Салтанатты шараға облыс әкімі Болат Бақауов, жазушы, драматург, журналист, ҚР қоғам қайраткері, Әнес Сарай, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері, Павлодар облысының Құрметті азаматы Қуат Есімханов, сондай-ақ, Астана, Алматы қалаларынан келген зиялы қауым өкілдері қатысты.

- Бүгін - Ертіс-Баян өңірі үшін ерекше күн. Өңіріміздің бұлбұл әншісі атанған жерлес әншіміз Майра Шамсутдинованың құрметіне ескерткіш орнатылды. Рухани жаңғыруға бет алған тұста санамызды сілкінтіп, қазақтан шыққан әншіге мүсін орнату тарихи тұлғаларға көрсетілген тағзым деп білеміз. Осы орайда осындай абыройлы істердің басы-қасында жүретін ұлтжанды ағамыз Қуат Есімхановтың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Елін сүйген Қуат ағамыздың туған жерге, ел тарихына, өнерге деген шексіз қолдау көрсете білетіні баршаға мәлім. Игі бастамға бас болып жүрген ағаларымызға мың да бір алғыс, - деді аймақ басшысы Болат Бақауов.

Аталмыш шараға жиналғандар халық әншісінің рухына тағзым етіп, ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойды. Дарын иесі туралы естеліктер айтып, ұлы тұлғаларды ұлықтау перзент парызы екенін атап өті.

- Майра - өз заманында жұлқынып, қазақтың мәдениетінің ең үлкен сахнасына шыққан адам. Біржанның, Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың, Естайдың жасағандарын әйел адам арасынан бірінші жасаған - Майра. Ақын да - өзі, композитор да, сол туындыны орындаушы да - өзі. Қазақ елінде белгілі ақындар мен әншілер, сазгерлер көп болғанымен, осы қасиеттердің барлығын бір өзінің бойына жинаған Майраның орны ерекше. Кеңес дәуірінде Ертіс өңірінен шыққан Майра қазақ, татар және орыс тілдерінде ән салған. Белгілі этнограф Александр Затаевич «Қазақ халқының 1000 әнін» жина-ғанда 1926 жылы әншінің он үш әнін жазып алған. Өкінішке қарай, өнер иесіне бала сүю бақыты бұйырмаған. Небары 37 жасында қайтыс болған. Оның қай жерде жерленгені белгісіз. Сондықтан достарымызбен бірге есімін елге таныту мақсатында осындай ескерткіш орнату туралы шешім қабылдадық. Бұл - барлықтан емес, нарлықтан жасалған дүние. Бұл жер болашақта тұрғындардың ең сүйікті орындарының біріне айналады деген сенімдемін, - деді Қуат Есімханов.

Айта кетейік, мүсіннің биіктігі - үш жарым метр, салмағы - 270 келі. Мәскеу қаласында белгілі сәулетші Александр Рукавишниковтің шеберханасында құйылған. Ал туындының авторы - белгілі мүсінші Азат Баярлин. Ол бұған дейін Астанада Сәкен Сейфуллин, Омбыда Шоқан Уәлиханов және Түркістанда Мағжан Жұмабаевтың ескерткішін соққан. Еңселі ескерткіш таза қоладан жасалған.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz