Мемлекеттік қызметте бағын сынап көргісі келген әрбір жас азамат өңірлік кадрлық резервіне өтуге талпына алады. Алдағы наурыз айының 1-інен бастап құжат қабылдау басталмақ.

Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Ержан Қарымсақов Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте мәлім етті. Айтуынша, мұндай резерв құру арқылы жас басқарушылардың өңірлік пулын қалыптастырып, өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту көзделіп отыр. Сан сатылы сыннан өткен 10 адам сайланатын лауазымдарды қоспағанда жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады.

Резервке қатысатындарға қойылатын талаптар әзірленген. Өңіріміздің кадр резервіне 10 адамға дейін қабылдау жоспарланып отыр. Олардың жасы 35-тен аспауы тиіс. Жоғары білімді әрі еңбек өтілі 3 жылдан кем болмауы қажет. Еңбек өтіліне келетін болсақ, үміткерлер кез келген салада кемі 3 жыл жұмыс істеуі қажет. Яғни, міндетті түрде мемлекеттік қызметте еңбек еткені талап етілмейді. Қазақстанның азаматы болуы шарт.

1-31 наурыз аралығында құжаттар қабылданады. Үміткерлер құжаттарын жобаның арнайы onir.pkrezerv.gov.kz сайтында тапсырады. Өтініш түскеннен кейін департамент бес жұмыс күні ішінде кандидаттың келесі кезеңге өтетіні немесе өтпейтіні туралы шешім шығарады. Құжаттарын тапсырғаннан кейін үміткер өңірді және салалық бағытын таңдайды. Айта кету керек, аймақтарда алғаш рет түзілетін резервке 7 бағыт айқындалыпты. Олар – индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, әлеуметтік сала, экология, цифрландыру. Үміткер бір ғана өңірді және салалық бағытты таңдайды. Содан кейін тестілеу күні мен уақытын таңдау мүмкіндігі ұсынылады.

Ержан Нағызханұлының айтуынша, екінші кезеңнің бірінші блогында үміткерлердің заңнаманы қаншалықты білетіні сарапқа салынады. Кандидаттардың ішінен ең жоғарғы балл алғандардың 50 пайызы екінші блогына өтеді. Бірақ, олардың саны 80 адамнан аспайды. Екінші блогта үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеу ұйымдастырылады. Ал үшінші кезеңде Астана қаласында Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта кандидаттардың құзыреттері бағаланады. Төртінші кезеңде жастар өзі таңдаған салалық бағытқа сәйкес жобасын таныстырады. 5 слайдтан тұратын таныстырылымы арқылы үміткердің қаншалықты сараптай алатыны, білімінің тереңдігі, қарым-қатынас дағдылары таразыланады. Осы сатылардан сүрінбеген, қарсыластарынан озық көрінгендер резервке алынады. Естеріңізге сала кетейік, іріктеуге 150 адам қатысса да, өңірлік резервтегі орын саны – 10. Бұл 10 жас азамат екі жыл бойы өңірлік резервте болады. Осы аралықта жұмыс орындары ұсынылады.

Айта кетейік, қазіргі таңда аймағымызда мемлекеттік қызметте 211 орын бос тұр. Бүгінде өңірімізде облыстық деңгейдегі мемлекеттік қызмет-шілердің орташа жалақысы 200-240 мың теңге шамасында болса, ауылдық деңгейде – 160-180 мың теңге көлемінде. Ал облыстық деңгейдегі басшылық қызметтегілердің жалақысы 600 мың теңгеге дейін жетеді. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Наталья Нефедова кез келген салада еселі еңбек етіп жүрген, әлеуеті жоғары жастарға кадрлық резерв мол мүмкіндік беретінін атап өтті. Осы ретте, өңірлік кадрлық резерв заманға сай ойы ұшқыр, адамдармен тіл табыса алатын, идеяға толы жастарға болашақта басшылық қызметтер атқаруға баспалдақ болады, деді.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.