Биыл денсаулық сақтау басқармасы 18 медициналық нысанда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, Павлодар ауданының Набережное ауылында, Ақсу қаласының ауылдық аймағына қарасты Пограничник ауылында және Екібастұз қаласына қарасты Марғұлан атындағы ауылда жаңа ғимараттың құрылысын жүргізу жоспарланған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов жұмыс сапары аясында жоғарыда аталған нысандарды аралап, құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысын қадағалады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметтеріне сәйкес, қазіргі таңда Набережное ауылының дәрігерлік амбулаториясы, Пограничник ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы аяқталуда. Марғұлан ауылының мердігерлері нысанды тапсыру кестесінен кешігуіне байланысты құрылыс мерзімі созылып кеткен. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 90 пайызға орындалған. Мердігер ұйым қазан айының соңына дейін жобаны аяқтамақ. Басқарма басшысы А.Сейітқазинов құрылыс мерзімдері мен сапасын бақылауында ұстап отыр. Айта кеткен жөн, биыл күрделі жөндеу жоспарланған нысандардың бірқатары 30-40 жыл күрделі жөндеу көрмеген. Бүгінде 7 нысан қалпына келтіріліп, тағы 7-інде жұмыстар аяқталуға жақын. Жоспар бойынша, қалған 4 нысанның жөндеу мерзімі желтоқсан айына дейін жалғасады.

Т.ӘБІЛДА.