Мирхат ВАЛИТОВ, Ақсу қаласы, Алғабас ауылдық округінің әкімі:

- Алғабас ауылдық округінің бюджеті 59 млн. 642 мың теңгені құрап отыр. Оның 5 млн. 900 мың теңгесі өз табысымыз болса, қаражаттың қалған бөлігі мемлекеттік трансферттен бөлінген. Қазіргі кезде алдымызда өз табысымызды арттыру мақсаты тұр. Яғни, салықтық түсімдерді көбейту қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде жүруде. Ауылда қарақат өсіруге, балық шаруашылығын дамытуға бел буған жаңа кәсіпкерлік нысандары ашылып жатыр. Қосымша жұмыс орындары құрылуда. Демек, табысымыз да өседі.

Бұл жаңашылдық ауыл азаматтарына да белгілі бір дәрежеде жауапкершілік жүктейді. Себебі, қазына қаржысының қайда, қанша жұмсалатынын біз, әкімдер, жалғыз шешпейміз. Қазіргі кезде Алғабаста ауыл ақсақалдары, басқа да беткеұстар белсенді азаматтардан құралған жергілікті қауымдастық жұмыс істеуде. Бюджет қаржысының «тағдырын» осы қауымдастық өкілдерімен ақылдасып шешудеміз. Әрине, бірден бірауыздан келісіп, пікіріміз бір ортадан шығып жатыр деу қиын. Ел мұқтаждығына қаражатты үлестіру оңай дүние емес. Онымен қоса, ауылдың қажеттіліктері көп. Дей тұрғанмен, барлық мәселені сарапқа салып, ой елегінен мұқият өткізіп, күн тәртібінде тұрған негізгі деген мәселелерге жұмсауға тырысып жатырмыз. Тұрғындар «келісіп пішкен тонның келте болмайтынын» және ауылымыздың болашағы, ендігі тыныс-тіршілігі өз шешімімізге байланысты екенін түсініп отыр. Бүгінде ауылдық округ құрамында 8 елді мекен бар. Тұрғындарымыздың саны 4226-ға жетіп отыр.


Шолпан ӘЙТЕНОВА, «Zertteu Research Institute» қоғамдық қорының директоры (пікір ғаламтордан алынды):

- Елімізде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне қатысты заңнамаларға бірқатар өзгерістер енгізілді. Алайда олар тәжірибе жүзінде сәтті қолданылып келеді деп айта алмаймыз. Жаңа жүйенің жалпы идеясы дұрыс. Тек жүзеге асу жолдары нақтыланбаған сияқты. Мысалы, заңнамада жергілікті бюджетті үлестіру мәселесінде елді мекен әкімдері мен тұрғындардың, яғни белсенділерден құрылған арнайы қауымдастықтың өзара қарым-қатынасы қалай құрылуы қажет екені көрініс таппаған. Сондай-ақ, қазына қаржысының «тағдырын» шешуде ауыл азаматтарының рөлі қандай болуы тиіс, олар қаншалықты құзыретке ие екені түсініксіз. Әкімдермен бастарын шұлғып келісе беруі керек пе, жоқ әлде өз пікірлерін қорғауға құқылы ма? Онымен қоса, бұл үрдіске ауылдықтар бел шеше кірісіп, белсене атсалысатынына күмәнім бар. Мәселе оңтайлы шешілуі үшін әрбір азамат тұрғылықты елді мекендерінің болашағы қандай болатынын нақты біліп, түсінуі тиіс. Ол үшін ауылдардың даму стратегиясы қажет. Ал әзірге тұрғындар елді мекен әкімдерінің бюджет қаржысын игеру бағытында қабылдаған шешімдерінің заңдылығын, жариялылығын дәлелдеу үшін ғана пайдаланылып жатқан сыңайлы.


Анарбек ЖЕТПІС, ауыл тұрғыны:

- Өкінішке қарай, «біздің қоғам демократиялық үрдістерге белсене атсалысуға әлі дайын емес» деген сыңайда пікірлерді жиі естимін. Меніңше, ол - мүлде орынсыз пікір. Ешкім өз туған елінің болашағына бейжай қарай алмайды. Әсіресе, алтын бесік – ауылдың тағдыры барлығымызды алаңдатады. Сондықтан ауылдықтар жергілікті өзін-өзі басқаруға белсене атсалысатынына кәміл сенемін. Тек оларды осы игі іске жұмылдыра білу керек. Елді мекендердегі шешімін күткен мәселелерді сол ауылдың тұрғындарынан артық ешкім білмейді. Демек, жергілікті бюджетті тиімді игеру мәселесінде де олардың көмегі орасан. Бұл ретте, бір ғана әттеген-ай болуы мүмкін. Ертеңгі күні осынау маңызды шешімдерді қабылдайтын адамдардың саяси жауапкершілігі қазір қаншалықты айқындалып алынды? Қазына қаржысын үлестіріп, оның игерілуін бақылауда тұрғындардың құзіреті қандай болмақ? Осы мәселелерге дұрыс түсінік берілсе, бұл жаңа жүйенің болашағы зор деп білемін.


«Алаңды» үйлестірген – Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz