Хасеннің көңіл-күйі кешегіден де түсіп кетті. Өйткені жаңа үйге көшіп келгеніне төрт-бес ай болса да, өзгерген ешнәрсе жоқ. Үйдің бұрынғы иесі Васяның салған қора-қопсысы, еккен жеміс ағашы – бәрі сол қалпында. Бір өзгеріс енгізейін деп қаншама рет оқталса да, ештеңе өнбеді. Хасен тек ескі көмір қораны бұзып, біраз күн байыз тапқандай болды. Өзгеріс деген осы емес пе: бұрын мыжырайып тұрушы еді, енді орны тып-типыл. Бірақ орнына қайта қора тұрғызу Хасен үшін заманақыр-мен тең болды. Әуелі діңгек іздеп еді, біреуі ұзын, біреуі қысқа боп шықты. «Ағаш кесу керек, содан соң шұңқыр қазу керек, жоқ, болмайды. Ағашты да қалай болса солай өсірмей, кесіп қоймай ма, шұңқырды кім қазып отырады, қызық! Мен қырықтың үстіне енді шықсам да, мұндай өнімсіз жұмыспен айналыспаймын», - деп Хасен сүйменді ағашқа бір соқты да, бақшаға қарай жөнелді. Орыс халқы еңбекқор ғой, не жоқ дейсің, жеміс ағашы тұнып тұр. «Мына қарақаттарды жинап ап әйелім базарға сатса, ақша ғой. Шырғанақ ағаштарының жапырағы ғана сарғайғаны болмаса, жемістер суға қанып тұрған тәрізді. Кеше біздің сұлу суарған шығар, бүгін суармай-ақ, қояйын. Ертең жаңбыр жауады деген», - деп Хасен бақшадан да тез шықты.

Бойындағы еңбекке деген болар-болмас құштарлықты жалқаулық матап алды. Сәлден соң есіне бір ой сап ете қалды. Әп-сәтте қоймадағы бір қорап түзу шегені, балға мен балтаны, араны, не керек, құрал-сайманның барлығын қапқа салып, шие ағашының қасындағы шұңқырға тастап, бетін шөппен жауып тастады. Көңілдегі мазасыз ойдан да арылды. Енді ешкім де Хасенді қолынан түк келмейтін ақсаусақ деп айта алмайды. Әгараки әйелі емес, көршілері «қораңды неге салмайсың» десе, «құрал-саймандарымды жоғалтып алдым, бал-дызым келгенде салам ғой» деген сылтау айтып құтылмақшы. Балаби балдызының қолынан келмейтіні жоқ. Үй салу, егін егу, машина жөндеу, ток тарту – тұрмысқа қажеттің бәрін де жасайды. Хасен осы балдызын көп пай-даланатын. Екі аптадан соң келмекші еді Балаби, күтуге тура келеді. Хасеннің бір ғана жұмысы бар өмір бойы тұрақты атқарып келе жатқан. Тек сол жұмыстан ажырамасам болды дегенді күнде кешкісін құдайға құлаққағыс етеді. Қалтаға қомақты қаражат құятын қаншама жұмыс, шаруа жайын ойша таразылап көрді. Хасен әуелі гектарлап жер алып, картоп өсірмек болды. «Жеріңді дайындайсың, тыңайтқыш шашасың, топырақты майдалайсың, мені отырғызған соң суарасың, арам шөп пен күресесің, мәпелеп күтесің», - деген картоп талабын білгенде, Хасен алғашқы ойынан айныды. Содан соң «сауын сиыр ұстап, сүтін сатып пайда тапсам ба екен» деген ой жылтың етті. Хасен «сиыр ұстау жеңіл, арам шөп те жұлмайсың, топырақ та үймейсің, рахат емес пе» деп көңілі жайланып, көзін жұмған. Бірақ қысқы азық керек екені есіне түскенде, орнынан шоршып түсті.

Хасен үйіне кіріп, ештеңені ойлау-дың қажеті жоғын түсінді. Ойлаудың өзі адам миына салмақ түсіреді.

Хасеннің ешкімге ұқсамас бір ерекшелігі бар. Ол — шөптің басын сындырмас әрекетсіздігі, содан да оның қырық жылдан аса өмірі еш өзгеріссіз өтіп келеді.

Қоймадағы құрал-сайманы сол қалпы қапта қала берді. Бірнеше жыл өтсе де, қаптың аузы шешілмеді.

Хасен таңғы шайын ішіп, енді сыртқа беттеген еді, әйелінің дауысынан қалт тұра қалды.

- Хасен, тоқтай тұршы, мынаның басы қирап қал-ды, шегелеп бересің бе? – деп жұбайы сынған еден жуғышты Хасеннің алдына қойды.

- Сен де қызықсың, қоймада не балға, не бір шеге жоқ, қалай жөндеймін, - деп жалтардыХасен. - Мә, мұнда атамның балғасы бар, ал, - деп қобдишадан балға алып шықты әйелі. Хасен балғаны көріп, ашуы қарақазандай қайнап:

- Мен саған қанша рет айтам, атамның затын қай-тар, өзіне қажет болар! — деді.

- Хасен, атамда бір емес, үш балға бар, мұны саған берген кеше, - деді әйелі. Хасен қып-қызыл боп:

- Жарайды, әкел бері, қоймаға апарайын, бұл да бәрібір таңнан қалмай жоғалады, көресің, - деді де, есіктен шығып бара жатып әйеліне:

- Қоймада түзу шеге жоқ, қисық шеге болмаса, — деген сөзді естілер-естілмес етіп айтып, есікті тарс еткізді.

Әміржан БОЛАТХАНҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz