Ұлы Отан соғысына Павлодар облысынан 46 мың азамат аттанып, оның жартысына жуығына туған жерден топырақ бұйырмай, жат жерде қалып қойды. Майдан алаңында ажал құшқан немесе хабарсыз кеткен майдангерлердің ең болмағанда есімі елмен қауышуы керек. Осының өзі сол батырлардың ұрпақтарының, ағайын—туыстарының көңіліне үлкен медеу еді. Осы бағытта тынбай еңбек еткен жерлестеріміздің бірі – тарихшы Бекмұхаммед Исләмұлы. Ол әйгілі «Боздақтар» кітабының соңғы үш томын құрастыру ісіне араласып, ауқымды зерттеу жұмысын жүргізді. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында тарихшымен арнайы сұхбаттастық.
– Бекмұхаммед Исләмұлы, сіз соғыс тақырыбын зерттеу жұмысын қашан бастадыңыз?
– Мен 1981 жылы Қарағанды университетінің тарих факультетін бітірдім. Оқу бітіріп, елге келген соң біраз жыл ауылда мектепте жұмыс істеп, 1984 жылы Потанин атындағы тарихи өлкетану музейіне жұмысқа келдім. Ғылыми-зерттеу бағытындағы жұмысым сол уақыттан басталды деуге болады. Онда мен бастапқыда ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп, 2001 жылдан бастап директоры болдым. 2005 жылдан кейін облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасында, одан кейін облыстық архив ісі басқармасында жұмыс істедім. Сол кезден бастап осы «Боздақтар» ісіне араластым. Осы архив саласында ұзақ жыл еңбек еткен Халел Әкімхановпен ақылдаса отырып, «Боздақтар» кітабының жалғасын шығарайық деп шештік. Себебі, оның алдында шығарылған үш томында барлығы бірдей қамтылған жоқ еді. Сонымен жұмысқа кірістік, соңғы үш томын құрастыруға шамамен бес-алты жылымызды арнадық.
– «Боздақтар» кітабын құрастыру барысында қандай елдерде және қандай үлкен архивтерде болдыңыздар?
– «Боздақтар» кітабына енген материалдардың көп бөлігін мен жинадым десем де болады. Осы жоба қолға алынғаннан кейін көптеген шет мемлекеттерге барып, архив ақтардық. Бұл кітап оқырманның қолына оңай тие салған жоқ. Қиындықсыз іс бітпейді, талай кедергілерден өттік. Атап айтар болсақ, Мәскеу қаласының мемлекеттік архивінде, Подольск қаласының әскери архивінде болдық. Подольскіде соғысқа қатысты өте құнды тарихи мәліметтер сақталған екен. Көп құпия дерек сол жерден табылды. Одан кейін Ленинградтың әскери-медициналық архивін ақтарып, көп құжатқа қол жеткіздік. Сонымен қатар, Минскіде, Киевте, Харьковте болдық. Ал жергілікті мемлекеттік архив қызметкерлері Финляндияға барып, бірталай мәлімет әкелді. Осылайша, елдер мен қалаларды аралау барысында соңымыздағы ел күтіп отырған, сол уақытқа дейін табылмай жүрген көп майдангердің есімі анықталып, жерленген жері белгілі болды.
– Осы зерттеу барысында Павлодар облысынан аттанған майдангерлер туралы көп тарих анықталған болар? Жалпы, біздің жерлестеріміз қандай қалаларда және қандай атқыштар дивизиясының құрамында болған екен?
– Павлодарлықтар бастапқы жылдары негізінен Ленинград майданында болған. Ал одан кейін 1943 жылдан бастап басқа дивизияларға жіберілген. Соның ішінде 314-ші атқыштар дивизиясында көп жауынгер шайқасқан. Ол 1941 жылдың шілде-тамыз айларында Петропавл қаласында жасақталған. Дивизия құрамының 50-60 пайызы біздің павлодарлық жауынгерлер екен. Ол Ленинград облысын, Эстония, Польша, Чехословакияны азат
етуге қатысып, Прагада соғысты аяқтады. Соғыс алғаш басталып жатқан кезде осы жақтан әскери комиссариатқа жиналған сарбаздардың барлығын Петропавлға жіберген екен. Соғыс тарихын зерттеу барысында сол 314-ші атқыштар дивизиясының көп ерлік көрсеткеніне көзіміз жетті. Архив құжаттарын ақтару барысында көзіміз жеткен тағы бір дерек, біздің жерлестеріміздің қаза тапқан жерлері өте көп. Мысалы Австрияда, Берлинде, Чехословакияда көп адам жерленген. Жерлесіміз, көрнекті жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмұқан Исабаев ағамыз Италияда партизандар ішінен қазақтардың есімін тапқан. Соған өзі ескерткіш тақта ашқызып, біраз жұмыс жүргізген. Одан басқа, атақты «Панфиловшыларда», 100-ші және 101-ші дивизияда қаншама жерлес-теріміз ерлік көрсетті. Менің әкем де сол 314-ші атқыштар дивизиясының құрамында шайқасқан. Ол туралы жеке айтуға болады.
– Осы зерттеу барысында бұрын—соңды айтылмаған қандай құпия мәліметтер табылды?
– Қазақстанда қазақ әскер-лерінен жасақталған әскери құры-
лымдардың бірі – 106-шы атқыштар дивизиясы. Бірақ ол кейін белгісіз себептермен жоғалып кеткен. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, оны бастапқыда немістердің қолында тұрған Харковтың түбіне түсірген. Құрамында негізінен атты әскерлер болды. Сонымен, әскери шенеу-ніктер бірінші мамырға қарсы Харьковты алып, Кеңес үкіметіне сыйлық жасай қоямыз деген оймен жаңағы 106-ны неміс танкі-сіне қарсы салады. Бірақ жауапты тұлғалардың ол ойлағандары бола қоймады. Атты әскерлерге шыққан танк жасағы біздің дивизияны
лезде жоқ қылады. Ол енді тұп-тура сол кездегі жауапты тұлғалардың қателігі болатын. Сонымен, енді сол қателікті жасыру үшін тағы бір нәрсе ойлап табу керек болды. Нәтижесінде мұндай дивизия
мүлдем болмаған деп тарихтан жойып жіберген. Нақтырақ айтқанда, номерін басқаға өзгертіп жіберген. Оның ішінде де павло-дарлықтар болды.
– Көп рахмет. Ұлы Отан соғысындағы жеңіске майдан—герлер ғана емес, қарапайым еңбек адамдары да орасан зор үлес қоқсаны белгілі. Осы ретте Павлодар аймағының қосқан үлесі қандай болды?
– Ұлы Жеңіске Қазақстанның әр облысы өзінің үлесін қосты. Осы бір ел басына күн туған тағдырлы шақта Павлодар облысы да ерекше рөл атқарды. Жалпы, Ұлы Отан соғысына біздің облыс 46 мыңнан астам адам жіберген. Ал еңбек майданына жұмылдырылып, өздерінің жұмыс күшімен жеңісті жақындатқандар саны одан да көп. Cоғысқа жарамағандардың көбі зауыттарда, өндіріс аймақтарында қара жұмыс істеп, Отан алдын-дағы борышын өтеді. Одан бөлек, тылда қанша адам жұмыс істеді. Көптеген зауыттар, өндірістер Павлодарға көшірілді ғой. Сол өндірісті аяққа тұрғызғандар да — біздің жерлестеріміз. Бірақ еңбек армиясында жұмыс істегендер туралы нақты дерек жоқ. Себебі, олар әскери бөлімшелер арқылы ресми тіркелген жоқ, яғни, өздерінің қалауымен барды жұмысқа. Мысалы, көптеген павлодар-лықтардың Қарағанды көмір шах-
тасында, Ресей жеріндегі Кузбас, Свердловск, Урал қалаларындағы металлургия зауыттарында жұмыс істегенін білеміз. Яғни, оқ-дәрі өндіріп, танк құрастырып, басқа да түрлі қару-жарақ жасады. Міне, осы азаматтардың жеңіс жолына қосқан үлесі ұшан теңіз.
– Жоғарыда өз әкеңіздің 314-ші атқыштар дивизиясының құрамында шайқасқаны туралы айтып қалдыңыз.
Сіздің осы тақырыпқа келуіңізге әкеңіздің майдангер болғаны да себеп болған шығар бәлкім?
– Дұрыс айтасың. Мен әкеммен соғыс туралы көп әңгімелесетін едім. Негізі, ол кісі майданда өткен күндерін көп еске алғысы келмейтін. Бірақ, мен қоярда-қоймай сұрап алатынмын. Иә, ол кісі 314-ші дивизияның құрамында болған. Бастапқыда сержант, одан кейін бөлімше командирі болыпты. Соғысқа дейін ол Түркіменстанның Кушка қаласында әскерде болған. Содан соғыс басталды дегенде бірден майданға жіберген ғой. Әкемнің айтуынша, басында қару-жарақ өте тапшы болған. Көп қиындық көрдік деп айтып отырады. Бір бөлімшеде үш-төрт сарбазда ғана мылтық болады екен. Бірнеше ғана оқ береді. Кейбір жігіттер қолдарына таяқ ұстап жүреді екен. Содан майданға шабуылға шыққанда екі сарбаз бірінің артынан бірі жүгіріп отырады. Алдындағы сарбазға оқ тиіп құласа, бірден қаруды екінші адам алып, алға қарай ұмтылу керек. Міне, тапшылықтың бір дәлелі осы еді. Менің әкем Ленинградты азат ету майданында болған. Ол жердің табиғаты өте қолайсыз, ауа райы да құбылмалы болады екен. Жердің бәрі құй-батпақ, адам аяғын алып жүре алмайды. Осының өзі шайқасқа көп кедергі келтірген екен. Әкем екі жыл соғыста болып, тағы бір үлкен ұрыста аяғынан жарақат алып, елге қайтқан. Елге келген соң кеңшарда еңбек етіп, Ленин орденімен марапатталды.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар ешқашан тоқтамауы керек. Ең соңғы боздақ табылып, өзінің лайықты бағасын алмайынша бұл тақырып жабылмайды. Себебі, Ұлы Отан соғысының қасіретін әр отбасы, әулет тартты. Яғни, әрбір үйден бір немесе одан да көп адам аттанды деуге болады. Кейбір статистикаға жүгінер болсақ, Павлодарға қатысы бар әлі де 4-5 мың адамнан хабар-ошар жоқ. Сондықтан, бұл жұмыс әлі де жалғасын табуы керек. Екіншіден осы кітапқа шыққан деректерді енді цифрлық жүйеге енгізсек және арнайы сайт жасасақ деген бір жоспарымыз бар. Сосын, «Жеңімпаздар» кітабының жалғасын шығару ойымызда бар. Дегенмен, қалай және қашан жүзеге асырыла бастайтынын алдағы уақытта тағы хабарлайтын боламыз.
– Әңгімеңізге рахмет, мереке құтты болсын!
Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.
