Ақынның 160 жылдығына арналған ұлан-асыр той Жаңажол ауылына қарасты  Ескелді шатқалындағы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесінің маңында ұйымдастырылды. Бұл күні ғұламаның рухына тәу ете келгендер көп болды. Кесене маңына отыздан астам ақ шаңқан киіз үй бой көтеріпті. Әрбір ауданның атынан құрылған ақбоз үйлердің барлығында тойға келген қауымға арналып дастарқан жайылса, жергілікті өнерпаздар далада құрылған үлкен сахнада әсем ән, күмбірлі күйден шашу шашты. Сонымен қатар, жиналған жұрт осы күні Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мұражай кешенінде көптен күткен жағымды жаңалықтың куәсі болды. Ақынның осыдан бірнеше жыл бұрын жарық көрген 20 томдық шығармалар жинағының сандық нұсқасының тұсауы кесілді. Бұл - ақынның еңбегін көпшілікке қолжетімді ету мақсатында жасалған бірегей жоба.

- Мәшһүр Жүсіп атамыздың еңбектеріне деген сұраныс өте көп. Әсіресе 20 томдық шығармалар жинағын оқырмандар жиі іздейді. Сол себепті жинақтың цифрлық нұсқасын жарыққа шығаруды жөн санадық. Мұны С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың сайты арқылы кез келген адам оқи алады, - дейді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Мейірман.

Шара барысында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға облыс әкімі Болат Бақауов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай, ҚР Ұлттық Ғылым академиясы корреспондет-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Меруерт Әбусейітова, филология ғылымдарының докторы, профессор Аяжан Сағиқызы және М.Көпеевтің шөбересі Нартай Қуандықұлы қатысып, баяндама жасады.

- Биыл Ертіс-Баян өңірінде дүниеге келіп, ғазақ руханияты үшін тер төккен тарихи тұлғалардың мерейтойлары жоғары деңгейде аталып өтуде. Солардың бірі – ақын, философ, фольклортанушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 160 жылдық мерейтойы. Осы тойға еліміздің әр түкпірінен атамыздың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, насихаттап жүрген ғалымдар келді. Бүгінгі жиын барысында Мәшһүр Жүсіптің шығармаларын, ұлағатты, ойлы сөздерін халыққа насихат етіп, кейінгі ұрпаққа жеткізу бағытында түрлі ұсыныстар айтылуда. Қазақтай ел барда ғұламаның рухани мұралары ешқашан ұмытылмайды. Бұған дейін ақынның 20 томдық шығармалар жинағы және тұлғалық энциклопедиясы жарық көрді. Көптеген қалаларда көшелерге аты берілді. Мұндай ауқымды шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады, - деді аймақ басшысы Болат Бақауов.

Осыдан кейін республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, ақын Ғалым Жайлыбай сөз алып, бүкіл Павлодар жұртшылығын Мәшһүр атамыздың мерейтойымен құттықтады.

- Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы туралы көп әңгіме айтуға болады. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында қазақ жазба әдебиетінің негізін салушылардың бірі – осы Мәшһүр атамыз. Ғұлама бірнеше шет тілін меңгерген, әсіресе араб тілін жетік білген. Ол орыстың үлкен академик ғалымы Радловпен тығыз байланыста болған. Көзі тірісінде ұлт руханиятына, тарихы мен мәдениетіне қатысты мол байлық қалдырған тұлғаны бұлай әспеттемеу мүмкін емес. Бүгінгі той – ұлылықтың тойы, парасаттылықтың тойы, барша қазақтың тойы. Бүгінгі қуанышқа ортақ сіз бен біз ғана емес, Атырау мен Алтай арасындағы иісі қазақ естіп біліп отыр. Осындай өнегелі, өрісті шара өңірлеріңізде жалғасын таба берсін, - деп сөзін аяқтады танымал ақын.

Осыдан кейін филология ғылымдарының докторы, профессор Аяжан Сағиқызы республикалық философия және саясаттану институты қабырғасында жарық көрген Мәшһүр Жүсіптің философиялық, эстетикалық көзқарасы туралы шығармалар жинағын облыс әкімдігіне табыс етті. Оның сөзінше, шетелдік ғалымдар Мәшһүр Жүсіп феноменін зерттеуге ден қойып жатыр. Сондықтан алдағы уақытта осындай ұлы ғұламалардың, ақындардың еңбектерін шет тілдерге аударып, қазақ мәдениеті мен әдебиетін әлемге насихаттау жұмысы қолға алынады.

Мешіті бар, көшесі жоқ...

Қазақ ауыз әдебиетін жинауға зор еңбек сіңірген ойшыл Мәшһүр Жүсіп бабамыздың тойына арналған ақындар айтысы екі күнге жалғасты. Айтыстың алғашқы бөлімі тойдан бір күн бұрын Баянауыл ауданына қарасты Жаңажол ауылының мәдениет үйінде болды. Айтыс сахнасына шашасына шаң жұқтырмай талай аламан айтыста топ жарған танымал ақындармен қатар, айтыс өнеріне енді ғана қосылған жас таланттар да шығып, сөз сайыстырды. Айтысқа барлығы 16 ақын қатысыпты. Оның алтауы ақтық мәреге өтіп, кесене басына жиналан қалың елдің алдында айтысты. Олар - баянауылдық Тілек Сейітов, Нұрқанат Қайрат, Мәрес Байрон, Нұрсұлтан Қабиден және Павлодар қаласының ақындары Қуанышбек Шарманов пен Айбек Оралхан. Бұл жолы сахнаға бірінші болып Айбек пен Нұрсұлтан шығып, аға мен іні арасындағы ақкөңіл жарасымы мен сыйластығын көрсете білді. Одан кейін қиқулаған қалың көрерменнің алдына Нұрқанат пен Мәрес шықса, үшінші жұп болып Қуанышбек Шарманов пен Тілек Сейітов айтысты.

Сахнада сөз бастаған Тілек ақын:
Бағасын басшылардың халық берер,
Жақсы адам жан-жағына жарық төгер.
Бұл тойға Болат әкім өзі кепті,
Әр істің ебін тапқан алып шебер.
Көшеден Кутузовтың көзін құрттың,
Ағайын еңбегіңді анық көрер.
«Ленинді» «Астанаға» өзгерттіңіз,
Жаңа көше жұртыма жарық берер.
Мәшһүрдің мешіті бар, көшесі жоқ,
Сізден үміт күтеді халық кемел.
Өзіңдей ұлтжанды ұлдар аман болса,
Павлодардан бір көше алып берер, - деп облыс орталығынан бір көшеге Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің есімін берер сәт келгенін сөзге тиек етті.

Бұл ретте сөз кезегін алған Қуанышек Шарманов:
Мәшһүр Жүсіп дегенде
Алламыз еске түседі,
160 жасын тойлатып,
Жадырап күліп шаттанған
Басымызға бақ қонған
Азаттыққа шүкір деп
Тәубамыз еске түседі, - деп бүгінгі торқалы тойдың, қызық-қуаныштың барлығы Алла нәсіп еткен азаттықтың арқасы екенін атай келе:
Орайы келіп тұрғанда,
Жолымды саған берейін.
Ауылыңда өзіңнің,
Шаттыққа толып жүрегің,
Асқақ болсын мерейің, -  деп қарсыласына жолын берді.

Екі күнге жалғасқан ақындар айтысының қорытындысы бойынша бірінші орын Тілек Сейітовке бұйырса, екінші орынды Қуанышбек Шарманов еншіледі. Ал бұған дейін талай республикалық жыр аламандарында топ жарып жүрген баянауылдық ақын Нұрқанат Қайратқа үшінші орын берілді. Сонымен қатар, осы айтыста есті сөз айтып, елдің қошеметіне бөленген тағы бір топ ақынға Мәшһүр Жүсіп, Бұқар жырау, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұса Шорман атындағы арнайы жүлделер берілді. Естеріңізде болса, осы тойдан бір күн бұрын Павлодар қаласындағы «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени сауық орталығында бабамыздың осы мерейтойына арналған «Көне ғасыр күмбірі» атты республикалық жыршы-жырау, термешілердің байқауы болып өткен болатын. Сол байқаудың қорытындысы да осы сахнада шығарылды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғалым Жайлыбай бастаған қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесі Шымкенттен келген танымал жас жыршы, термеші Руслан Ақынбаевқа бұйырды. Бірінші орынға елордалық Қоныс Жүсіп таңдалса, екінші орынды маңғыстаулық Бақдәулет Толыбекұлы мен өзіміздің жерлесіміз, екібастұздық Жәнібек сал Мәліков еншіледі.

- Жалпы, Мәшһүр атамыздың ауылында айтыс өтпегелі көп уақыт өтіпті. Сол бір олқылықтың орны толып, ауылымызға орақ тілді, от ауызды ақындар келіп, бір шабыттанып қалдық. Айтыс десе арқасы қозатын жұртшылықтың ақындарға деген қошеметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.  Соған қарағанда, айтыстың деңгейі жоғары болды деуге болады. Көрерменге көрікті жыр сыйлаған ақындарға және осы шараны ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз, - деді қазылар алқасының мүшесі, ақын Балтабай Сыздықов.

Тілеуберді САХАБА


Мейрам ҚАРАСАРТОВ, ақын, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Біздің ата-бабаларымыз кезінде Мәшекеңнің әулетімен ауылы аралас, қойы қоралас болыпты. 1932 жылы Қызылтаудан Қарағандының Бұқар жырау ауданына қоныс аударыпты.  Бүгінде ғұламаның ұрпақтарымен тығыз араласып тұрамыз. Ертіс-Баян өңіріне келсек, Ескелдіге ат басын бұрмай кетпейміз. Жақында атамыздың мерейтойы болады дегенді естіп, шақырту күтпестен асыға жеттік. Жалпы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы -  осы Павлодар өңіріне ғана емес, бүкіл қазақ даласына аты мәшһүр тұлға. Сондықтан, биылғы мерейтойы біздің Қарағанды өңірінде де жоғары деңгейде аталып өтілуде.

saryarka-samaly.kz