Әр адам  ісімен, әрекетімен көрікті дейміз. Демек, кез келген адам жайлы сөз еткенде, ең әуелі, оның атқарған ісі, жеткен жетістігі, айналасына көрсеткен үлгісіне үңілу –
заңдылық. Ал белгілі бір саланы меңгеріп, міндетін мінсіз атқарып, сол арқылы елдің құрметіне бөлену – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ.

Мұндай баққа ие, көпшіліктің көңілінен шығып жүрген азаматтар арамызда аз емес. Сондай жанның бірі – Ақтоғай ауданы Қараоба ауылдық округінің әкімі, ауылымыздың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген Шолпан Мүритқызы Байдильдина. Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған ол білім саласында да жетістіктерге жете білді. Бұл еңбегі еленіп, облыстық, республикалық деңгейде өзіндік бағасын алды. Құрмет грамоталары, «Ең үздік мектеп директоры» атағы және «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталуы – сөзімізге дәлел.

2012 жылдан бастап мемлекеттік қызметке ауысып, Ақтоғай ауданы Қараоба ауылының әкімі қызметін атқаруда. Отаншылдық рухта, халқына адал, мемлекетке қалтқысыз қызмет ету – бұл Шолпан Мүритқызының өмірлік ұстанымы.

Халқымыз «Атаңның баласы емес, адамның баласы бол, халқыңа қалаулы, еліңе елеулі азамат бол!» деген өте мағыналы тілек-бата беріп жатады. Кез келген мемлекеттік қызметшінің сыншысы, айнасы – халық. Біздің әкім елдің мүддесін бірінші орынға қойып, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алатын, Қазақстанның мемлекеттілігін дамытуға, елдің экономикалық дамуын және халықтың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етуге атсалысып жүр.

Осындай жауапкершілігі мол қызметті абыроймен алып жүрген Шолпан Мүритқызы адам өмірінің ең бір асыл кезі, асқар белі – 60 жасқа келіп отыр. Олай болса, алпыстың асуынан асып, жетпіске аяқ басқан шағында да көзінен от кетпесін, жүрегінен жылу кетпесін дейміз. Елге етер еңбегі, келер ұрпаққа берер тәлімі алдағы уақытта жалғасын табады деп сенім білдіреміз.

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» демей ме хакім Абай. Кім қай салада қызмет қылсын, сүйінер қылығы, үлгі алар өмір жолы болса, адам өмірінің мәні де сонда екені сөзсіз. Біздің әкім Шолпан Мүритқызының өмірі мен қызметі осындай үлгіге лайық.

 

Қараоба ауылдық округі азаматтарының атынан ауылдық қауымдастық мүшелері.