KRASKBB

Өңірде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы шеңберінде елді мекендерде ауқымды іс атқарылмақ. Биыл бірқатар ауылда дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер ашылады деп жоспарлануда.

 

Осы аптада облыс әкімі Асайын Байханов мердігер ұйымдардың басшыларымен бірге «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысын талқылады.

Ұлттық жоба аясында облыстың 30 елді мекенінде 2 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік, 23 медициналық пункт салынады. Олардың құрылысын аяқтап, пайдалануға беру осы жылға жоспарланған. Бұл құрылыс нысандарының құны 5,3 млрд теңгені құрайды.

Жиналыс барысында Асайын Байханов облыстың қалалары мен аудандарының әкімдерімен, жауапты мемлекеттік органдар және мердігер ұйымдардың басшыларымен барлық ықтимал тәуекелдерді қарастырды. Яғни, құрылысқа дайындық, материалдарды сатып алу, техника мен жұмыс күшінің болуы сынды маңызды мәселелерді талқылады.

Өңір басшысы жұмыс кестесінен кеш қалған жағдайда мемлекеттік органдар ұйымдарды жосықсыз қатысушы деп тануға дайын екенін жеткізді. Облыс әкімі медициналық кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды. Сондай-ақ, мердігер ұйымдардың басшыларына ұлттық жоба ҚР Президенті мен Үкіметтің ерекше бақылауында екенін еске салды.

– Жұмысқа деген адал көзқарас, жұмыстың сапасы, нысанды келісілген уақытында пайдалануға беру ең бірінші кезектегі мәселе болуы тиіс. Сонымен қатар, әрбір нысан бойынша жұмыстарды жандандыру қажет, оларды жабдықтауды және қызметкерлермен қамтамасыз етуді бақылау маңызды, – деді Асайын Байханов.

Міндетті шарттардың бірі  ашықтық және құрылыс барысын толық бақылау болып табылады. Жұмыстардың барысына мониторингті Үкімет аппараты мен бейінді министрліктер «Битрикс» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізетін болады. Сондай-ақ, өңір басшысы мердігерлермен бейнебақылау камераларын орнату және оларды облыс әкімдігінің жобалық кеңсесіне қосу мәселесін пысықтауды тапсырды.

Аудан әкімдеріне жаңа денсаулық сақтау нысандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды уақытылы жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.