Өткен аптада облыс орталығында Әдеп жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы өтті. Жиын барысында 9 мәселе, оның ішінде 8 тәртіптік іс қаралды. Өңірдегі бірқатар шенеуніктерге қатысты қатаң сөгіс жарияланып, Павлодар қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысын лауазымынан босату туралы ұсыныс берілді.

Кеңестің көшпелі отырысында
облыс прокурорлары комиссия мүшелерінен Павлодар қаласының қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нариман Қайырленовті мемлекеттік қызметтен босату түріндегі жаза қолдануды ұсынды. Атап өтсек, өткен жылдың қараша айында Мемлекеттік істер агенттігі департаментіне облыстық прокуратурадан Павлодар қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысына қатысты ұсыным түскен. Онда шендінің ҚР Мемлекеттік қызмет туралы Заңында көзделген талаптарды бұзғаны, нақтылап айтқанда құрылыс құжаттарына қайшы келетін әрекеттер жасағаны жайлы баян-далған. Аталған дерек бойынша тиісті тәртіптік іс қозғалған. Бұдан басқа, кеңес барысында бөлім басшысына қала құрылысының бас жоспарына қайшы келетін егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын дайындауға байланысты бірқатар сұрақ туындады. Атап өту керек, прокуратура мамандары облыс орталығында бас жоспарға қайшы салынған 36 көпқабатты үйді анықтаған. Шенеуніктің өзі облыс прокуратурасының ұсынысында көрсетілген ЖЖҚ әзірлеу және бекіту кезінде мемлекеттік орган тарапынан заң бұзушылықтар болмағанын айтты.

— Павлодар қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімі құрылыс объектілерін жобалауға арналған тапсырмаларды жоба бекіткен егжей-тегжейлі жоспарлаудың негізінде береді. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан облыс прокуратурасының ұсынысында көрсетілген жоспарлардың жобаларын әзірлеу және бекіту кезінде бұзушылықтар жоқ екенін атап өткім келді, — деді Н.Қайырленов.

Алайда, бөлім басшысының бұл сөзіне айтар уәжі бар. «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалының басшысы Нұргүл Қайырденова аталған деректі «қасақана құқық бұзушылық» ретінде бағалап, шенеуніктің заң алдында толық жауап беруін талап етті.

— 2023 жылы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы қала аумағында салынған заңсыз құрылыс жобаларын сот арқылы қабылдауға мәжбүр болды. Біздің Бас жоспарымыз қаланың негізгі құжаты болғанымен, неге екені белгісіз, құрылыс басқармасы оны ескермейді. Мәселен, қазіргі уақытта Торайғыров көшесі, 1/4 және «Адина» тұрғын үй кешенінің құрылыстары нақты жоспарсыз жүріп жатыр. Енді біз комитеттен сотқа жүгініп, пайдалануға беру актісін жоюды талап етеміз. Бірақ бұл жерде мемлекеттік қызметкер мен мердігер емес, осы үйлерді адал сатып алған азаматтар зардап шегеді. Сіз бұл актілерге қол қоя отырып, барлық жайттан хабардар болдыңыз. Демек, сіз бұл құқықбұзушылықты қасақана жасап тұрсыз. Әр мемлекеттік қызметкер сыбайлас жемқорлық туралы заңмен жақсы таныс. Сондықтан менің ойымша сіздің «білмедім» деген сөзіңіз шындыққа жанаспайды, —
деді ол.

Бұдан бөлек, көшпелі кеңесте Успен ауданы білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Нұрғалиеваға қатысты мемлекеттік сатып алулар туралы заңнама талаптарын өрескел бұзу фактісі бойынша «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Облыс прокурорлары бөлім басшысының қабылдау актісіне алдын ала қол қойғанын анықтаған. Сондай-ақ, көрсетілген қызметтердің аяқталмағанына қарамастан толық төлем жүргізгені белгілі болды.

Отырыс барысында Әдеп жөніндегі кеңеспен Жер заңнамасының талап-тарын бұзған Ақтоғай ауданы бойынша жер комиссиясының мүшелері —
Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Е.Машрықов және Н.Жылқыбаевқа қатысты жер учаскелерін заңсыз беру фактісі бойынша «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі жаза қолданылса, экономиканың нақты секторы мен кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы С.Байбосыновқа қатысты «атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Осыған ұқсас жағдай Май ауданы жер комиссиясының мүшелеріне қатысты тәртіптік істе қаралды. Атап айтқанда, Май ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Бақауов, Баскөл және Ақшиман ауылдық округтерінің әкімдері Е.Арғынтаев және Қ.Бақауовқа қатысты жер заңнамасы талаптарының бұзушылықтары бойынша «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза
қолданылды.

Комиссия мүшелерінің кейбірі шендіге «қызметіне толық сай емес» деген ескерту жасауды ұсынғанымен, басым көпшілігі орнынан босатылуы тиіс деген шешімге келді. Сондай-ақ, кеңесте облыстық Әдеп жөніндегі уәкілдің есептері тыңдалып, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама аясында, сондай-ақ, қызметтік әдептің сақталуын бақылауды жүзеге асыру бағытындағы қызметтеріндегі түйткілді мәселелер талқыға салынды. Жиын қорытындысында барлық аталған мәселелер бойынша Әдеп жөніндегі кеңеспен аудандық әкімдер мен мемлекеттік орган басшыларына тиісті ұсыныстар енгізілді.

 

А.МҰҚЫШЕВ.