Қазіргі таңда әйелдер арасында сүт безі обыры белең алып тұр. Қатерлі дерт – ең көп таралған онкологиялық ауру. Дәрігерлер қауіпті кеселден сақтану үшін ай сайын медициналық тексеруден өту керектігін ескертеді.

 

Жақында облыстық онкологиялық диспансерде сүт безінің зақымдалған тұсына ота жасалды. Клиниканың хирург-дәрігері Бекайдар Махметов сүт безі обырына салауатты өмір салтын ұстанбау, жүктілікті болдырмайтын дәрі-дәрмектерді бақылаусыз қолдану, спорт жарақаттары, дұрыс тамақтанбау сынды факторлар себеп болатынын айтады.

Статистикалық деректерге сүйенсек, биыл онкологиялық диспансерде сүт безі дерті бойынша 27 ота жасалған. Бұл дерттің қатерсіз ісігі фиброаденома деп аталады. Яғни, бұл жағдайда ота сәтті жүргізіліп, адам өміріне қауіп төнбейді. Өкініштісі, фиброаденома қазір 15-20 жас аралығындағы жастарда жиі кездеседі.

– Бұл диагноз бойынша статистика жыл сайын өсіп келеді. Тағамдарда химиялық заттар жиі қолданылатындықтан, ауруға шалдыққан науқастардың саны  артуда. Ең жас науқас – 18-де. Әсіресе, бұл ісік жыныстық гормондардың теңгерімсіздігі кезінде пайда болады, – дейді  Бекайдар Махметов.

Дәрігер ота жүргізілген науқас сүт безі фиброаденомасына шалдыққанын айтады.  Генетикалық тұрғыдан қарастырғанда, әйел адамның тұқымында қатерлі ісіктің бар екені анықталған. Жалпы, обыр кезінде генетика маңызды рөл атқарады. Ота жүргізілген науқас небары 24 жаста.

– Ота жүргізілген емделуші екі жыл бұрын тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға жүгінген. Сүт безі ісігі бары расталды. Науқасқа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ота тегін жүргізілді, – дейді дәрігер.

Айта кетейік, биыл МӘМС жүйесі арқылы 70 ота жасалған. Оның 40 пайызы сүт безінің қатерсіз ісігі бойынша жүргізілген. МӘМС жүйесі енгізілмей тұрып мұндай отаның бағасы 40 мың теңге болса, қазіргі құны 120 мыңды құрайды. Сақтандырылған адамдарға күрделі ота тегін жасалады.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.