Қытайдың Ханчжоу қаласында ХІХ Азия ойындары өтіп жатыр. Кіл мықтылар бас қосқан байрақты бәсекеде біздің жерлесіміз Виктория Бутолина да бақ сынап, жеңіс тұғырына көтерілді. Әлкей Марғұлан атындағы университеттің студенті батуттық гимнастикадан қола жүлдені еншіледі.

Павлодарлық Виктория Бутолина ел қоржынына 37-нші медальді салды. Батуттық гимнастика бойынша сынға түскен жерлесіміз тартысты бәсекеде 52,600 ұпай жинап, 3-орынды иеленді. Ал бірінші және екінші орынды екі қытайлық спортшы өзара бөлісті. Ху Йичэн 55,790 ұпаймен екінші орын алса, отандасы Жу Сюэ Ин 56,720 ұпаймен Азия ойындарының чемпионы атанды. Бұл ретте 19 жасар Виктория сайысқа түскендердің қатарындағы ең жас спортшы болғанын атап өткен жөн. Мәселен, Қытай гимнасы 25-те болса, Жапониядан келген спортшының жасы — 28-де. Соған қарамастан, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенті тәжірибелі қарсы-ластарынан қаймықпай, батутта бар өнерін салды. Үшінші орын иеленуінің өзі – зор жетістік. Жүлдегердің бапкері, жоғары санатты жаттықтырушы, спорттық акробатикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Екатерина Свиридованың айтуынша, сайыста сынға түсу де оңай болған жоқ. Десе де, шәкірті бапкер үмітін ақтап, соңғы секірулерін шебер орындап, қолаға қол созды.

— Кіл мықтылар бас қосқан сайысқа аталмыш жоғары оқу орнының өнер және спорт жоғары мектебінің ДШжС-22 тобының студенті Виктория Бутолинаның жүлдегерлер қатарынан көрінгеніне қуаныштымыз. Студентіміз мұндай жетістікке тыңғылықты дайын-дығы арқасында жетті. Ол 6 жасынан бастап батут гимнастикасымен айналысады. Халы-қаралық спорт шебері атағы да бар, — деп хабарлайды жоғары оқу орнының баспасөз орталығы. Өткен жылы Виктория Болгарияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль иеленген еді. Португалияда, Италияда, Нидерландыда және т.б. мемлекеттерде өткен халықаралық турнирлерде де бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған. Бүгінде жас спортшы — батут гимнастикасынан Қазақстан Республикасының абсолютті чемпионы. Сонымен қатар, бұрнағы күні Марғұлан университетінің тағы бір студенті Азияданың қола медалінің иегері атанды. Жерлесіміз Александра Залюбовская эстафеталық жүгіру сайысында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетті. 4×400 метрге эстафеталық жүгіру сайысында Қазақстан құрамасы (Дмитрий Коблов, Александра Залюбовская, Давид Ефремов, Аделина Земс) мәре сызығын Бахрейн мен Үндістаннан кейін кесіп, үздік үштік сапынан көрінді.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.