Облыстың зиялы қауым өкілдері Тәуелсіздік күні саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалына гүл шоқтарын қойып, еліміздің болашағы үшін жанын пида еткен Желтоқсан құрбандарына тағзым етті. Митингке қатысушылар алдымен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Осыдан соң Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов зиялы қауым өкілдерімен бірге облыстық «Ertis» мұражайына барып, «Тәуелсіздік – мәнгілік елдің тұғыры» атты көрмені тамашалады. Көрме облыстық мұрағат,  Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі, Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі, С.Торайғыров атындағы кітапхана және көркемсурет музейі ұжымдарының бірлесуімен дайындалған. Бірнеше бөлімнен тұратын көрмеде XVIII, XIX ғасырлардағы қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрес, Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестегі батырлардың орны, Кенесары ханның басшылығымен өткен ұлт-азаттық көтеріліс (1837-1847 жж.), ХХ ғасырдың басындағы «Алаш» партиясының қызметі, 1916 жылғы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы, 70-ші жылдардағы «Жас ұлан» қозғалысы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары көрініс тауып, Тәуелсіз Қазақстан, мемлекеттік рәміздер мен кітаптар көрмесі және суреттер галереясы көрермен назарына ұсынылды.

– Көрме тамаша ұйымдастырылған. Мұнда жылдар бойы азаттықты аңсаған еліміздің тарихы, оның ішінде Желтоқсан оқиғасы жан-жақты қамтылған. Осындай мазмұны терең шаралар өскелең ұрпақ тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады, – дейді желтоқсаншы Г.Тортаева. Мұражайдың фотокөрмесіне 86 жылғы ызғарлы желтоқсанда алаңға шыққан жас студенттер және павлодарлық желтоқсаншылардың портреттері ілінген. Сондай-ақ мұражай қызметкерлері театрландырылған жанды көрмеде Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов бейнесін және 33 жыл бұрын әділетсіздікке шыдамай, алаңға шыққан ержүрек жас студенттердің кейпін сомдады. Аталмыш көрме аптаның соңына дейін тамашалауға мүмкіндік бар.

Т.ӘБІЛДА.