Павлодар қаласының 2024-2026 жылдарға арналған бюджетін бекітуде, әдеттегідей, тұрғындардың қажеттіліктері қаперге алынды. Бюджет жобасы қалалық мәслихаттың 11-ші кезекті сессиясында қаралды.

Қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Қанат Қапуовтың мәлімдеуінше, биыл қазынаға 228,3 млрд теңге түседі деп күтілуде. Бұл кірістің басым бөлігі, нақтысы, 91 пайызы салықтық түсімдерден қалыптасады. 414 млн теңге салықтық емес түсімдер деп болжануда. Негізгі капиталды сатудан түсетін кіріс бюджеттің түсімінің 2,5 пайызын құрамақ. Яғни, 5,7 млрд теңге түседі. 2024 жылғы қазына шығысы 228,3 млрд теңге көлемінде болмақ. Оның ішінде жоғары тұрған бюджеттерден түсетін 15,4 млрд теңге трансферттер ескерілген. Бөлім басшысының айтуынша, қаланың басты қаржылық құжатын қалыптастыру кезінде тұрғындардың қалалық мәслихат депутаттарына, мемлекеттік органдарға білдірген өтініштері, қажеттіліктері ескерілді.  2025 жылғы бюджет көлемі 215 млрд теңге, 2026 жылы 213 млрд теңге шамасында болады деп болжануда. Биыл бюджетаралық қатынас аясында 162 млрд теңге жергілікті бюджет есебінен қарастырылған. Біраз бөлігі облыстық қазынаға алынады. Осы орайда, қай салаға қанша жұмсалатынына тоқталсақ, мемлекеттік органдар аппараттарын қамту үшін 2,9 млрд теңге, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 7 млрд теңге бөлініп отыр. 1 млрд теңгеден астам қаражат мәдени-ойын сауық шараларын өткізуге жұмсалса, бұқаралық спортты дамытуға 1,2 млрд теңге қарастырылған. 32,7 млрд теңге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарын реттеуге 32,7 млрд теңге бөлінбек. Бұл қаражатқа облыс орталығында және қалаға қарасты ауылдарда жарықтандыру, көгалдан-дыру, аулаларды абаттандыру, жолдарды жөндеу, көпқабатты үйлердің қасбеттерін қалыпқа келтіру сынды жұмыстар жүзеге асырылады. Азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік қолдау көрсету де назардан тыс қалмады. Нақтысы, олардың қоғамдық көліктерде жеңілдікпен тегін жүруіне 1,7 млрд теңге қарастырылған. Одан бөлек, кейбір әлеуметтік маңызы бар қоғамдық көліктердің бағытын субсидиялауға 3,7 млрд теңге жұмсалмақ.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.