуынша, қаладағы 5 емдеу мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, құны 1,7 млрд теңгенің 269 бірлік медициналық жабдықтары сатып алынған. Сонымен қатар, осы жылы №1 қалалық аурухананы қайта құрудың бірінші кезеңін аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде, аймақ тарихында алғаш рет гибридті операциялық бөлмелер пайда болмақ.

— Қазіргі таңда біз облыстық кардио-логиялық орталыққа, облыстық балалар ауруханасының жаңа корпусына, №3 және №5 емханаларға қосымша қосалқы бөлімшелер салуды жобалап жатырмыз, — деді Асайын Байханов. Мәдениет саласында да алға басу бар екені байқалады. Мәселен, «Спорт сити» шағын ауданында «Бірлік» атты жекпе-жек сарайы мен мұз айдыны ашылды. Сонымен қатар, аулалар мен саябақтарда 220 жаңа спорт алаңы орнатылды. Қалаға қарасты ауылдарда спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында Мойылды мен Кенжекөлде 2 жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Павлодар ауылында 300 орындық мәдениет үйі есігін айқара ашты. Ал биыл «Зеленая роща» шаңғы базасында балаларға арналған спорт залының тұсауы кесіледі деп күтілуде. Бұдан бөлек, жаңа ипподром мен Мойылды және Жетекші ауылдарындағы мәдениет үйлерінің құрылыс жұмыстары аяқталады. Жиында павлодарлықтарды толған-дыратын мәселенің бірі — қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту жайы да сөз болды. Облыс әкімінің айтуынша, өңірге қарасты қалалардағы инженерлік желілердің жағдайы мәз емес көрінеді. Жылумен жабдықтау желілерінің шамамен 85 пайызы тозған. Осыған орай былтыр қаланың солтүстік бөлігін жылумен жабдықтауды тұрақтандыру үшін жылу-электр орталығының жаңа жылу магистралі салынған. Соны іске қосқаннан кейін облыс орталығындағы 400-ден астам көпқабатты үйдің жылу режимі жақсарған. Кездесу барысында облыс әкімі осы жылы Усолка шағын ауданында эко-саябақ құрылатынын, жағалауды «Ертіс» шаңғы базасы арқылы байланыстыратын жаңа жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы жобаланғанын жеткізді. Сондай-ақ, биыл қалада ұзындығы 32 км болатын 14 көшенің жолы жаңартылып, кәріз желілерінің құрылысы жалғасады. Тағы бір жағымды жаңалық – осы жылы қалалықтарға қызмет көрсету мақсатында жаңадан 50 автобус пен 30 трамвай сатып алынбақ.

— Өңір халқының жартысына жуығы облыс орталығында тұрады. Біз қала тұрғындарының сапалы өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Қаланың дамуы ерекше бақылауымда, — деп қорытындылады Асайын Байханов баяндамасын.

Көпшілікті не толғандырады?

Кездесудің екінші бөлігі ашық микрофон алаңына ойысты. Яғни, облыс әкімімен жүздесуге келген тұрғындар өздерін мазалаған мәселелерін ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Алғаш болып сөз алған қала тұрғыны, зейнеткер Ертісбай Жұмабеков халқына адал қызмет еткен қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа қаладағы бір көшенің атын беру туралы өтінішін білдірді. Сонымен қатар, ол әкесінің Ұлы Отан соғысының қатысушысы, екі бірдей орденнің иегері екенін айтып, оның есімі облыс орталығындағы Даңқ алаңындағы жауынгерлер тізімінен тыс қалып қойғанын жеткізді. Осы мәселені шешуге қолдау көрсетуін сұрады. Бұған жауап берген Асайын Байханов:

— Бірінші мәселе бойынша ұсынысыңыз орынды, толықтай қолдаймын. Елімізде Дінмұхамедтей миллионнан бір туған асыл азамат көп емес. Ол үшін маңызды жұмыс жүргізу керек. Оны рет-ретімен қолға аламыз. Екінші өтінішіңіз бойынша айтарым, соғыс қатысушыларын аталған тізімге енгізудің ресми тәртібі бар. Сол бойынша мұрағат мамандары талдау жүргізеді. Батыр атамыз жайлы мәліметтер дәлелденсе, тізімге қосылатын болады, — деп түсіндірді. Бұдан кейін қала тұрғыны Тәткен Төлеген пәтер иелері коперативтерінің (ПИК) жұмысына көңілі толмайтынына шағымданды. Аталған мәселеге қатысты жауап берген облыс әкімі:

— ПИК-терге қатысты мәселе Павлодарда ғана емес, бүкіл Қазақстанда бар. Бірақ оған әкімдіктердің еш қатысы жоқ. Тұрғындар өздері ПИК-терге ақша төлеп отырған соң, олардан жұмыстың нәтижесін талап етуге толық құқылы. Егер көңілдеріңіз толмаса, көпқабатты үй тұрғындары жиналып, дауыс беру арқылы ауыстыруларыңызға болады. Яғни, 60 пәтердің 40-ы қарсылық білдірсе, ПИК-тен бас тарта аласыздар. Жалпы, бүгінде қаладағы үйлердің 88 пайызы ескі. Сондықтан мәселе де көп, — деді. Журналист Есенбек Санатұлы қаладағы Естай көшесі, 136 және Кривенко көшесі, 81-үй мекенжайында балалардың ойын алаңы жоқ екенін айтты. Сонымен қатар, ол есесіне сол аулада азық-түлік өнімдерін өндіретін екі өндіріс орны орналасқанын, оның айналасын қаңғыбастар жиі торуылдап жүретінін әрі үлкен жүк көліктері үнемі келетінін, ал бұл жағдай балалардың өмірі үшін қауіпті екенін мәлімдеді. Ол осы мәселені шешу үшін аталмыш ірі өндіріс нысандарын қала шетіне көшіру туралы ойын да ашық айтты. Жалпы, кездесу барысында кейбір көпқабатты үйлердің ауласында балаларға арналған ойын, спорт алаң-дарының жетіспеуі жайлы бірнеше тұрғын мәселе көтерді. Шаһардағы тағы бір тұрғын өзінің мүгедек екенін, 15 жыл бойы үй кезегінде тұрғанын жеткізіп, баспана сұрады. Оның сөзінше, ай сайын алатын 90 мың теңге зейнатақысына үй жалдау қиынға соғуда. Бұл жағдайға байланысты жауап берген өңір басшысы тұрғын үй туралы заң баршаға ортақ екенін, сондықтан пәтер кезек келгенде ғана берілетінін түсіндірді. Өзін Ырымгүл деп таныстырған көпбалалы ана жеке үйде тұратынын, орталықтандырылған жылу мен суға қосылуда кедергілер туындап жатқанын айтып, көмек сұрады.

— Әзірге жеке үйлерді орталық-тандырылған жылуға қосуға шектеу бар. Себебі, жылу қуаты жетпейді. Осы мәселені шешу үшін қосымша қазандықтар орнатылмақ. Қазір жылу-электр орталығында жұмыс жүріп жатыр, — деп жағдайды түсіндірген өңір басшысы болашақта жеке үйлердегі осындай мәселелер біртіндеп шешіле-тінін атап өтті. Шара соңында Асайын Байханов шаһарлықтарды мазалаған барлық мәселені назарына алатынын жеткізді.

Нұржайна ШОДЫР.