Бүгінде сауда орындарының сөрелерінде шырынның түр-түрі самсап тұр. Бірақ олардың барлығын бірдей пайдалы әрі табиғи деуге келмейді. Өкінішке қарай, қатарында денсаулыққа зиян келтіретін түрі де бар. Дей тұрғанмен, жергілікті кәсіпкер ішкі нарықтың басым бөлігін таза өніммен қамтуға бейілді.
Екібастұздық кәсіпкер Алма Шаукенқызы әжесінің игі дәстүрін жалғастырып, табысқа айналдырып отыр. Бұрындары әжесі асқабақ өсіріп, одан түрлі дәмді тағам әзірлеп, оны балалары, немерелерінің алдына дастарханға қойған екен. Бұқтырылған, қуырылған, бәліш пен басқа да тағамдарға қосылған асқабақ дәмі – Алма Шаукенқызы үшін балалық шақтың бал дәмі. Кейін тұрмыс құрып, Екібастұз қаласына қоныс аударған соң әженің ісін отбасылық бизнеске айналдыруды ұйғарды.
— Бала кезден әжеммен бірге асқабақ өсіретінмін. Отау құрған соң да жолдасыммен бірге бақшамызда асқабақ өсіруді қолға алдық. Одан салат пен түрлі тағам әзірлейтінмін. Кейін одан шырын әзірлеп, жолдасыма ұсындым. Ол да, меймандар да ұнатты. Бірде қонақтардың бірі тапсырыс беріп, сатып алуды қалайтынын білдірді. Содан соң «Сүйікті ісімізді неге кәсіпке айналдырмасқа?» деген ой туындады. Сөйтіп, шырын әзірлеу ісін бастап кеттік, — дейді кәсіпкер.
Шикізатты отбасының өзі өсіреді. Жазда өсірген асқабақты қыс бойы кәдеге жаратады. Оның тұқымы да сұрыпталып алынады. Алма Шаукенқызының сөзінше, шырын дайындауға мускаттық асқабақ деген сұрып өте қолайлы. Оның дәмі жұмсақ әрі тәтті.
— Асқабақ өсіруге арналған бақшамыз бар. Былтыр аптап ыстыққа байланысты көп өнім шыға қойған жоқ. Сондықтан көктем жақындаған тұста шикізаттың «түбі көрінді». Ал биыл тұқым себетін аумақты кеңейту ойда бар. Себебі уақыт өткен сайын табиғи шырынға деген сұраныс артып келеді, —
дейді ол.
Қазіргі таңда «Аңсар» жеке кәсіпкерлігі өз өнімін тапсырыс- тар арқылы өткізіп отыр. Бір айда орта есеппен алғанда 70 литр өнімді саудаға шығарады. Таяуда Астана қаласында өткен үш күндік халықаралық көрме барысында тіпті 60 литр шырын әп-сәтте сатылып кеткен көрінеді. Бұл ретте шамамен алғанда үш келілік асқабақтан 5 литрге дейін шырын алуға болатынын атап өткен жөн. Тұтынушылардың сұранысына сай, таза асқабақтан дайындалған шырыннан бөлек, асқабаққа алма, сәбіз, зімбір қосылған өнімдер де ұсынылады. Езбелер де дайындалады. Мұның барлығы – қоспасыз табиғи өнім. Айтпақшы, бір литр шырынның бағасы –
1 мың теңге.
— Бұл бизнесті бастауыма мемлекет тарапынан көп көмек көрсетілді. Айталық, 2022 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында гранттар конкурсына қатысып, 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы алдық. Оған негізгі құрал-жабдықтар сатып алдық. Бұл сома кәсіпкерлік саласында қарышты қадам жасауға көмектескен алғашқы үлкен баспалдақ болды. Соның нәтижесінде өндірістің негізін қаладық. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасында
да бақ сынап, финалист атандық. Бұл бізге Астана қаласындағы көрме-лерге қатысып, өз өнімі-мізді кең ауқымда таныстыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, финалистер үшін түрлі оқыту курстары, вебинарлар ұйымдастырылып тұрады. Сертификаттар алуға да көмектеседі. Одан бөлек, таяуда «Күміс жас» жобасы аясында өзіме қолғабыс етер көмекші алдым. Мансап орталығының бағыт-бағдар беруімен бұл
жоба да сәтті жүзеге асып жатыр. Қызметкердің жалақысының 70 пайызын мемлекеттің өзі төлейді. Мен тек 30 пайызын аударамын. Екібастұз қаласының әкімдігі тарапынан да зор қолдау бар. Айтпағым, кілтін таба білсең, мемлекет кәсіпті жүргізуге көмектеседі. Сондықтан бизнес-жоба дайындап, идеяны іске асырудан қорықпау керек, — дейді А.Шаукенқызы.
Екібастұздық кәсіпкер мұнымен тоқмейілсіп қалмақ емес. Кәсібінің аясын одан әрі кеңейтіп, нарықты табиғи әрі жергілікті өніммен қамтуға бейілді.
— «ANSAR JUICE» шырындарында жасанды қоспалар, хош иістендіргіштер мен дәм күшейткіштер жоқ. Сондықтан олардың сақтау мерзімі қысқа. Небары 3-5 күнді құрайды. Сол себепті көп жағдайда алдын ала жасалған тапсырыстар бойынша ғана өнімді дайындаймын. Ал қазіргі таңда қосымша құралдар алып, сертификат ресімдеу ойымда бар. Ол табиғи өнімді шыныдан жасалған бөтелкелерге құюға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде оны сақтау мерзімі бір жылға дейін ұлғайтылады. Бұл – шырынды сауда орталықтары, супермаркеттерде саудалауға болады деген сөз, — деп жоспарымен бөлісті кәсіпкер.
Қазіргі шырынның түр-түрін таңдайтын жағдай болған тұста жергілікті кәсіпкердің бәсекелестіктен қорықпай, табиғи өнімді нарыққа жөнелтуінің өзі – құптарлық іс. Асқабақ шырынын шыны бөтелкелерге құйылатын мүмкіндік туса, өнімді саудалайтын орындардың аясы тіпті кеңейе түсері анық. Бұл ретте өз өнімімізді қолдап, облыста жасалған шырынға басымдық берсек, артық болмас. Кәсіпкердің сөзінше, сапа мен баға бір-біріне сай келеді. Олай болса, шетелдік өндірушілердің ортасынан аймақ шырыны ойып тұрып орын алатын күн алыс емес.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА