Тәуелсіздік жылдарында еліміз Ұлт көшбасшысының стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегенділігі, сарабдал саясаткерлігі арқасында экономикалық, саяси, әлеуметтік реформаларды табысты жүзеге асырды. Ендігі меже – ұлттық рухани жаңғыруға нық қадам басу. Ол үшін өткен тарихтан сабақ ала отырып, ежелгі ата-бабалар өркениетін терең тану және сол арқылы сананы жаңғырту қажет. Міне, осы мақсатқа жетудің жолдары мен тетіктері «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында жан-жақты талданған.

Ықылым заманнан Ұлы даланы мекен еткен ата-бабамыз адамзат баласы үшін көптеген игі материалдық және рухани құндылықтарды ойлап тапқаны жасырын емес. Еуразия құрлығында алғаш рет атқа міну мәдениетін қалыптастыра отырып, біздің ата-бабамыз ұлы технологиялық революция жасады. Ықшам киім, түзу және иілген қылыш көшпенділер өркениетінен әлемге тараған құнды мұраға айналды. Бұған қоса қазба жұмыстары нәтижесінде қазақ жерінен табылған Алтын адам, тұрмыстық заттар, қару-жарақ пен әшекей бұйымдар металлургия өндірісінің жетістігі екенін айғақтайды. Ата-бабаларымыздың қоршаған ортамен үйлесімде өмір сүруі, табиғат тілін білуі - бүгінгі өскелең ұрпақ үшін үлгі аларлық тамаша өнеге екені даусыз.

Мақаланы оқи отырып, түркі әлемі, Ұлы Жібек жолы, алма мен қызғалдақ отаны болып табылатын қазіргі тәуелсіз Қазақстанның бай тарихы, мәдениеті, әдебиеті мен рухани әлеміне терең бойлайсыз. Сонымен қатар бағдарламалық мақалада ұлттық рухани қазынаны жүйелі әрі заманауи тұрғыдан терең танудың амал-жолдарымен де танысасыз.

Мақалада «Архив – 2025» пен ұлы есімдер тарауларында тарихи жылнамадағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтірудің заманауи жолдары баяндалады. Бұл тарауларда гуманитарлық ғылымдар саласындағы ғалымдар үшін жаңа жобалар мен тың идеялар айтылған. Әсіресе, Ұлы дала төсінде дүниеге келген адамзатқа ортақ тарихи тұлғалар: Әл-Фараби, Яссауи, Күлтегін, Бейбарыс, Әз-Тәуке, Абылай, Кенесары, Абайлар өнегесі мен мұрасын тану жолында «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар бейнесінің галереясын жасау идеялары қоғамдық ғылымдардың дамуына жол ашатын бастама деп білеміз.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласымен үндес «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы төл тарихты терең тану арқылы бүгінгі күннің нақты жоспарын құрып, елімізді жаңа табыстарға жетелеудің кепілі боларына кәміл сенеміз.

Түркі әлемі, оған дейінгі ежелгі өркениеттен бүгінгі адамзатқа игі құндылықтар мұра болып жеткені белгілі. Қазіргі Қазақстан жері әлем өркениеті үшін баға жетпес материалдық, технологиялық және рухани құндылықтарды тарту етті. Ұлы даланың жеті қыры мыңдаған жылдар бойы адамзат үшін игі қызмет атқаруда. Бұл ретте Елбасы мақаласының негізгі өзегі болған рухани құндылықтарды жаңаша бағамдау, зерделеу мен терең тану болашақ үшін жемісті нәтиже болары даусыз.


Ақылбек САТЫБАЛДИН, ПМПУ-дің қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы.

saryarka-samaly.kz