Ақсу қаласына қарасты ауылдық аймақтар мен шаһардың өзінде бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысы қолға алынып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алайда мердігерлердің сылбырлығы мен жергілікті билік тарапынан бақылаудың жоқтығы байқалады. Соның салдарынан маңызды нысандардағы ауқымды іс уақытылы аяқталмауы мүмкін.

 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нұржан Әшімбетов пен Жарқынбек Амантай бастаған мониторингтік топ облыстың аудандарын аралап, жұртшылықпен жүздесіп, бұқараның базынасын біліп қайтты. Бұл жолы Ақсу қаласы мен оған қарасты елді мекендерге жол түсті. Мәжіліс өкілдері алдымен Пограничник ауылына ат басын бұрды. Мұнда мемлекеттік қазынаның қаражатына атқарылып жатқан жұмыстардың барысын байқап, бірқатар сын-ескертпе айтты. Мәселен, ауылда орталықтанды- рылған су құбыры тартылғанымен тұрғындар республикалық жолдың бойымен көрші елді мекенге барып, таза суды тасымалдауға мәжбүр. Сапалы суды сондағы кешенді блок-модульден алады. Жергілікті әкімдік өкілдерінің сөзінше, Пограничниктің өзінде жаңа ұңғыма қазуға қаржы қарастырылды. Бұл мәселе депутаттардың ерекше бақылауында болмақ. Аталмыш ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт пен дене шынық-тыру–сауықтыру кешені де салынып жатыр. Алайда қазірден-ақ бұл нысандар проблемалық болатынға ұқсайды. Себебі, мердігерлер белгіленген кестеден кешігіп жатыр. Мердігерлер болса, 5 қыркүйекке дейін тиісті жұмыстың барлығын аяқтауға уәде берді. Сондай-ақ, депутаттар шағын ғана ғимараттың құрылысына бюджеттің 149 млн теңге бөлінуін көп деп есептейтінін бүгіп қалмады.

— Фельдшерлік-акушерлік пункттің аумағы толығымен қоршалып, абаттандырылуы керек. Бірақ бұл жұмыстар жобада қарастырылмапты. Сондықтан қазіргі кезеңде оны қайта қарау керек деп есептейміз. Жобада бұл іс қамтылмаса да, бағасы қымбат болып тұрғаны тағы бар. Дәл осындай пункттер бұдан аз сомаға да салынып жүргенін жақсы білеміз, — деді Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай. Ал Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетовтің дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысына көңілі толмады. Ол мердігердің ісін сынға алды.

— Мұндағы жұмыстар бір ай бұрын басталғанымен, іргетасын қалау енді аяқталып жатыр. Мердігер — «ГрадСтрой» компаниясы облыс аумағындағы басқа да көптеген әлеуметтік нысанның құрылысы мен жөндеуіне қатысты мемлекеттік конкурстарды ұтып алып, жеңімпаз атанды. Кейбір мемлекеттік мекемелер мердігер өз ісіне немқұрайлы қараған соң соттасып та жатыр. Компания өкілдері осы дене шынықтыру – сауық-тыру кешенінің құрылысында да жоқ. Жұмыстың барлығын қосымша мердігерлерге тапсыра салған, — деді Н.Әшімбетов. Депутаттар ауыл ішіндегі жолдардың сапасына да назар аударды. Оның жөндеуіне бюджеттен қомақты сома қарастырылғанымен, жолға қиыршық тас қана төселген. Әкімдік қызметкерлері тиісті жұмыстардың 15 шілдеде басталатынына сендірді. Нұржан Әшімбетов пен Жарқынбек Амантай жергілікті жұртшылықтың өтініші бойынша мектепке де бар. Оқу орнының ғимараты 2007 жылы салынғанымен, асханасы мен фойесі тозған. Соның салдарынан кәріз жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Қазір мектепте су жоқ, дәретханалар жабық. Оларды жөндеуге қаражат әлі күнге дейін қарастырылған жоқ. Егер мәселе уақытылы шешімін таппаса, оқушылар жаңа оқу жылын қолайсыз жағдайда бастауы мүмкін. Мониторингтік топ Ақсу қала-сында күрделі жөндеуден өтіп жатқан №7 мектепке де барды. Мектеп директоры Нұрикамал Жедоуованың сөзінше, 1 қыркүйекте балалар жаңарған мектепке келеді. Алайда мәжілісмендер мердігер ұйым жұмысты 29 шілдеге дейін аяқтайтынына күмән білдірді. Әлеуметтік нысандарды аралау кезінде тек іргетасы қаланған мұз сарайы да шет қалған жоқ. Нұржан Кемерұлының сөзінше, құрылыс жұмыстары 2021 жылы Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы аясында басталған.

— Қаржы бөлініп, мердігер компания анық-талған болатын. Бірақ жергілікті органдар бұл нысан аса маңызды емес деп пайымдап, құрылыс тоқтап қалды. Енді бұл нысанды жеке бақылауыма аламын, — деді депутат. Мәжіліс депутаттары сапар соңында «AMANAT» партиясының қалалық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Тұрғындардың басым бөлігі шабындық пен жайылымдық жерлердің аздығына шағым білдірді. Парламент өкілдері мәселелерді назарға алатын болды.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.