Елордада Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа дайындық аяқталуға жақын. Елордадағы бас алаңда 7 мамыр күні Жеңістің 80 жылдығына арналған парад өтеді. Іс-шараға 4 мыңнан астам әскери қызметкер, Ұлы Отан соғысы кезіндегі үлгілерді қоса алғанда, 300-ден аса әскери техника және 60 әуе көлігі қатысады.Бұл туралы осы аптаның басында ҚР Қорғаныс министрлігі хабарлады.
Бүгінде Астанада әскери парадқа дайындық жүріп жатыр. Индустриалды қалашықта қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов бөлімшелер мен техникалық экипаждардың дайындығын тексеріп, жүргізушілердің шеберлігі мен қажетті маневрлерді орындай білуін бағалады.
«Жеке құрам салтанатты шеруге дайын. Күніне кемінде төрт сағаттық жаттығулар өтеді. Күнделікті жаттығулар — парадтық есептоптардың үйлесімділігі мен салтанатты шеруге қатысуға әзірліктің жоғары деңгейін қамтамасыз ете алды. Біздің мақсатымыз – Қазақстан халқына әскеріміздің қауқары мен күш-қуатын көрсету», – деді құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары Тілек Серікбаев.
Әскери шеру 7 мамыр, Отан қорғаушылар күнінде «Қазақ елі» монументінің жанындағы Тәуелсіздік алаңында өтеді. Оған 4000-нан астам әскери қызметші, 200-дің үстінде қару-жарақ пен әскери техника тартылған. Шерудің әуе бөлігіне майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиацияның 66 ұшу аппараты қатысады. 3 және 5 мамыр күндері жаяу есептоптардың, әскери техника мен авиацияның қатысуымен басты жаттығуларды өткізу жоспарланған.
Белгілі болғандай, жуырда Әскери-әуе күштерінің армиялық авиациясы Астана қаласына келіп жетті. «Ми-17», «Ми-35» және «Ми-171Ш» тікұшақтары Астана қаласындағы №19132 әскери бөліміне жеткізілді. Бұл әуе кемелері Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа қатысады. Армиялық авиация экипажын Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Руслан Қоңыров бастаған әскерилер дәстүрге сай ұлттық нақышта – қымыз және бауырсақпен қарсы алды.
Бұл шара алдағы тарихи парадқа дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі болып саналады. Айта кету керек, әскери парадқа майдандық, армиялық және әскери-көлік авиациясының 60-тан аса ұшу кемесі қатысады.
7 мамыр – Отан қорғаушы күнінде 200-ден астам әскери қызметші әйел «Қазақ елі» монументінің жанындағы Тәуелсіздік алаңында салтанатты сап түзейді. Олардың қатарында көп балалы аналар, әскери әулеттердің өкілдері, орден иегерлері, дәрігерлер, спортшылар, десантшылар, теңізшілер, танкистер, мергендер және ауыр техника жүргізушілері де бар. Шеруге қатысушылар 18 әскери гарнизонда мұқият іріктеуден өткен.
Айтып өтелік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ҚР Қарулы күштерінің әскери парадын өткізу туралы тапсырма берген болатын. Содан бері бұл шараға дайындық қызу жүргізілуде. Қасым-Жомарт Кемелұлы күні кеше ғана Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде биылғы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай әскери парад өткізудің маңыздылығына тағы тоқталды.
«Ұлы Отан соғысы кезеңінде Қазақстанның майдангерлері мен тыл еңбеккерлері – барша халқымыз Отан үшін отқа түсті. Ұлы Жеңістің тағылымы барша халыққа, әсіресе, саясаткерлерге ксенофобияға, нәсілдік және ұлттық үстемдікке, халықаралық құқық қағидаттарын құрметтемеуге құрылған жауапкершіліктен жұрдай саясат жүргізудің салдары қандай қасіретке әкелетінін әлі күнге дейін көрсетіп отыр. Бірер күн бұрын менің тапсырмаммен Респуб-
ликалық ономастикалық комиссия елді мекендердегі 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы шешім қабылдады. Ең алдымен, жаңа және атауы қайталанатын көшелерге басымдық беріледі. Бұл шешім – Ұлы Жеңісті, оған қатысушыларды қаншалықты қадір тұтатынымызды көрсететін маңызды қадам.
Ұлы Жеңіс туралы ұмытпау дегеніміз, бұл – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда сақтау, олардың жанқиярлық еңбегі мен ерлігін, парызға адал және антқа берік болғанын ұмытпау деген сөз. Біз сол сұрапыл соғыс кезінде теңдессіз батырлық пен батылдық көрсеткен отандастарымызды әрдайым орасан зор құрметпен есте сақтаймыз.
Мен Жеңістің 80 жылдығына дайындық туралы осыдан бір жарым жыл бұрын алдын ала айттым. Соған сәйкес біз «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» жоспарын арнайы қабылдап, жүзеге асыра бастадық. Осы ауқымды жұмыстың аясында екі мыңнан астам мәдени, ғылыми-зерттеу, ағарту және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Ең бастысы, әрине, мемлекет пен қоғамның ерекше қорғауында болатын құрметті ардагерлерімізге айрықша көңіл бөлеміз. Ұлы Жеңістің мерейлі датасын атап өтуге арналған іс-шаралар легі ауқымды әскери шеруге ұласады. Түптеп келгенде, бұл әскери шерудің мән-маңызы зор болмақ. Себебі мұны бір жағынан майдангерлер мен тыңгерлерге тағзым десек, екінші жағынан қазіргі күрделі геосаяси ахуалда ұлттық рухымыздың мықтылығын көрсететін символ деуге болады» деді Мемлекет басшысы.
Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.