Ешқашан ұмытылмайды

Мам 7, 2026

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Отан үшін отқа түскен ержүрек жауынгерлердің бірі – павлодарлық Абдүкен Дүйсенбеков. Бүгінде ол арамызда жоқ болса да, елі үшін жасаған ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Абдүкен Дүйсенбекұлы 1924 жылдың 14 наурызында қазіргі Ақтоғай ауданының Мүткенов ауылдық округіне қарасты Естай елді мекенінде (бұрынғы Куйбышев ауданы, Ленин колхозы) дүниеге келген. Әкесі – Дүйсенбек Нұрымжанов пен анасы – Жаңыл Ахметова оны жастайынан туған елін, жерін сүюге баулып, халқына адал қызмет етуге тәрбиелейді. Соның дәлеліндей, ол мектеп қабырғасын бітіре салысымен әскер қатарына қосылады. Сол уақытта соғыс басталып кеткен еді. Отанын қорғауды азаматтық парызы санаған ол майдан даласына аттанады. Сөйтіп, 1944 жылдың 15 қаңтарына дейін жас сержант 219 Кременчук танк бригадасының мотоатқыштар батальонындағы танкті-десант ротасының бөлімше командирі болады. Жауға қарсы оқ боратып, туған жерін қорғайды. Кейін, яғни 1944 жылдың 1 маусымында майдангер бірінші Беларус фронтына ауыстырылады. Сол кездегі мотоатқыштар батальонының командирі Ф.Веселовтың марапаттау парағында оның ерлігі жазылған екен. Сол қағазда былай делінген: «1944 жылдың 30 маусымында Слуцк каласы үшін шайқаста қоршауда қалған Абдүкен  Дүйсенбеков шағын жасақпен алдыңғы шепке келе жатқан неміс танкілерімен қатар, 20-дан астам неміс жауынгерлерін жойды. Осы ерліктің арқасында біздің шеп алға ілгеріледі. 1944 жылдың 4 шілдесінде Клецк қаласының көшелерінде өз бөлімшесімен 20-дан астам неміс жауын-
герлерін, соның ішінде 2 офицермен қоса 1 жеңіл автокөлікті жойып, немістердің қарымта шабуылдарына тойтарыс беріп, алдыңғы шепті негізгі күштердің келуіне дейін ұстап тұрғаны үшін үкімет марапаты «Қызыл Ту» орденіне ұсынылды».

Осылайша, майданда жүріп ерлік көрсеткен ол 1945 жылдың маусым айында жеңіспен үйіне оралады. 1947 жылы жары Қазыкен Жүнісовамен отбасын құрып, Бекет, Әсет, Болат есімді 3 ұл мен Шолпан, Баян, Айман, Сандуғаш сынды төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Соғыстан кейінгі жылдары милиция органдарына жұмысқа қабылданып, жергілікті инспектор және қылмыстық тергеу бөлімінде абыройлы қызмет атқарды.

Жастайынан көп қиындық көрсе де мойымаған ол 48 жасында Ертіс ауданының ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары болып жүріп құрметті еңбек демалысына шықты. 1972 жылы Ақтоғай (Краснокутск) ауылына көшіп келді. 1988 жылдың 14 наурызы күні 64 жасқа қараған шағында, өз туған күнінде дүниеден өтті.

Бүгінде асқар таудай ардақты әке, бірімізге арқасүйер аға, енді бірімізге ардақты ата болған Абдүкен Дүйсенбекұлының арамыздан кеткеніне 30 жылдан астам уақыт өтті. Ортамызда өзі жоқ болса да жарқын бейнесін балалары мен туыс-туғандары мәңгілік ұмытпайды.

Жеңіс күні қарсаңында абзал азаматтың ерлігін еске ала отырып, жаны жаннатта болсын деп тілейміз.

Балалары мен туыстары.