Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Марбург вирусының Руандада алғаш рет тіркелуіне байланысты жаңа эпидемияның әлем бойынша таралу қаупі жоғары екенін мәлімдеді.

Әзірге вирустың емі мен оған қарсы вакцина жоқ. Сондықтан ол үлкен қауіп тудырады. Руанда Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, аурудың өршуі елдің 30 аймағының жетеуінде, соның ішінде астана Кигалиде тіркелді. Жұқтырғандар арасында денсаулық сақтау саласының қызметкерлері көп, олар барлық расталған жағдайлардың 70 пайыздан астамын құрайды. Бұл мамандарды алаңдатып отыр. Өйткені вирус оңай таралып, денсаулық сақтау мекемелеріне еніп үлгерген.

Кейбір жұқтырған адамдар шетелге саяхаттаған және ешқандай симптомдар байқалмағанымен, тасымалдаушы ретінде инфекцияны басқаларға жұқтырған. Марбург вирустық ауруы — адамдарға да, басқа приматтарға да әсер ететін сирек кездесетін, ауыр вирустық геморрагиялық қызба. Вирус табиғатта жарқанаттарда кездеседі және жарқанаттардан адамдарға берілуі мүмкін.

Марбург қызбасының табиғи ошақтары — Оңтүстік, Батыс және Орталық Африка елдері: Оңтүстік Африка, Габон, Судан, Конго Демократиялық Республикасы, Либерия, Гвинея, Зимбабве, Кения. Аурудың клиникалық көріністері вирусты жұқтырғаннан 2-21 күннен кейін пайда болады. Ол жұқтырғандармен тікелей байланыста, зақымдалған тері немесе шырышты қабаттар арқылы, сондай-ақ қан арқылы беріледі. Аурудың белгілері — дене қызуының кенеттен көтерілуі, қатты әлсіздік және ішкі ағзалардан қан кету.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы елдерді мүмкін болатын эпидемияның алдын алу шараларын күшейтіп, эпидемияға дайындық жоспарларын әзірлеуге шақыруда. Мамандар эпидемиологиялық мониторингті үздіксіз жүргізіп, қауіпті аймақтардағы мемлекеттерге қолдау көрсетіп жатыр.

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға эндемиялық елдерге барған кезде бірқатар  профилактикалық шараларды сақтауды ұсынады. Бұл ретте вирусты жұқтырған адамдармен байланыста болудан аулақ болу, Африка джунглиінде кездесетін жабайы жануарлардан сақ болу, жергілікті жануарлардың нашар қуырылған етін жемеу, мысырлық жарқанаттардың көп саны — вирустың асимптоматикалық тасымалдаушылары бар үңгірлер мен шахталарға бармау, аурудың белгілері пайда болған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну және жеке гигиена ережелерін сақтау керек.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.