Бұрнағы күні Павлодар қаласында «Pavlodar OPEN-2023» халықаралық шахмат турнирінің салтанатты ашылуы өтті. Зияткерлік ойынға әлемнің бес құрлығынан 200-ден астам спортшы қатысуда. Жарыс Павлодар қаласының «Шахмат үйінде» 21-31 қазан аралығында өтеді.

Халықаралық турнир Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина, Нидерланды, Австралия, Үндістан, Израиль, Әзербайжан, Тәжікстан және Бангладештен келген 200-ден астам спортшының басын қосты. Олардың ішінде 64 халықаралық деңгейдегі спортшылар мен гроссмейстерлер бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар құрамында халықаралық жарыстарда толағай табыстарға жеткен спортшылармен қатар, шахматтың қыр-сырын енді меңгеріп жатқан жас жеткіншектер де бар. Шахматтың жілігін шағып, майын ішкен павлодарлық тәжірибелі мамандар мен гроссмейстерлер бұл чемпионатқа жақсы дайындықпен келгендерін айтады. Себебі, басқа спорт түрлеріне қарағанда, бұл ойында ой жүйріктігі аса қажет. Турнирдің ашылу салтанатында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов құттықтау сөз сөйлеп, шахмат ойынының балаларды дамыту тұрғысындағы маңыздылығына тоқталды. Әкім өз сөзінде шахматтың әлем бойынша ерекше құрметке ие спорт түрі екенін, осындай ірі спорттық шара болашақта жоғары дәрежелі спортшыларды дайындап, тәрбиелеуге, спорттың ел арасындағы достықты нығайтуға септігін тигізетінін айтты.

— Шахмат — бұл ақыл-ой ойыны, сонымен бірге, өнер және ғылым. Шахмат ойыны – адамның ақыл-ой ұшқырлығы мен шығармашылық қабілетін дамытуға, тапқырлық пен жылдам шешім қабылдауға ынталандыратын спорт түрі. Қазіргі қоғам интеллекті жоғары, терең ойлы азаматтарды қажет етеді. Елімізде сіздер сияқты ой-өрісі мықты дамыған жастардың көп болғаны маңызды. Павлодар өңірінде 30 мыңнан астам адам шахматпен айналысады, ал, ойынды үйрету өңірдің барлық мектептерінде ұйымдастырылған. Осылайша Ертіс-Баян өңірі бүгінде спорттық іс-шаралардың орталығына айналды. Бұқаралық спортты дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық даму жоспарының басым бағыттарының бірі, – деді облыс әкімі. Сонымен қатар, аймақ басшысы «Qatar Masters Open» халықаралық турнирінде сенсациялық жеңіске жеткен Әлішер Сүлейменов, екі дүркін олимпиада чемпионы және Еуропа чемпионы Александр Моисеенко, Нидерланды мен Еуропаның үш дүркін чемпионы Сергей Тивяков және Үндістанның қола жүлдегері Сетураман сынды шахматшылардың аталмыш турнирге қатысуы үлкен мәртебе екенін атап өтті. Өз кезегінде Әлішер Сүлейменов шахматты – бірегей білім беру құралы ретінде қарастырып, оны мектептерде жаппай оқыту, үйрету мәселесі өте өзекті екенін баса айтты. Оның сөзінше, шахматтың көптеген елдердің мектеп бағдарламасына енгізілуі кездейсоқ емес. Шахматта ойнау математикалық қабілетті, логиканы, стратегиялық жоспарлау құру дағдыларын, төзімділікті, жауынгерлік қасиеттерді қалып-тастыруға ықпал етеді.

– Бүгінгі таңда Қазақстан — шахмат орталығына айналуы бек мүмкін. Шахмат ойыны — спорттың жоғары дәрежелі зияткерлік түрі. Қазір федерацияның жаңа президенті Тимур Турлов жас спортшыларға көп көңіл бөліп, олардың жағдайларын жасауда. Федерацияға қарасты клубтардың барлығында делік техника мен спорттық құрал-жабдықтар жаңартылып, оқу-
әдістеме құралдарымен толықты, — деді ол. Қазақстан шахмат феде-рациясының вице-президенті Александр Бабенко жарыстың кепілдендірілген жүлде қоры 23 миллион теңгені құрайты-нын жеткізді. Оның айтуынша, аталмыш турнирге қатысуға ешқандай шектеулер жоқ.

— Шахмат — логикалық ой-өрісті дамытатын, әлемдегі ең танымал спорт түрлерінің бірі. Онымен айналысатын кез келген адам әр қадамын аңдап, есеппен басуға дағдыланады. Демек, бұл спорт біздің бүлдіршіндеріміздің де жан-жақты дамуына ықпал етеді. Сондықтан, осындай ауқымды турнир ұйымдастырып, дарынды балалардың басын қосып отырмыз. Сайысқа қатысушылар қарсыластарына дес бермей, жеңімпаз атану үшін барын салмақ. «Pavlodar-Open» халықаралық турниріне 21 елден 200-ден астам шахматшы қатысуда. Турнирде өнер көрсететіндердің арасында бірнеше гроссмейстерлер, халықаралық және қазақстандық шеберлер, сондай-ақ, рейтингі жоқ ойыншылар бар. Бұл жарыста жасөспірімдер мен қариялар да бақ сынай алады, — деді А.Бабенко. Бұдан бөлек, шахмат турниріне қатысқан құрметті қонақтар да жүрекжарды ақ тілек, ізгі ниеттерімен бөлісіп, төрешілерге әділдікті ұстануға, барлық спортшылардың жеңіспен қайтуларына тілектес екендерін білдірді.

 

А.МҰҚЫШЕВ.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.