- Балнұр, сені «Әлем чемпионы» атағыңмен «Айналайынды» оқитын үлкен-кіші барша оқырманның атынан құттықтаймыз.

- Рақмет!

- Таэквондомен айналысқан өзіңе ұнай ма? Қай жерлерде болдың?

- Әрине, ұнайды. Ұнамаса, айналыспас едім. 8 жасымда әкем «Қаһарман» таэквандо мектебіне апарған болатын. Жеке жаттықтырушым – Людмила Васильевна Паршукова. Ал Сұлтанғазин Кален – ғаламдық Таэквондо облыстық федерациясының президенті. Менің жеңістерімде осы адамдардың үлесі бар. Мен Африкаға барғанға дейін Ақтөбе, Көкшетау, Атырау, Қарағанды, Алматы қалаларында өткен турнирлерге қатыстым. Бәрінде жүлде алдым.

- Бәрекелді! Жалпы, таэквон-домен батыл балалар айналысады. Сен нәзіксің. Қорықпадың ба?

- Білем, таэквондомен айналысу үшін қиындықтан қорықпау керек. Ал нәзік болғаным, жалпы, спортта толық болмай, үнемі жаттығу жасап, бұлшық еттерді, аяқ-қол, денені шынықтырып отыру керек. Спортшыларға артық салмақ зиян. Әдіс-тәсілдерді күшті меңгеру керек.

- Әлем чемпионы атану қиын ба? Қатты қуанған боларсың? Өйткені сен бүкіл Қазақстанды әлемге таныттың ғой...

- Білмеймін, чемпион атану... (ойланып қалды). Қуандым ғой, қуандым. Бұл жарысқа ұзақ дайындалдым. Мен 8 жасымда таэквондоға бардым дедім ғой, сонда бір айдан кейін «Кубок Севера» турниріне шығарды, жекпе-жекке, 23-25 келілік салмақта. Дарина, Адина деген қыздар қарсыласым болды. Екеуін де жеңдім.

- О, жарайсың. Ал Африкаға қалай бардың?

- Африкаға бару маған оңайға түскен жоқ. Себебі, көп ақша керек екен. Әкем қатты қиналды. Мен бала болсам да сезіп отырдым. Алыс жол, қомақты қаражат. Кален аға мен әкем демеуші іздеп көп жүгірді. Бір күні әлеуметтік желіден оқыған болса керек, әкемнің алматылық бір әріптесі Анар Құсайынова деген әпкеміз хабарласып, баланың бағын байламайық, барсын, көрсін деп көп қаражат тауып берді. Осыдан кейін мен жеңілуге болмайтынын сездім, намысқа тырысып, жеңем деп шештім.

- Қиын болған екен. Бірақ намысқа тырысқаның - сенің ақылдылығың, өжеттілігің ғой. Сосын...

- Бізді республика бойынша іріктеді. Қазақстанның құрама командасына бірден қабылдады, 9-11 жас аралығындағы 30 бала болдық, әр түрлі салмақта. Павлодардан 9 жастағы Шәмсия Қабдолова, Рауан Базарбаев және мен – 3 бала бардық.

- Африка мен Қазақстан, Павлодардың арасы алыс, өте алыс. Талай елдерден, өзен-мұхиттардан, биік-биік шыңдардан асып өттіңдер. Қиын болды ма? Ойландың ба?

- Аздап қорықтым, өйткені үйден жарты айға кеттім. Бірақ қасымызда жаттықтырушылар болды. Алдымен Астанаға бардық. Астанадан Дубайға ұштық, самолетпен. Самолетпен ұшу қызық екен. Иллюминатордан бұлттарды көрдім, қолмен ұстап алатындай, жап-жақын. Аспанға қарасам, бұлт жоқ, көкпеңбек екен. Біз 5 сағат ұштық. Жолда самолеттің ішінде тамақ берді.

- Дубайда не істедіңдер?

- Дубай - әдемі қала. Аэропорты үлкен, адамдар көп. Біз ол жерде 8 күн болдық. Үлкен отельге орналастық. Бөлмелері үлкен, кең, таза, телевизор бар. Бассейнде, теңізде шомылдық, жаттықтық, түрлі аттракциондарға бардық, океанариумнан теңізде жүзетін алып балықтарды көрдік. 8 күн өткен соң жарыс өтетін Африкаға, Дурбанға тағы самолетпен 8 сағат ұштық. Мен бәрін видеоға түсіріп отырдым. Тағы бұлтты, биік аспанды, күнді көрдім, жақыннан. Қызық болды, біз барғанда Африкада қыс екен.

- Сонда... қар жатыр ма?

- Жоқ, Африкада қар болмайды ғой.

- Солай ма?

- Иә, ол жақ қатты ыстық. Өмірі қар жаумайды екен.

- Сөзіңді бөлейін, Балнұр, жұрттың бәрі сені «Әжесінің баласы» дейді екен.

- Ол рас, әжемнің баласымын. Әжемнің аты – Оралша, жасы 81-де. Кетерде әжеме бардық, батасын алдым. «Аман-есен барып кел, жеңіске жет! Құдайға тапсырдым» деді.

- Сонда әжеңнің батасы қабыл болған ғой.

- Иә, өйткені ол өте жақсы адам. Менің тілеуімді тілеп отырады үнемі. Дурбанда тағы отельге орналастырды. Қыс болса да күн ыстық екен. Біз түсінбейтін басқа тілдерде сөйлейді. ...Жекпе-жек басталды. Мен алдымен сол Африка елінің қызымен шықтым. Мықты екен. Бірақ мен аяқпен бастан бірнеше рет ұрдым, өзіме соққы дарытпадым. Содан ұпай жинап алдым. Төреші менің қолымды көтерді. Сосын соңғы финалға шықтым, Ақтөбеден келген қызбен. Аты – Индира. Екеуіміз әлем чемпионы атағына таласатын болдық. Мен Индирамен 2016 жылы «Боец Азии» турнирінде жекпе-жекке шыққам, жеңгем. Әдіс-тәсілін жақсы білем, Дубайдағы жаттығуларда да байқап жүрдім. Бұл жолғы жекпе-жекте ол көп қорғанды және өзі доянгтен (рингтен) шығып кете берді, содан да ұпайы кеміп қалды. Мен батыл қимылдадым. Ақыры жеңіске жеттім, Әлем чемпионы атандым. Ал жерлестерім Рауан Базарбаев та чемпион атанып, алтыннан алқа тақты. Шамсия Қабдолова қола медальға ие болды.

- Жарайсыңдар! Құтты болсын! Ал, Балнұр, болашақта қандай мамандықты таңдайсың?

- Әзірге таэквондомен айналысамын. Өскен соң Павлодарда шамам жетсе мейрамхана ашсам деймін. Онда тек қазақтың тамақтарын пісіретін боламыз. Әйтпесе, біздегі мейрамханаларда ылғи шет елдің тамағын пісіреді. Бірақ мен картоп ботқасын (пюре) ұнатамын.

- Картоптың пайдасы көп қой.

- Иә. Бірақ менің мейрамханамда қазақтың асы пісіріліп, қазақтың ғана музыкасы ойнайтын болады. ...Үйде бауырым бар, аты - Ғалымжан, 4 жаста. Ол футбол ойнағанды жақсы көреді. Футболшы болатын шығар.

- Әрине, үйретесің ғой, спортқа. Ал, Балнұр, сабақ басталғанға дейін әлі көп күн бар. Оған дейін жақсылап демал! Күш жина! «Айналайынның» оқырмандарына не айтар едің?

- Балалар спортпен айналысуы керек. Өйткені денсаулық мықты болады, үнемі жаттығасың, сымбатты боласың, бойың өседі. Отырғанда, жүргенде арқаңды тік ұстайсың. Ізденесің, жеңіске ұмтыласың, ойланасың. Бұл өте қызық! Сондықтан «Айналайынның» оқырмандарының бәрі спортшы болса деймін.

- Бәрекелді, Балнұр. Балалардың арасында сен секілді спортшылар көп шықса, қандай жақсы! Ал сен бізге үлкен жеңіс әкелдің! Жеңісті күндерің көп болсын!

Сұхбаттасқан – Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz