Облыс әкімдігінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмаларын іске асыру мәселелеріне арналған жиын өтті.

 

Қалалар мен аудан әкімдерінің, басқармалардың қатысуымен барлық 10 бағыт бойынша «Өңірлік іс-қимыл жоспары» талқыланды. Экономикалық блоктың есебін тыңдап, өңір басшысы әкімдердің назарын блоктық бюджетке және бюджетті нақты әкімшілендіруге аударды.

– Нәтиже бермейтін бағдарламаларды қысқарту қажет. Бюджеттік жүйе көбінесе нақты нәтижелерге қол жеткізуден гөрі бюджет қаражатын игеруге бағытталған. «Бюджетті басқарудан» «нәтижелерді басқаруға» көшіңіздер, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.

Сондай-ақ, облыс әкімі салық кодексі бизнес-белсенділікті және кәсіпкерлердің бизнесін ұлғайтуына ынталандыруы тиіс екенін еске салып, ҚҚС түрі және облыстық бюджетке беру жоспарланып отырған басқа да салықтар бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Талқылаудың маңызды бөлігі жеке инвестицияларды тарту, облыстағы нақты жобалар пулын анықтауға арналды. Облыс әкімі өңірлік инвестициялық штабтың жұмысын қайта қарауды тапсырды.

Сонымен қатар, Асайын Байханов агроөнеркәсіптік кешен қайта өңдеуді дамытуға бағдарлануы тиіс және бүгінгі таңда бұл басты міндет екенін атап өтті. Ұлттық жобаларды іске асыру, азаматтарды әлеуметтік қолдау, облыстың суару жүйелерін қалпына келтіру, коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту, көліктік-логистикалық әлеуетті нығайту маңызды бағыттар ретінде айқындалды.

– Прогресс реформалар арқылы келеді. Сіздерден халық игілігі үшін батыл әрі қажетті ұсыныстар күтемін. Перспективалы бағыттарға басымдық берілуі тиіс, – деп талап етті облыс әкімі.

Мемлекеттік органдарға үш күн мерзімде Мемлекет басшысының міндеттерін орындаудың нақты жоспарын дайындау тапсырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.