- Бүгін сіздерге асық ойнаудың тамаша түрі, логикалық ойын - «Ұтысу» туралы ой бөліспекпін.

Бұл ойын басталмас бұрын қатысушылар бір-біріне сәттілік тілеп, «асығың алшысынан түссін» деп тілек білдіреді. Әр оқушыға 20 асықтан және арнайы дайындалған дорбалар беріледі. Мұнда 4-5 ойыншы ойнауға арналған. Барлығы үстелді жағалай тұрысады. Алдын ала 4-5 асық әр түске боялуы шарт. Боялған асықтар әр ойыншыға біреуден беріледі әрі олар түстерді өздері таңдайды. Әуелі балалардың біреуі бұл бес асықты жинап, иіреді. Кімнің асығы алшы түссе, ойынды сол адам бастайтын болады да, кейін кезек сағат тілі бағытымен айналып, келесі ойыншыға жалғасады. Әр бала өз дорбасы ішіндегі асықтарынан оң қолымен өз таңдауы және алақанының ауқымына қарай бірнеше асықты уысына жасырып алады. Одан соң кезегімен ойын үстелінің ортасындағы шеңберге сұқ саусағын жазып (өзге саусақтары жазылмай, асықтарды уыста жасырып тұрады), барлық баланың уысында тұрған асықтардың жалпы санын атауы керек. Әр ойыншы бір саннан айтуы керек және бірінікін бірі қайталамауы керек. Барлығы сандарды айтып шыққан соң, алақандар жазылады да, асықтар есептеледі. Бес ойыншының қолындағы асықтардың ортақ санын дөп тапқан ойыншы қарсыластарының уысындағы барлық асықты ұтқан болып есептеледі де, өзіне жинап алады. Ал ешкім дөп басып айтпаса, асықтар дорбаға қайта салынып, қайтадан алынады. Ойын осылай жалғаса береді. Дорбадағы барлық 20 асығынан ұтылған қатысушы ойыннан уақытша шеттетіледі. Осылай жалғасып, екінші ойыншы ұтылады. Осы жерде ойын тоқтатылады да, жеңілген екі қатысушы ән айтып немесе би билеп өнерлерін көрсетуі тиіс.

Ойында «құржайлақ» деген бар. Дорбасында асығы қалмаған бала әдетте таза ұтылғанын білдірмеуге тырысады. Ол соңғы ойынында уысында асық болмаса да, алақанын жұмып отырады. Асықтар санала бастаған сәтте уысын ашып, «құржайлақпын» деп шеттей береді.

Алғаш болып ұтылған бала екінші ойынды бастайды. Бұл ойынды бастауыш сыныптардың оқушылары ойнаса құба–құп болар еді. Логикалық ойлау қабілетін жетілдіреді. Мысалы, зерек ойыншы жанын-дағы әріптесінің дорбасында қанша асығы бар екенін болжап, есептеп, біліп отырды. 20 асығының жаңа екеуін ұстады, 18-і қалды, содан соң үшеуін ұстады, 15 қалды деп алдын ала іштей есептейді. Қарсыластарының қайсысы ұтып, қайсысы ұтылып жатқанын да жақсы біледі.

Айдарды үйлестіруші - Мұрат АЯҒАНОВ.

saryarka-samaly.kz