Усолка шағын ауданындағы тұрғындар бұрынғы Павлодар қалалық №4 емханадан медициналық көмек алады. Бүгінде емдеу мекемесі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қызмет етіп, атауын «Viamedis Pavlodar» деп өзгерткен. Сәйкесінше, медициналық орталықта қызмет көрсету сапасы да жақсара түскен. Мұнда тіркеуде тұрған емделушілер үшін бағалы құрылғылар сатып алынып, заманауи бөлімшелер ашылуда. Емдеу мекемесінде атқарылып жатқан ауқымды іс туралы білу үшін «Viamedis Pavlodar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің медициналық директоры Дина Ниязовамен кездескен болатынбыз.

— Дина Сұңғатқызы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қызмет етуге көшкен бұрынғы Павлодар қалалық №4 емхананың қазіргі тыныс-тіршілігі қандай?

— 2022 жылдың желтоқсан айында «Viamedis Pavlodar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Павлодар қалалық №4 емханамен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында келісімшарт жасады. Усолка шағын ауданында орналасқан емдеу мекемесі жекеменшік басқаруға өтті. Сол уақыттан бестап емхана атауы «Viamedis Pavlodar» ЖШС болып өзгерді.

Жалпы, «Viamedis» емдеу мекемесі Павлодар облыстық денсаулық сақтау саласында 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Еліміз бойынша Көкшетау, Степногорск қалаларында филиалдары бар. Бүгінде Астана қаласына қарасты Қосшы қаласында үлкен жоба қолға алынуда. Оның аясында заманауи стационар, перзентхана, емхана салынатын болады. Сонымен қатар, Түркістан облысы мен Семей қаласында да ауқымды жобалар іске асырылуда.

Павлодар қалалық №4 емхана 2023 жылдың қаңтар айынан бастап «Viamedis Pavlodar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып өз жұмысын бастады. Ең бірінші кезекте емдеу мекемесінде реформаны талап ететін мәселелер назарға алынды. Бұл ретте құрылыс жұмыстары нәтижесінде ересектер мен балалар корпустары арасында сыртқа шықпай қатынауға мүмкіндік берілді. Бұған дейін екі корпус жеке орналасқан болатын. Емделушілер мен дәрігерлер салқын күндері екі корпус арасында жылы киім кимей шыға салатын. Сондықтан медицина мамандары мен емхана тіркеуінде тұрған ересектер мен балалар үшін қос корпусты арнайы бөлім арқылы біріктірдік. Аталған жаңа орында сәулелік диагностика бөлімшесі ашылды. Яғни, емханадағы зерттеу диагностикалары жеке блокта жүргізіледі. Жаңа бөлімшеге 2 бағалы құрылғы сатып алынды. Емделушілер компьютерлік томография мен магниттік-резонансты томографиялардан өте алады. Сонымен қатар, жаңа флюорограф және рентген құрылғысы да іске қосылды. Мұндай жаңашылдықтың бәрі емделушілердің денсаулығын жақсарту мақтында жүргізілгенін атап өткім келеді.

— Бағалы құрылғылар емдеу мекемесіне алғаш рет алынып отыр ғой?

— Иә. Бұған дейін мұндай құрылғылар бұл емханада болмаған. Өзіңіз білесіз, қазіргі уақытта МРТ, КТ аппараттары барлық емдеу мекемесінде жоқ. Емделушілер дәрігер жолдамасы арқылы осы құрылғылар бар медициналық орталықтарға жүгінеді. Тіпті, МРТ немесе КТ зерттеуінің нәтижесінсіз стационарға жолдама ала алмайтын жағдайлар болады. Ал біздің емдеу мекемесінде есепте тұрған жандар аталмыш зерттеуді уақытылы алады. Дәрігер қабылдауынан шыққан емделуші бар-жоғы 2-3 күннің ішінде кезек бойынша бағалы құрылғылардан өтеді. Күн сайын осындай зерттеулерге 25 адам келеді. Бұдан бөлек, облыстық денсаулық сақтау басқармасымен жасалған келісімшарт аясында онко бағдарламаға қатысамыз. Яғни, өзге емдеу мекемелерінің емделушілері жолдама арқылы біздің клиникадан тексеруден өтеді. Аудан-қаладағы науқастар жоспарлы және шұғыл негізде МРТ, КТ құрылғылары арқылы денсаулықтарын тексертеді.

— Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қызмет көрсеткеннен кейін тегін көмекпен қатар қабылдаулар ақылы негізде де жүргізілетінін білеміз. Емделушілер көп жағдайда тегін көмекті таңдай ма?

— Емдеу мекемесі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін және ақылы негізде жұмыс істейді. Бірақ ем-шараның басым көпшілігі сақтандыру жүйесі негізінде тегін жүргізіледі. Сенбі күндері сәулелік диагностика бөлімшесінде ақылы негізде тіркеу жүргізіледі. Бірақ мұндай адамдардың саны аз. Науқастардың басым көпшілігі жолдама аясында тегін қызмет алады.

— Медициналық орталықта жүкті әйелдердің жағдайына ерекше көңіл бөлініп жатқанын естіген едік. Болашақ аналардың жағдайына тоқталып өтсеңіз.

— Иә, мұның бәрі мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жемісі дер едім. Биыл желтоқсан айында әйелдер бөлімшесі жаңадан ашылды. Бұл бөлімше екі блокқа бөлінген. Оның бірі жүктілікті жүргізу бөлімі болса, екіншісі — гинекология орталығы. Яғни, емдеу мекемесінде тіркеуде тұрған қыз-келіншектер екі орталықтың қызметін алады. Жүкті әйелдер үшін ультрадыбыстық зерттеу құрылғысы, сәбидің жүрек қағысын естуге мүмкіндік беретін кардиотокография құрылғысы жұмыс істейді. Мұның көмегімен дәрігерлер акушерлік скринингті өткізіп, ана мен бала денсаулығын толық бақылай алады. Сонымен қатар, акушерлер де жеке қабылдау өткізеді. Бүгінде бір акушерге 100 жүкті әйелден келеді. Біздің акушерлер арнайы білімді меңгерген. Бұл ретте аталған орта буын қызметкерлері Viamedis академиясынан оқудан өтетінін атап өткен жөн. Мұндай оқудан өткендер үшін еңбекақыға қосымша ақша төленеді. Мұның өзі қызметкерлердің жұмысқа деген құлшынысын арттыратыны анық. Акушерлер жүктілігі қалыпты деңгейде өтіп жатқан әйелдерді қабылдайды. Ал акушер-дәрігерлер жүктілік кезеңі ауыр өтіп жатқан, денсаулығында бала мен ана өміріне қауіп төндіретін сырқаты бар, созылмалы ауруларға шалдыққан әйелдерді қарайды. Бірақ кез келген түсініспеушілік сұрақ туындаған жағдайда акушерлер дәрігермен сол орында ақылдасып, шешім шығара алады. Осылайша, емдеу мекемесінде акушерлердің мәртебесін арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде.

Қазіргі уақытта емдеу мекемесінде 4 акушер-гинеколог жұмыс істейді. Сонымен қатар, 3 акушер бар. Жүкті әйелдер электронды форматта жазылып, кезекте тұра алады. Яғни, емделушілер заманауи жиһазда отырып, электронды терезе арқылы өз кезегін көре алады. Дәлізде тұрып, сағаттап кезек күту деген мәселе жоқ. Емделушілерге барлық жағдай жасалуда. Сонымен қатар, әйелдер бөлімшесінде әйелдерді қарау кабинеті мен мамограф құрылғысы да жұмыс істейді. Мұның бәрі әйелдердің денсаулығын бір орында толық бақылау үшін жасалып отыр. Бұдан бөлек, қыз-келіншектер осы бөлімшеде қан талдамасын жасай алады. Күндізгі стационарда ем қабылдайды. Болашақта барлық бөлімше жаңа кейіпке енетін болады.

— Созылмалы ауруға шалдыққан науқастар жеке қарала ма?

