Астананың 25 жылдығына орай ұйымдастырылған бокстан ерлер және қыздар арасындағы «Елорда кубогы» халықаралық турнирі өз мәресіне
жетті. Жерлесіміз Серік Теміржанов 57 келі салмақ дәрежесінде қолаға қол жеткізді. Бұл салмақта алтынды Махмуд Сабырхан жеңіп алды. Иә, қалыс естіген жоқсыз, жас талант олимпиадалық салмаққа ауысып, турнирде топ жарды. Енді Серік Теміржановтың Париж Олимпиадасына баруы екіталай…

Биыл екінші рет жалауы желбіреген байрақты бәсекеде еліміздің ерлер құрамасы 8 алтын, 9 күміс, 15 қола медаль, бұрымды боксшылар 8 алтын, 9 күміс, 13 қола жүлде олжалады. Бір аптаға жалғасқан жарыста ерлер құрамасы – 13, әйелдер – 12 салмақ дәрежесінде кім мықтыны анықтады. Алыс-жақын шетелден келген құрамалардың бапкерлері бұл турнирге өз елдерінің екінші және үшінші нөмірлі боксшыларын әкеліп, шәкірттерінің шетелдегі турнирде қалай өнер көрсететінін байқаса, Мырзағали Айтжанов жас боксшылармен қатар, Олимпиада, әлем және Азия чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлерін қатыстырды. Сонымен қатар, ұлттық құраманың бапкерлер қосыны турнир барысында алдағы Азия ойындарына баратын бірнеше салмақтағы негізгі боксшыларды анықтап алғанын да айта кеткен жөн. Мәселен, 57, 63,5 және 92 келі салмақтарда үздік шыққан спортшылар қыркүйек пен қазан айы аралығында Қытайдың Ханьчжоу қаласында Азия ойындарына қатысып, Париж Олимпиадасының жолдамасын иеленуге талпынып көреді. Енді осы негізгі үш салмақтың нәтижелеріне аз-кем тоқталып өтсек. Биылғы додада нағыз тартысты жекпе-жектер 57 келі салмақ дәрежесінде өрбігені белгілі. Өйткені Олимпия ойындарының бағдарламасына енген салмақта еліміздің кіл мықты боксшылары жұдырықтасты. Атап айтқанда, осы салмақтың үздігі, 2021 жылғы әлем чемпионатының және 2022 жылғы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Серік Теміржановтан бөлек, жуырда ғана Ташкентте өткен әлем чемпионатында, оның алдындағы 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия біріншілігінде чемпион атанған 54 келі салмақтағы талантты боксшы Махмұд Сабырхан, ел чемпионатының жүлдегерлері Оразбек Асылқұлов, жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерболат Сабыр, тағы басқа боксшылар да өнер көрсетті. 22 жастағы Махмұд Сабырхан жарыс барысында жаңа салмақ дәрежесінде жұдырықтасса да, 57 келіні жатсынбай, өзін еркін сезініп, финалға дейін алқынбай жетті. Тұсаукесер кездесуінде ол ел чемпионатының және халықаралық жарыстардың жүлдегері Оразбек Асылқұловтан 4:1 есебімен басым түссе, одан кейінгі жекпе-жегінде моңғолиялық Кхарку Бильгунсайханды 5:0 есебімен тізе бүктірді. Ал жартылай финалда Серік Теміржановпен шеберлік байқасты. Қос мықтының кездесуін тамашалауға «Beeline Arena» спорт кешеніне өте көп жанкүйер жиналды. Мамандар мен бокс жанкүйерлерінің қызығушылығын тудырған айқаста Махмұд өз мықтылығын дәлелдеп, жарыс жеңімпазы атанды. Теміржанов бұл кездесуде Махмұдқа қарсы ешқандай айла-тәсіл қолдана алмады. Үш раунд бойы соққы жасауға мұршасы келмей, тек қорғанумен болды. Қорытынды есеп – 4:1. Сондай-ақ Азия ойындарына іріктеу салмағы болған 63,5 келіде де жекпе-жектер өте шиеленісті өтті. 60 пен 63,5 келінің ең мықтылары жиналған бәсекеде 2021 жылы 63 келіде ел чемпионы атанған Ертуған Зейнуллиновтің бағы жанды. Финалда ол Таиланд боксшысы Хунатип Пиднухтен басым түсті. Бұл салмақта үшінші орынды Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Сұлтан Мусинов иеленді. Жарыс соңында бас бапкер бұл салмақта әлі де іріктеу жүретінін, Азия ойындарына нақты кім баратыны тамыз айында белгілі болатынын айтты. Ал 92 келі салмақта жастар арасындағы Олимпия ойындарының жеңімпазы, жастар арасын-дағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ересектер арасындағы Азия және ел чемпионы Айбек Оралбай көпшілік күткендей жұды-рықтаса алмай, жарысты қола жүлдемен түйіндеді. Ал «Елорда кубогында» бұған дейін 86 келіде бақ сынаған Сағындық Тоғамбай топ жарды. «Бұл салмақтың үздігі саналған Айбек алғашқы жекпе-жегін Тәжікстан боксшысымен өткізіп, өз деңгейінде өнер көрсете алмады. Жартылай финалда салмағы асып кетіп, жарыс жолынан шығып қалды. Бұл ережені бұзу, тәртіп сақтамағандықты білдіреді. Боксшыларымыз еліміз-дегі жарыстарда ұқыптылық танытпаса, үлкен жарыстарда жағдайдың қалай боларын бағамдай беріңіз. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселені кеңінен талқылап, боксшыға шара қолданамыз», дейді М.Айтжанов. Өзге салмақтағы нәтижелерге тоқталар болсақ, 48 келіде ел чемпионатының алты дүркін жеңімпазы Теміртас Жүсіпов бағы жанса, 51 келіде Сәкен Бибосыновқа тең келер ешкім табылмады. Сонымен қатар «Елорда кубогында» Тимур Қабдешев (54 кг), Дильшод Абдумуродов (Өзбекстан, 60 кг), Шамшер Саидов (Тәжікстан, 67 кг), Хавасбек Асадуллаев (Өзбекстан, 71 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг), Тоқтарбек Таңатхан (Қытай, 80 кг), Абзал Құттыбеков (86 кг), Сағындық Тоғамбай (92 кг) және Джахонгир Зокиров (+92 кг) үздік шықты. Жарыс қорытындысы бойынша, ерлер арасында турнирде Махмұд Сабырхан (57 кг) үздік боксшысы атанса, қыздар арасында бұл атақ қытайлық Янг Ченгуге (63 кг) бұйырды.

Оралхан ҚОЖАНОВ.