Кеше аймақ басшысы Асайын Байханов облыс активіне өзінің жаңа орынбасарларын таныстырды.

Павлодар облысы әкімінің өкімімен, ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Серік Батырғожинов облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Серік Батырғожинов 1964 жылы Ертіс ауданында дүниеге келген. 1990 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын «Агрономия», 2004 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Экономика және бизнес магистрі. Әр жылдары Қашыр, Ақтоғай, Ертіс, Тереңкөл, Баянауыл аудандарының әкімі қызметтерін атқарды. 2023 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. Сонымен қатар, кеше облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбек қызметіне кірісті. Дәурен Жамбайбек 1981 жылы туған. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Еңбек жолын ҚР табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің жетекші маманы болып бастаған. Әр жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының көмекшісі, экономика және бюджеттік жоспарлау, өңірлік даму министрліктерінде түрлі лауазымда қызмет атқарды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Ұлттық экономика министрлігінің өңірлік даму департаментінің директоры болып жұмыс істеді. Соңғы тағайындауларға байланысты облыс әкімі орын-басарларының міндеттері мен жетекшілік ететін бағыттары қайта бөлінді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов өңірлік құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, жұмылдыру дайындығы мен азаматтық қорғау, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары, ауыл шаруашылығы, ветеринариялық медицина, дене шынықтыру мен спорт салаларына жетекшілік ететін болады. Облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова білім беру, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына жетекшілік етеді. Дәурен Жамбайбек қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау, жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, мемлекеттік сатып алу, жер қатынастары және цифрлық технологиялар басқарма-ларының қызметіне жауапты болады. Аппарат басшысы Дидар Ибраев ақпарат және қоғамдық даму, дін істері, еңбек басқармаларының жұмысына жетекшілік ететін болады. Асайын Байханов тағайындалған орынбасарларға жаңа қызметте сәттілік және жемісті жұмыс тіледі. Кәсіби тәжірибе мен білімнің өңірдің дамуына бағытталуы тиіс екенін атап өтіп, бірқатар нақты тапсырма берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген —
Есенжол Исабек.