Отан үшін от кешіп, халқына адал қызмет еткен жандар баршылық. Міне, солардың бірі де бірегейі — Ұлы Отан соғысының және еліміздің сыртқы барлау қызметінің ардагері Шаймардан Бастимиев.
Ол 1923 жылы 7 желтоқсанда Павлодар облысы Лебяжі ауданы Қорт ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Уахат Бастимиев арнайы білімі болмаса да, ел арасында абыройға ие болған адам еді. «Болашақтың кілті – білімде» деп баласына әрдайым білім ал деп ақыл айтып отырған. Сол сөздері баланың зердесіне ұялап, болашағының жарқын болуына жол ашты.
Соғыс басталғанда ол Семейдің авиамектебіне оқуға алынды. Артынша Алматыдағы жаяу әскери училищесіне жіберілді. Бұл кез 1942 жылдың жазғытұрымы болатын. Арада алты ай өтпей, оның әкесі Уахат та майданға алынып, 1944 жылы Литваның Шауляй қаласының түбінде ерлікпен қаза тапты. Жап-жас бозбала күйінде взвод командирінің көмекшісі Сталинград түбіндегі шайқасқа кірісіп кетті. Соғыстың аты — соғыс, не жеңіс, не өлім.
1942 жылдың 19 қарашасы барлық Сталинград майданы бойынша Кеңес әскерлерінің тарихи қарсы шабуылы болып жазылды. Барлаушы Шаймардан Бастимиев Сталинград шайқасында басқыншыларға қарсы ерлікпен күрес жүргізген. Сталинградты басып алу мақсатымен неміс авиациясы бірнеше күн бойына қала қоршауын ауыр соққының астына алды. Жау аспаннан бомбаларын жаңбырша жаудырып, зеңбіректер үздіксіз оқ боратып, көз аштырмай тастайды. Міне, осындай өмір мен өлім арасында арпалысқан нағыз қиын сәттерде Ш.Бастимиев сауытты танктерін алға салып, қалқалана оқ боратқан немістің сансыз жаяу әскеріне қарсы бір топ жауынгермен аяусыз шайқас жүргізеді. Ол кездегі жағдайдың ауырлығын біздің кейіпкеріміз кейін былай деп есіне алады:
«Жағдай өте ауыр болды. Таң қылаң бере көктен төнген неміс ұшақтары төбемізден бомбаларын төгетін. Олар біз қорғанып жатқан жердің иін шығара бомбалап алған соң, артынша танктерін қалқан қылған каптаған солдаттар өре шығады. Бір адым шегіну деген жоқ. Сансыз сауытты танктердің көзін жойып үлгеру мүмкін емес. Сондайда олардың біразы окоптағы біздің солдаттарды тірідей топырақ астында қалдыру үшін шынжыр табандарымен жер қыртысын қопара әлекке түсетін».
Осындай шешуші кезде пулемет командирінің көмекшісі болған Шаймардан нағыз ерлік үлгісін көрсетті. Бір кескілескен шайқаста пулеметші оққа ұшты. Ал жау болса, тіптен тақап қалған. Шаймардан салқынқандылық танытып, пулемет тұтқасын өз қолына алды. Оның қолындағы пулеметтен үздіксіз атылған оқ жауды амалсыз шегінуге мәжбүрлейді. Ақыры жау көп солдатынан айырылып, кері шегінді. Осындай бір елді мекен — Суравикиноны азат етуде Шаймардан аға жарақат алды. Әйтеуір тірі қалды. Кейін ол бұл сәтті есіне алғанда: «Осындай қиын сағатта маған командирім Савченко айрықша көмек көрсетті. Оның өзі де жаралы еді, бірақ соған қарамастан, ол менің жарақатымды таңып, алғашқы жәрдем берді. Жарақатымыз жанға батқан біз қансырап, ақ қардың үстінде ұзақ жаттық. Айнала толған жаралылар.
Біздің мұнда қанға бөгіп, суық түнде қатып жатқан күйімізді ешкім білмейтін секілді. Біраз уақыт өткеннен кейін алыстан қарайған адамдар сұлбасы көрінді. Бар күшті жиып, қарудағы соңғы оқты аспанға атып белгі берген соң ғана біреулер жанымызға жетті. Артынша санитарлар да келді-ау», деп жазады.
Сондықтан да ол енді қарсы барлау басқармасының жедел қызметкері ретінде майданның ең күрделі бөлігінде күреске кіріседі. Осы бөлімде жүріп, ол барлау мақсатымен жау тылына бірнеше мәрте рейд жасады. Рейдтің мақсаты – жаудың алдыңғы шебінің жай-күйін анықтау, атыс нүктелері мен әскери-инженерлік құрылыс қарымын білу еді. Бұл мақсат толықтай орындалды. «СМЕРШ» атты қарсы барлау құрамының Ұлы Отан соғысы кезінде қандай тапсырмалар орындағанын көпшілік жақсы біледі.
Жау қолына жараланып түсіп, кейін қайта оралғандарды анықтауда Шаймардан аға көп еңбек сіңірген. Сонда оған ең қиыны, өзі жазғандай: «Менің кызметімдегі ең қиын жағдай, жазықсыз жандар зардап шекпеуі үшін кім шынында кінәлі, ал кім кінәлі емес екенін дәл анықтау еді», дейді. Ш.Бастимиев 1945 жылы Румынияға қарсы барлау басқармасына жіберілді. Онда біраз уақыт қызмет атқарған соң Алматыға оралып, гитлерлік арнайы қызмет агенттерін іздеу, аңду жұмыстарымен айналысады. Оның бұл маңдай тері зая кетпейді. «Цеппелин» атты немістің барлау органының бірқатар агентін әшкереледі. Жұмыстары оған кейін тергеу бөлімінде тергеуші болып істегенде де көп көмегін тигізді.
1959 жылы Ш.Бастимиев республиканың атом өнеркәсібін қамтамасыз ету бойынша 1 арнайы бөлім бастығының орынбасары болып тағайындалды. Артынша осы бөлімді басқарды. Бұдан кейін ол Бірінші барлау бөлімшесіне ауыстырылды. Осында жүргенде Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының бұйрығы бойынша республиканың МҚК арнайы бағыттағы барлау-жою ерекше полкі құрылды. Бұл полктің міндеті де, атқаратын қызметі де ерекше еді. Міне, осы полктің бастығы болып Ш.Бастимиев тағайындалды. Ол полктің құпия да ерекше қызмет қырлары мен сырларының міндетін толық игеру, меңгеру үшін КСРО- ның МҚК Бас басқармасында екі ай әзірліктен өтті. Иә, сайдың тасындай іріктелген, «сен тұр, мен атайын» дейтін, ерекше міндеттер иықтарына жүктелген небір нар тұлғалы жігіттер жиылған полкке Ш.Бастимиев он жыл басшылық етті.
Ш.Бастимиев жоғарыда айтқанымыздай, зор еңбегімен, адал ісімен осы полк басшылығында еленіп жүріп, 1982 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болды. 1972 жылы «полковник» шенін алды. 2005 жылы ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев «Айбын» орденін тапсырды. Ал Ұлы Жеңістің 58 жылдығына орай, Мәскеу қаласындағы Кремль сарайында Ресей Президенті В.В.Путиннің қабылдауында болып, ресми суретке түседі. Бұл сурет Астанадағы ҚР Қорғаныс министрлігінде сақтаулы тұр. Зейнетке шыққан соң да Ш.Бастимиев тыным тапқан жоқ. Өзінің білгенін кейінгі толқынға жеткізуден жалықпады. Осылайша, түзде де, үйде де мәнді өмір сүре білген Шаймардан аға 85 жасқа келіп, бақилық болды. Соңында үлкен із қалды.
Сағынбай БОРАНБАЙҰЛЫ,
зейнеткер ұстаз.
