Жастармен жүздесті

Береговое ауылының мәдениет үйінде өткен облыс әкімі Б.Бақауовпен кездесуге ауданға қарасты 12 ауылдық округтен 180 жас қатысты. Олардың барлығы бизнес ашуға ниетті. Араларында құс өсіріп, тігін-шілікпен айналысып, омарташылық сияқты шағын кәсібін дөңгелетіп отырғандар да бар. Кездесу барысында мемлекет тарапынан бизнесті дамытуға көрсетілетін қолдау шаралары талқыланды. Жиынға аталған салаға жауапты мемлекеттік мекемелердің, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басшылары қатысты.

Аймақ басшысы Павлодар облысында белсенді ұл-қыздарды, әсіресе, өз ісін ашқысы келетін жастарды қолдау жақсы жолға қойылғанын атап өтті.

- Осы кездесу алдында Тереңкөл ауда-нының әр ауылдық округінен өз жобасын ұсынған немесе кәсібін ашқысы келетін 15 жас азаматтан таңдап алдық. Мемлекеттік бағдарламалардың әлеуеті бизнес-жобаларды ауылдық жерлерде де жүзеге асыруға жеткілікті деп ойлаймын. Сондықтан сіздерді бизнес ашуға шақырамын. Жастар кәсіпкерлігін дамыту мәселесін өзім бақылайтын боламын. Белсенді ұл-қыздардың жобалары табысты жұмыс істеуі үшін бар күшімді жұмсаймын, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы жастар кәсіпкерлігін дамыту қала, аудан, ауыл әкімдерінің басты міндеттерінің біріне айналуы тиіс екенін баса айтты. Алдағы уақытта жастарды бизнес жүргізуде көптеп оқыту жоспарланып отыр. Тек олар дұрыс таңдау жасай білуі қажет.

- Ең бастысы, өмірде алдарыңызға нақты мақсат қоя білгендеріңіз жөн. Армандарыңыз айқын болса, оны жүзеге асыру оңайға түседі. Бір ескертетін жағдай, той жасауға несие алмаңыздар. Одан да бизнес бастау мақсатында несие алған жөн болар. Сіздердің болашақтарыңыз - өз қолдарыңызда, - деді аймақ басшысы.

Кездесу барысында жастар кәсіп ашып, оны жүргізуге қатысты өздерін мазалаған сұрақтарды қойып, тиісті жауап алды. Мұндай кездесулер өзге аудандарда да ұйымдастырылмақ.

Жоғары көрсеткіш

Тереңкөл ауданында тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту жұмысы оң жолға қойылған. Аймақ басшысы өңірге жұмыс сапары барысында Береговой ауылында құрылысы жүріп жатқан су құбырымен және аудан орталығындағы су тазарту станциясының жұмысымен танысты.

Аудандағы елді мекендердің 85 пайызы орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Бұл - орташа республикалық деңгейден де жоғары. Ал облыс бойынша аталған көрсеткіш 29 пайызды құрап отыр. Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстарға оң бағасын берді. Енді алдағы бір-екі жылдың ішінде көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді тапсырды. Шағын елді мекендерге кешенді блок модульдер орнатуды ұсынды.

Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Әсия Жүсіпова- ның айтуынша, өткен жылы Федоровка және Жаңабет ауылдарына су құбыры тартылып, аудан орталығында су тазарту станциясы қайта жөндеуден өткізілген. Биыл Береговой ауылында орталықтандырылған су құбырының құрылысы аяқталмақ. Ал Воскересенка ауылында құрылыс басталады. Қызылтаң ауылына жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Осьмерыжск және Зеленая роща ауылдарында су қорын зерттеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта жобалау жұмыстарын жасау жоспарланған.

Шаруашылықты ширату қажет

Облыс әкімі Б.Бақауов «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында қоғам- дық қабылдау өткізді. Жеке мәселелерімен келген тұрғындардың өтініштерін тыңдап, оларды шешу бойынша тиісті тапсырмалар берді. Аймақ басшысынан көмек сұрай келгендердің бірі - Песчан ауылының тұрғыны Ольга Приймак. Ол бұған дейін Болат Жұмабекұлының инстаграмм парақшасына да өтініш жазып, қалдырған екен. Екі бала тәрбиелеп отырған жалғыз басты ана тұрғын үйін жөндеуге көмек сұрады. Себебі, баспанасы апаттық жағдайда тұр. Салдарынан О.Приймак балаларымен ауылдастарының үйін мекендеуге мәжбүр. Аймақ басшысы жергілікті атқарушы органдарға тиісті көмек көрсетуді тапсырды. Бұдан бөлек, ауданда жабық хоккей алаңын салып беруді сұраған азаматтар да болды. Б.Бақауов бұл ұсынысты қолдады.

Сондай-ақ, облыс әкімі партия кеңсесінде жергілікті шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. Жиын барысында тауарлы сүт фермаларын ашу, ауыл шаруашылығына инвестиция тарту мәселелері сөз болды.

Өкінішке қарай, аудан шаруалары мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын нақты білмейді. Бизнесті дамытуға, соның ішінде, ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың талаптарынан хабарсыз. Салдарынан, кәсіптерін дамытудың тетіктерін таба алмауда. Өңірде бірде-бір шаруашылық ірі тауарлы сүт фермасын ашуға тәуекел ете алмай отыр. Барлығы 400 бас ірі қараға арналған шағын фермалармен шектелуде. Бұл жобалардың өзі бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқанымен, әлі күнге дейін жүзеге асырылмаған.

Бұл ретте, аймақ басшысы бизнесті мемлекеттік қолдау тақырыбында ауыл әкімдеріне оқыту курстарын ұйымдастыру қажеттілігін атап өтті. Себебі жергілікті атқарушы билік өкілдері шаруаларға дұрыс бағыт-бағдар бере алмай отыр.

Баспана берілді

Аймақ басшысы Жаңабет ауылында болып, жаңадан ашылған дәмхананың жұмысымен танысты. Сондай-ақ, ауылда баспаналы болған көпбалалы отбасының шаңырағына бас сұқты. Дүниеге алты бала әкеліп, тәрбиелеп отырған Фейстовтар жанұясы наурыз айында қоныс тойын тойлаған. Бұған дейін олар тұрған үй апаттық жағдайда болған. Осы мәселені ескеріп, жергілікті билік көпбалалы отбасына жаңа баспана беріпті.

- Қуанышымызда шек жоқ. Үйіміз кең, жайлы. Қаланың пәтерлерінен кем түспейді. Жуынатын бөлмесі үйдің ішінде. Балалар үшін өте жақсы. Өкінішке қарай, бұрынғы үйіміз әбден ескірген еді. Апаттық жағдайда тұрды. Оны жөндеуге шамамыз келмеген соң әкімдіктен көмек сұрадық. Бірден қолдады. Осылайша, наурыз айында қоныс тойын тойладық, - дейді Татьяна Фейстова.

Бұдан бөлек, облыс әкімі Тереңкөл ауылында жаңадан ашылған бірқатар сауда орындарының жұмысымен танысты.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz