5 қарашада ел азаматтары үш қала мен 42 ауданның әкімдерін алғаш рет тікелей сайлайды. Осы орайда біздің өңірдегі Ақтоғай, Железин және Шарбақты аудандарының басшыларын сайлаушылар тікелей таңдайтын болады.

Биыл аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауы алғаш рет пилоттық режимде өтеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында айтқан болатын. Заңнамаға сәйкес, пилоттық өңірлердің тізбесін және аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауды өткізу күнін белгілеу өкілеттіктері мәслихаттарға бекітілген. Соның негізінде 17 облыстың мәслихаттары пилоттық режимде сайлау өткізу үшін 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың тізбесін бекітті. Оның ішінде біздің облыстағы үш аудан бар. Сонымен қатар, мәслихаттар сайлау өткізу күнін белгіледі. Мәслихаттар қабылдаған шешімдер негізінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау қараша айының бірінші жексенбісінде, яғни 5 қарашада өтетін болды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтуынша, сайлауды жариялау, дайындау мен ұйымдастыру, қорытындысын шығару бойынша айрықша құзірет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларына тиесілі. Ал кандидаттарды ұсыну сайлау күні тағайындалғаннан кейінгі күннен басталып, дауыс беру күніне 30 күн қалғанда аяқталады. Бұл ретте саяси партиялар да, үміткерлердің өздері де кандидатураларын ұсынуға мүмкіндігі бар. Өзін-өзі ұсынған азамат сайлау округінде тіркелген сайлаушылардың жалпы санының 1 пайыз қолдауын жинауы қажет. Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың әкімінің лауазымына ҚР 25 жасқа толған, мемлекеттік қызмет туралы заңның талаптарына сай келетін азаматтар кандидат бола алады. Олар ҚР азаматының жеке басын куәландыратын, еңбек қызметін растайтын, білімі туралы құжаттардың көшірмелерін, кандидатының қызмет тізімін ұсынуы тиіс.  Ал сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға қатысу құқығы жоқ. Кандидаттарды тіркеу кезеңі 25 күнге созылады. Тіркеу қажетті барлық құжаттар ұсынылған соң басталады және сайлау өтетін күнге 25 күн қалғанда аяқталады.

— Кандидаттар тіркелгеннен кейін аумақтық сайлау комиссиясы БАҚ-та кандидатты тіркеу туралы шешімін жариялауға міндетті. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары тіркеу аяқталған соң бірден басталып, 24 күнге созылады. Әдеттегідей дауыс беру үшін жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі 07:00-ден 20:00-де дейін уақыт белгіленген. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтарға қолайлы болуы үшін басқа уақыт белгіленуі мүмкін. Бірақ ол 6:00-ден ерте, 22:00-ден кеш болмауы керек. Дауыстарды санау 12 сағаттан аспауы қажет. Бәсекелесінен көп дауыс жинаған кандидат сайланды деп саналады, — деп түсіндірді ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауға 2,2 млрд теңге бөлінгенін айтты. Бұл сома алдағы уақытта өзгеруі де мүмкін. Себебі кейбір өңірлердің аумақтық сайлау комиссиясы мәслихаттан қосымша қаражат сұрап отыр.

— Бұл науқанға республикалық бюджеттен қаражат бөлінбейді. «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 33-бабына сәйкес, қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді. Бүгінгі таңда өңірлердің мәслихаттарының шешімдерімен 2,2 млрд теңге қарастырылып отыр, — деді Сәбила Мұстафина.

Өз тілшіміз.