Ойлап қарасақ, ет өндіру жөнінен өзге жұрттарға кіріптар болмауымыз керек еді. Кең байтақ жеріміз бар. Мол жайылым мал шаруашылығын дамытуға ыңғайлы. Қазіргі кезде республика бойынша ірі қара мал бордақылайтын алаңдар мен ет өңдеу кешендері іске қосылған. Мұндағы басты мақсат – ет экспорты әлеуеті мен көлемін арттыру. Алайда мұның өзі жеткіліксіз болып тұр.

Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі саланы дамытудың 2018 жылға арналған негізгі тоғыз бағытын белгіледі. Соның бірі экспорт көлемін арттыру болып отыр. Ең алдымен өнімдерді экспорттау бойынша міндеттерге қол жеткізу үшін биыл сәуір айында импорттаушы елдердің ет өнімдерінің сапасына қатысты талаптары зерттелмек. Ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау бойынша ақпараттық-талдау базасы құрылмақ. Екіншіден, брендтеуді, сертификаттауды, өндірісті ынталандырудың және отандық органикалық және халал өнімдерді сыртқы нарықтарға шығарудың нақты шаралары қабылданады. Үшіншіден, көліктік-логистикалық мәселелерді шешу үшін агроөнеркәсіптік кешеннің логистикалық картасы әзірленеді. Импорттаушы елдермен ветеринарлық және фитосанитарлық талаптарды бекіту жұмыстары күшейтіледі.

Атап өтерлігі, бүгінгі таңда қой еті бойынша қазақстандық бес шаруашылық Қытайға өнім экспорттауға құқылы кәсіпорындардың тізіміне енгізілді. Алты кәсіпорынды бал бойынша және он кәсіпорынды балық бойынша тізімге енгізу жоспарланып отыр. Олардың қатарында павлодарлық шаруа қожалықтары да бар. Қытаймен сиыр еті, қой, түйеге арналған ветеринарлық, фитосанитариялық талаптар бойынша хаттамаларды мақұлдау көзделген. Себебі Қытай мен Ресейде үлкен тұтынушылық нарық бар. Ал солтүстік көршімізбен онсыз да алыс-беріс оң жолға қойылған. Бұдан бөлек, Иран елімен сиыр етіне қойылатын талаптарды бекіту жұмыстары аяқталуға таяды. Сауд Арабиясымен ветеринарлық сертификат дайындалып жатыр. Израиль, Кувейт, Малайзия, Жапония, Оңтүстік Корея елдерімен осы бағытта келіссөздер жүргізу жоспарланған.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев ел Үкіметінде өткен алқалы жиындардың бірінде қазақстандық ет экспортын арттыру үшiн тиісті жағдайлар қолға алынып жатқанын атап өтті. Тек оны ұтымды пайдалана білу керек.

- Бiз өсiмдiк шаруашылығына қарағанда мал шаруашылығында өнiмдiлiк жоғары екенiн түсiнемiз. Сондықтан бiзге мал шаруашылығын дамыту керек. Елiмiзде бұл үшiн барлық жағдай жасалған. Ресей мен Қытай сияқты екi iрi нарық бар. Қытайға жылына шет мемлекеттерден 1 млн. тоннадан астам ет жеткiзiледi. Бұл көрсеткiш жыл сайын 10 пайызға артып отыр. Ал Ресей жыл сайын 700 мың тонна ет өнімін импорттайды. Осынау мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз қажет. Бiзде жайылымдық жерлер мен осы салада жұмыс iстей алатын мамандар бар. Елiмiзде асыл тұқымды мал басының саны 300 мыңға артты. Әлі де көбейту керек, - дедi Ө.Шөкеев.

Сондай-ақ, ведомство басшысының айтуынша, Қазақстанда еттi мал шаруашылығын дамыту үшiн бiрiншi кезекте ветеринария саласының жұмысын жетілдіру қажет.

- Ветеринария - бұл қауiпсiздiк мәселесi. Осы сала қатаң бақылануы тиіс. Егер ветеринарияға дұрыс көңіл бөлмесек, онда ет экспорты туралы айтудың да қажетi жоқ, - дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі.

Аймағымызда бұл бағытта ауқымды шаралар атқарылуда. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Павлодар облысында 404 640 бас ірі қара мал, 542 046 бас қой-ешкі және 145 119 бас жылқы бар. Биыл мал ауруының алдын алу мақсатында жалпы саны 3 миллионнан астам түрлі деңгейдегі вакцинация жүргізілмек. Бүгінде оған қажетті биопрепараттардың 70 пайызы сатылып алынған.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz