Жуырда Екібастұз тұрғындары қала күнін тойлады. Мереке аясында балалар арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырылды. Доп әрі-бері секірген сайын көз алдымызға кезінде ел чемпионатында жасындай жарқылдаған «Батыр» футбол клубы ойға орала берді. Кейін «Екібастұз» «ойын сатты» деген күмәнмен бірінші лигаға қуылған еді. Әлі күнге дейін ортаңқол командалармен доп теуіп жүр.

1993 жыл. Ел біріншілігі. Чемпиондыққа Павлодар облысынан екі бірдей команда үміткер! Тартысқа толы біріншілікте павлодарлық «Аңсат» чемпион атанса, екібастұздық «Батыр» күміспен күптелді. 1998 жыл. Тағы да сол тартыс. Бұл жолы «Батыр» күміс медель иеленсе, «Ертіс» қолаға қол жеткізді. Ал қазір Премьер-лигада қос команда атымен жоқ. «Ертістің» тағдыры белгілі. «Ақсудың» жағдайы анау. Турнир кестесінде соңғы орында тұр. Қай бір жылы жоғары лигада облыс намысын үш бірдей команда («Ертіс», «Екібастұз» және Энергетик») қорғаған еді. Алдағы уақытта бір командаға зар болатын түріміз бар…

Екібастұз футболы жайлы әңгіме бөлек. Шағын шаһардың абыройын асқақтатқан команда мақтауға лайық. Барлық мәселе қаржыландыруға кеп тірелетінін ескерсек, клуб бюджеті аз болса да, ел біріншілігінде талай мықтының апшысын қуырғаны жанкүйерлердің есінде. 1993 жылғы біріншіліктің үздік сұрмергені болып «Екібастұз» ойыншысы Николай Курганский танылды. Талантты шабуылшы сол жылы 26 рет гол соқты. Ал 1998 жылы клуб Владимир Линчевскийдің баптауымен сол жетістігін қайталағанын жоғарыда жаздық. Ал қазір жетістіктер мен медальдар туралы айту артықтау. Десе де, Екібастұз футболы таланттарға кенде емес. Курганский, Шомко, Федин, Спарышев, Есімов… Бұл тізімді жалғастыра беруге болады.

Тарихқа сәл шегінсек. Өкінішке қарай, 2007 жылы «қаралы хабар» келіп, «Екібастұз» (әр жылдары «Угольщик», «Батыр», «Экибастузец» деп аталды) командасы төменгі лигаға сырғыды. Содан бері жоғары лигаға шығу былай тұрсын, өлместің күйін кешіп жүр. Жазаның себебі мынадай: Сол жылы азуын айға білеген «Қайраттың» төменгі лигаға түсіп қалу қаупі жоғары еді. Біріншіліктің соңғы турында «Екібастұзды» қайтсе де жеңу керек болатын. Сөйтіп, біздің жерлестерімізді 3:1 есебімен ұтты. Бірақ, өзге командалардан шағым түсіп, ел футболының басшылары кездесуді «келісілген» деп бағалады. Яғни, екібастұздықтар «әдейі жеңілді» деген тоқтамға келіп, команданы төменгі лигаға қуып тынды.

Соңғы жылдары «Екібастұз» қаржылық қиындықты бастан кешті. Тіпті, клуб бюджеті екінші лигадағы командалармен шамалас еді. Сол лигаға да «жолдама» алу керек те болатын. Бірақ Қазақстан футбол федерациясының атқару комитеті екібастұздықтардың Бірінші лигада қалу өтінішін қанағаттандырған-ды. Иә, сол қиын-қыстау кезеңде аяқдопшылар жалақы ала алмай, қонақ үйде қарызға тұрған. Тамақты да «қарызға жазғызып» ішкенін жасырып қайтеміз. Демеушілік танытып келген жергілікті кәсіпорындар қаржыны басқа салаға құюды жөн деп тапқан. Шынымен де, нәтиже көрсетпеген клубты кім қолдай қояр дейсіз?!

Соңғы 2-3 жылда команданың бюджеті қампая бастады. «Ertis» банкрот деп жарияланған соң, облыстық бюджеттен бөлінген қаржының бір бөлігі екібастұздықтарға бұйырған еді. Осылайша, команданың қазынасы бүгінде 200 миллион теңгенің ар жақ, бер жағы болып қалды. Қолға қаржы тиген соң командадағы ахуал күрт өзгерді. Екібастұздықтар жаңа формамен алаңға шықты. Бұған дейін жұпыны киінген ойыншылардың көңіл-күйі көтеріңкі. Қазір команданың негізгі құрамында Сотник, Сүлейменов, Нырков, Гаврилов, Бралин, Ысқақов, Асқаров, Қайыркенов, Еренғайып, Скорых, Нкоби сияқты футболшылар өнер көрсетіп жүр. Айтпақшы, жуырда «Ақсу» командасының қорғаушысы Руслан Есімов футболшы мансабын аяқтау туралы шешім қабылдағаны белгілі. Бүгінде ол өзін бапкер ретінде сынап көрмекші. Сөйтіп, «Ақсу» құрылымына кіретін «Екібастұз» футбол клубының штабына көмектесетін болды.

Жасыратыны жоқ, еліміздегі кез келген клубты алып қарасаңыз, олардың тағдыры жергілікті әкімдердің қолында. Командалардың аяқ алысына қарап отырып-ақ сол өңірдегі басшылардың футболға деген көзқарасының қай деңгейде екенін аңғару қиын емес. Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында кәсіби спорттық клубтарды бюджет есебінен қаржыландыруды тоқтату туралы тапсырма бергені белгілі. Ал бұл мемлекет бюджетінен қаржыландырылып отырған футбол саласына үлкен соққы болмақ. Себебі еліміздегі кез келген команда өзін-өзі асырай алмайды. Енді еңсе тіктеп келе жатқан «Екібастұз» бұл тығырықтан шығудың амалын қарастырып қойған шығар деп сенеміз. Өңірде бірнеше ірі кәсіпорын орналасқандықтан қаржылық проблемаларға тап болмауы керек.

Оралхан ҚОЖАНОВ.