— Емханадағы негізгі рефор-малардың бірі – диспансерлік кабинеттердің ашылуы. Мұндай бөлімдерде диспансерлік терапевт пен медбике жұмыс істейді. Мамандар созылмалы ауруларға шалдыққан науқастардың денсаулығын бақылайды. Емханада мұндай науқастардың саны бір мыңға жуықтайды.

Атап өтерлігі, диспансерлік терапевтің жалақысы өзге терапевтерден жоғары. Егер науқас тағайындалған ем-шаралардан кейін індетінен айығып, денсаулығы жақсарса, қауіпті топтан шығарылып, учаскелік дәрігердің бақылауында болады. Мұндай жұмыстар созылмалы аурулары бар адамдардың уақытылы екпе алуы, скринингтен және флюорографиядан өтуі үшін жасалды. Осындай жүйелі жұмыс онкология мен туберкулез ауруларының алдын алуға жол ашады. Бүгінде емхана тіркеуінде 72 мың адам есепте тұр. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қосымша жеке корпустар ашқан болатынбыз. Олар облыс орталығында Нұркин, Назарбаев және Ломов көшелерінде орналасқан. Бұл орындарда да дәрігерге дейінгі кабинеттер жұмыс істейді, емделушілерге қажетті тексерулер жүргізіледі. Бұдан бөлек, Ломов көшесі, 32/1 мекенжайында оңалту орталығы ашылған. Бұл орталық та қажетті құрылғылармен толық жабдықталған.

— Емдеу мекемесінде дәрігер жеткілікті ме?

— Биыл 18 дәрігер мен 27 орта медицина қызметкері жұмысқа қабылданды. Алдымыздағы қараша айында педиатрия бөлімін ашу жоспарланып отыр. Бұл бөлімше де қажетті құрылғылармен жабдықталған. Яғни, 18 жасқа дейінгі балаларға қызмет толық көлемде жеке көрсетіледі. Аталмыш бөлім сала мамандарымен қамтылады. Жаңа бөлімшенің ашылуына байланысты 5 педиатр дәрігеріне вакансия ашылды. Медбикелер де қажет.

Біз тәжірибелі және жас мамандарды жұмысқа қабылдаймыз. Бұл ретте медицина қызметкерлерін тартуда жалдамалы пәтер құнына қосымша көмек көрсетіледі. Мысалы, дәрігерлер үшін 80 мың теңгеге дейін, орта санаттағы қызметкерлер үшін 50 мың теңгеге дейін, кіші санаттағы мамандарға 30 мың теңге көлемінде ай сайын жалдамалы пәтерге қосымша ақы төленеді. Бұл ретте емдеу мекемесінде тұрғын үй комиссиясы құрылған. Қазіргі уақытта 6 медициналық қызметкер осындай көмекті алып отыр. Бұдан бөлек, мамандарға жоғарыдағы комиссия шешімімен көтермеақы да тағайындалады. Мұның бәрі емдеу мекемесінен берілетін көмек екенін атап өту керек.

— Алдағы уақытта тағы қандай жұмыс атқарылмақ?

— 2025 жылы барлық облыс тұрғындары үшін ірі оңалту орталығының құрылысы басталады. Мұндай ірі орталық Көкшетау қаласында бар. Аталмыш шаһардағы оңалту орталығының емделушілері үшін бассейн де орналастырған. Судағы жаттығудың өзі адам ағзасын қалыпқа келтіруге мол мүмкіндік береді. Облыс орталығындағы мұндай нысанда инсульт, инфаркт, жүрекке ауыр ота алған науқастар денсаулықтарын жақсартатын болады. Мұнда облысымызға жақын орналасқан өзге өңірдің емделушілері де көмек алады. Оңалту орталығы науқастардың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік беретін қажетті құрал-жабдықтармен қамтылатын болады. Мысалы, физио құрылғылары, трансформер төсектер алынады. Сондай-ақ, науқаспен бірге палатада туысқаны жата алады. Олар емделушінің толық айығып кетуіне көмектеседі.

— Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек