«Өзімді қазақпын деп есептеймін»

Мам 2, 2025

Қазақ тілін өзге ұлт өкілдерінің де меңгеріп, салт-дәстүрін берік ұстануы – еліміздегі достық пен бірліктің нақты көрінісі. Олар қазақ тілін үйреніп қана қоймай, оны кәсіби қызметте, өнерде, ғылымда еркін қолданып жүр. Мәселен, сондай жандардың бірі – Екібастұз қаласындағы №35 гимназияның қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Виктория Қожамбердиева. Ол өзі ғана емес, ата-анасы да қазақы ауылда, қазақтың ортасында туып-өскендіктен, ұлты орыс болса да өзін «Қазақпын» деп санайды.

Виктория Қожамбердиева қасиетті Баянауыл ауданының Алексеевка (қазіргі Құндыкөл) ауылында туып-өскен. Негізі, ата-әжесі 1950-нші жылдары Украина елінен Қазақстандағы тың жерлерді игеру үшін отбасымен қоныс аударған. Сөйтіп, сол уақыттан бері осы жерде тұрақтап, қаймағы бұзылмаған қазақ халқының арасында өмір сүрген. Бұл жерде немерелері, оның ішінде Виктория да дүниеге келген.

— Қазақ тілін жоспарлы түрде өсе келе меңгердім деп айта алмаймын. Себебі, бұл тіл бойыма ана сүтімен дарыды. Ортамыз қазақи әрі мұсылман дінін қабылдағандықтан отбасымыздың барлық мүшесі таза қазақша сөйлейтін. Ал мемлекеттік тілді бала кезден білу – зор байлық әрі мақтаныш! Бұл сенің тілді еркін қолданатыныңды және қазақ халқының мәдениеті мен дүние-танымына терең бойлағаныңды көрсетеді, — дейді кейіпкеріміз.

Викторияның сөзінше, мемлекеттік тілді білу өзге ұлт өкілдері үшін көптеген маңызды артықшылықтар мен мүмкіндіктерді ашады.

— Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруі еліміздің мәдениеті мен қоғамдық өмірінде белсенді қатысуға әрі тұлғалық даму үшін көптеген жолды ашуға мүмкіндік береді. Оған қоса, жұмысымның да осы салаға қатысы бар. 1991 жылы отбасымызбен Баянауылдан Екібастұз қаласына көшіп келдік. Сөйтіп, осы шаһардың С.Торайғыров атындағы №22 қазақ гимназия мектебіне қабылданып, осы мектепті тәмамдадым. Мені оқушы кезімде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндері қатты қызықтыратын. Әсіресе, шығарма, эссе жазуды ұнататынмын. Сондай-ақ, осы мектепте музыка пәнінен сабақ берген Мәдина Боранқызы, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлбаршын Сейітовалардың арқасында қазақ тіліне, қазақ музыкасына деген сүйіспеншілігім артты. Содан болар, 5-сыныпта білім алып жүргенімде қолыма қазақтың ұлттық аспаптарының бірі домбыраны алдым. Бүгінде 25 жылдан бері Екібастұз өңірінде қазақ тілі саласында еңбек етіп келемін. Оның 20 жылын журналистика саласына арнадым. Алайда өзімді басқа салада сынап көргім келіп, білім саласына ауыстым. Қазіргі уақытта осы шаһардағы №35 гимназиясында қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарамын. Сонымен қатар, домбыраны меңгергім келеді деген оқушылар үшін домбыра кабинетін ашып, балаларға үйретіп жүрмін, — дейді ол.

Викторияның жолдасы Омбының қазағы. Қазіргі уақытта екеуі бір қыз бен бір ұл тәрбиелеп отыр. Олар жанұясымен қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын берік ұстанады. Үйіне қонақ келсе, ет асып, дастарханына ұлттық тағамдарды қояды. Ұлттық әрі діни мерекелерді ел қатарлы отбасымен атап өтеді.

—  Қазақ жерінде өмір сүрген-діктен әрі мұсылман болғандықтан қазақ халқының барлық салт-дәстүрін толықтай ұстанамыз. Әр мерекеде талапқа сай ұлттық тағамдарды әзірлеймін. Оның ішінде ет те, Наурыз көже де, бауырсақ та бар. Мен өзімді өзге ұлт өкілі ретінде есептемеймін. Сырт келбетім орыс болғанмен, жаным – қазақ. Бұл тіл маған ана сүтімен дарығандықтан тек қазақша ойлаймын. Сондықтан өзімді қазақпын деп есептеймін. Қазіргі уақытта балаларым да қазақ тілінде білім алуда, — деп атап өтті Виктория.

Оның ойынша, қазақ тілін меңгеру үшін алдымен намыс керек. Кейін ортаң да соған лайықты болуы керек деп есептейді.

— Мен үшін ана тілім – қазақ тілі. Қазіргі таңда орыс тілі – екінші тілім. Көбінесе қазақша ойлаймын. Тіпті, ойымның 90 пайызы қазақша. Сөйтіп, күнделікті өмірде қазақ тілін ғана қолданамын. Соңғы кездері менің байқағаным, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне қызығушылығы артып келеді. Ал осы тілді меңгергісі келетін адамдарға айтарым, алдымен намыс керек. Яғни, «Мен қазақпын» деген сөз әр қазақстандықтың бойын кернеуі тиіс. Кейін қазақи орта керек. Егер осы екеуі болса, қазақ тілін толықтай меңгеруге болады, — деп сөзін түйіндеді кейіпкеріміз.

Айдана БОРАНБАЕВА.