Ірі науқаннан бір күн бұрын мектеп басшылығы түлен түрткендей түлектерді сыныпқа жинады. Директор мырза жуан мойнын қылқындырған жіңішке галстугін аздап босатты да: Құрметті оқушылар! Сынға түсер сәттеріңіз жетті. Бізді қара жерге қаратпассыздар. «Білекті – бірді, білімді мыңды жығады!» деген сөз ескірген қазір. «Білімі мықты – бірді, тірегі мықты – мыңды жығатын» заман бұл! Тамыр-таныстарыңыздың ішінен басы істейтін-дердің барлығын осы жұмысқа жұмыл-дырыңыздар! – деп сөзін тәмамдады.

Бұдан соң мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары басшысының қас-қабағына жалтақтай қарап, сызылып сөз бастады: Қадірменді Айдала ауылының түлектері! Айтыңыздаршы, ҰБТ деген сөз нені білдіреді? Оқушылар:

- «Ұлттық бірыңғай тестілеу!» - деп шу ете қалды. Жоқ балалар. ҰБТ – ұлы бір күндік төңкеріс немесе ұпай үшін біркүндік тайталас деген сөз. Сондықтан да барлығына тас-түйін дайын болыңыздар! Білімдеріңізге сене бермеңіздер! Мен білемін деген талай оқымысты ұл-қыздар опық жеген. Санадағы білімнен гөрі сотка жақсы көмектеседі. «Шпаргалкала-рыңызды» да сойған қойдың ішегіндей шұбатып ұстамай, ұқыпты қолданыңыздар. Бақылаушылар сауысқандай сақ, қырандай қырағы, кірпік қақпайтын бәлелер болуы мүмкін. Бірақ олар да - адам! Айласын табыңыздар! Қобалжып, елжіреп, езіліп тұрмын, өзімді жаман сезініп тұрмын деп мың бір бәлені қаптатыңыздар. Болмаса, бастарыңыз айналып, тілдеріңіз байланып, гүрс етіп құлаңыздар! Оған болмаса еңкілдеп жылаңыздар! Сыртқа шығып келуге рұқсат сұраңыздар! Ұпай үшін ар пида! - деп сөзін аяқтады.

Не керек, ертеңгісін Айдала ауылының тұрғындары тайлы-таяғы қалмай аудан орталығына ағылды. Қойны-қоныштарына «шпаргалка» мен телефон тығып, «мұздай қаруланған» оқушылар сынақ алаңына беттеді.

Ата-аналар шыр-пыр. Құдды бір соғысқа балаларын шығарып салатындай қобалжып жүр. Не керек, көптен күткен сәт те келіп жетті. Емтихан қабылдайтын ғимараттың төтенше жағдайлар кезінде қолданылатын қосымша есіктері айқара ашылды.

Біреуді біреу біліп болмайды. Әрлі-берлі шапқылап жүрген құжынаған адам. Ата-ана мұғалімді, мұғалім бақылаушыны, бақылаушы оқушыны, оқушы өз-өзін алдап жүр. Кенет көп оқитын оқымысты Білгішгүл Көпоқығанованың ата-анасына қаралы хабар келді. Білгішгүл байғұс қасындағы Дымбілмес Түкоқымағановқа көмектесемін деп аудиториядан қуылған екен.

Не керек, ұпай үшін тайталасқа түскен сәт те аяқталды. Біреу құлап, біреу жылап, біреу айқайлап, біреу пай-пайлап, біреу алақайлап, біреу «жарайсың, балақайлап!» сыртқа аман-есен шықты.

Сол күні кешкісін есік алдына ұлы бір күндік төңкерістің нәтиже парағы ілінді. Жүзі шімірікпей 100 балды еншілеген Дымбілмес Түкоқымағанов - бүгінгі күннің басты қаһарманы. Ол бір бұрышта бүкшиіп жылап отырған Білгішгүл Көпоқығановаға мүсіркей қарап, миығынан күлді.

Кешке ауылда той басталды...

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz