Аймағымызда «AMANAT» партиясының әйелдер қанаты құрылды. Бұл еліміз бойынша алғашқы жоба болып отыр. Алдағы уақытта бұл жоба барлық өңірлерде жүзеге аспақ. Облысымызға арнайы келген «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова өңірдің әйелдер партактивімен кездесті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко, партияның өңірлік филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мәлікова қатысты.  Мұнда қоғамда әйелдің мәртебесі мен құқықтарын нығайтуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.Сонымен қатар, партияның әйелдер қанаты жұмысының негізгі бағыттары айқындалды. Шолпан Каринова Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер құқықтарын қорғауға және олардың еліміздің дамуындағы рөлін арттыруға ерекше мән беретінін атап өтті.

– «AMANAT» партиясы әйелдер қанаты жұмысының он басым бағыттарын ұсынып отыр. Олардың қатарында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, өндірістегі еңбекті қорғау, ауылдағы бизнес, отбасы денсаулығы мен құндылықтары, экономикалық құқықтар, ғылымдағы әйелдің рөлі бағыттары бар. Әрбір бағыт бойынша сараптамалық топтар жұмыс істейді, олар мәселелерді шешуге қатысты көзқарастарын ұсынады, — дейді Ш.Каринова. Облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова бүгінде өңір тұрғындарының 52 пайызын нәзік жандар құрайтынын атап өтті. Олардың көбі еңбекқор, белсенді, деді. Ол әйелдер еліміздің саяси өміріне белсенді қатысуы және барлық салада ерлермен қатар теңдей мүмкіндікке ие болуы керек деген ойын білдірді. «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Илья Теренченко да партияны дамыту, нығайту жолында әйелдердің рөлі мен үлесі жоғары екенін атап өтті. Әсіресе, павлодарлық нәзік жандар мықты басшы әрі белсенді адам ретінде көпке белгілі екенін тілге тиек етті. Кездесуде «AMANAT» партиясының облыстағы жаңа қанатының әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі кеңесшісі сайланды. Бұл жауапты қызметті облыстық мәслихат депутаты, білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің төрағасы, дәрігер, партияның белсенді мүшесі Света Сағындыққызы Абдраманова атқармақ. Ол артқан сенімге алғысын білдірді және әйелдердің, жалпы қоғамның игілігіне күш салуға әзір екенін айтты.

— Мен үшін бүгінгі кездесудің орны бөлек. Менің партия қатарында жүргеніме 10 жылдан асты. Білім және денсаулық мәселелері жөніндегі өңірлік кеңес құзырлы министрліктермен және органдармен тығыз байланыста. Біздің жасаған ұсыныстарымыздың жерде қалмайтыны қуантады. Дәрігер ретінде халықтың денсаулығына қамқорлық танытамын. Ал әйел ретінде анамын, үйдің берекесімін. Бүгінгі берілген лауазым партияластарым мен облыстың әйелдер қауымы алдындағы үлкен жауап-кершілік деп білемін, — деді кеңесші атанған Света Сағындыққызы. Кездесуде әйелдер қанатының жұмысына қатысты ұсыныстар да айтылды. Мәселен, облыстың кәсіподақтар федерациясының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Д.Айтжанова өндірістік жарақаттың алдын алуға маңыз беруді атады. Еңбек жағдайын жақсарту, кәсіби өсуге жол ашу, қосымша әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізу мақсатында әйелдер кеңестерін құруды ұсынды.

Гүлжайн а ТҮГЕЛБАЙ.