Бұрын бір ғана терапевт дәрігердің жолдамасымен-ақ демалыс үйлеріне барып жүрген зейнеткерлер енді апталап анализ тапсырып, сандалуға мәжбүр болдық дейді. Редакциямызға хабарласқан зейнеткер Мәкен Кәрімова замандастарының мұңын жеткізді. Айтуынша, 1,5 жыл кезегін күтіп, шипажайға берілетін жолдамасын алуға барғанда Павлодар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегілер қолына екі бет медициналық картаны ұстатып, жеделдетіп барлық анализдерге талдау жасатып, дәрігердің рұқсатын алып келуін айтқан. Сандалып жүрген ана «қарапайым шипажайға барудың жолын қиындатып жіберу кімге керек болды?» деп ашынады.

- Медициналық картада қаптаған анализдерді көргенде шошып кеттім. Себебі осыдан екі жыл бұрын демалысқа барғанымда тек өзіміздің учаскелік терапевт дәрігерімізден бір-екі анализдің қорытындысымен-ақ жолдама алып барып жүрдік. Енді міне, мына медициналық картасында бас-аяғы 15 дәрігерге барып, талдау жасатуымыз керек екен. Кейбіріне бару үшін қаланың бір шетінен, екінші шетіне жүруім керек. Бір апта өтті, 10 күндік демалысқа барамыз деп аурухана жағалап жүргенімізге. Бұл деген сұмдық қой! Мына талдаулардың ішінде біздің шипажайға жолдама алуымызға аса бір қажеті жоқтары да бар.

Қарт адамдарға жеңілдік пен жағдай жасағанның орнына, қағазға байлап, жүгірісті көбейтіп қойды. Ардагерлердің арасында да жалғызбасты, көлігі жоқ адамдар жетіп жатыр. Осының бірін ескеріп жатқан билік жоқ. Тіпті, мына карталарының өзі ақылы екен. 2-3 мың теңгеге сатып алдық, - дейді Мәкен Кәрімова.

Ал жасы 70-тен асқан, бүгінде ІІ топтағы мүгедек Ханипа Төлеуова апамыз да соңғы жылдары осы мәселенің қолбайлау болып отырғанын айтады.

- Жылына бір рет «Ардагер» шипажай орталығына барып, ем-шара алып қайтамын. Бірақ, кезекке тұрып, оны күтуден емес, медициналық картадағы дәрігерлердің есігін жағалаудан шаршаймыз. Себебі менің ондай жерлерде жүріп-тұруым қиын. Ал анализдерді бір күнде тапсырып, қорытындысын ала алмаймыз. Кемі 3-4 күн кетеді. Менің қағаздарымды түгендеймін деп балаларым да жұмысынан қалып жатады. Зейнеткерлерге, мүгедектерге жеңілдік бар деп айтады. Бірақ, соны өз басым көрмедім, - дейді Ханипа ана.

Папка толы құжат жинап, аурухана жағалаудан шаршаған ардагерлердің мәселесінің мән-жайын анықтау үшін Павлодар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарластық. «Азаматтардың өтініштерімен және әлеуметтік мекемелермен жұмыс жөніндегі» секторының меңгерушісі Шынар Қайырова әзірге мүмкіндігі шектеулі адамдардан осы тақырып аясында шағым түспегенін, алайда зейнеткерлердің жиі арызданатынын айтты.

- Айтылған мәселелермен біз таныспыз. Себебі соңғы 3-4 жылда дәл осы медициналық картаға байланысты шағым айтып келмеген адам қалмаған шығар. Шипажайларға демалысқа баратын ардагерлер картада көрсетілген барлық дәрігерлердің қорытындысын алып келуге міндетті. Бұл - 2015 жылы министрліктің арнайы нұсқауымен бекітілген қаулы. Біз заңға бағынамыз. Негізі медициналық картаның енгізілуіне көптеген жағдайлар себеп болды. Мысалы, бұл заң қолданысқа енбей тұрғанда, бір ғана терапевт дәрігердің рұқсатымен келетін адамдардың арасында туберкулезбен ауыратын, психикалық ауытқулары бар науқастар және өзге де жұқпалы дертпен сырқаттанғандар келіп жүрді. Бұл өзге адамдар үшін қауіпті емес пе? - дейі Шынар Қайырова.

Сектор меңгерушісі өзге демалу-шылардың өміріне қауіп төндірмеу үшін аталған картаның болғанын құп көретінін жеткізді. Себебі анализдерден өту қиын болғанымен, оның адам денсаулығы үшін пайдасы бар дейді.

- Біздің жұмыста күн сайын түрлі қиындықтарға тап боламыз. Мысалы, өткен жылы санаторийге келген бір апамыз аяқ асты жоғалып кетті. Таңғы және түскі асқа келмегеннен кейін іздеуге кірістік. Демалыс аймағынан таппаған соң туыс-туғандарына хабарласып, дабыл қағуымызға тура келді. Сөйтсек, әлгі апамыз, күні бойы бөлмесіндегі шкафтың үстіне шығып алып, тығылып отырған. Әлгі кісінің бойында шамалы психикалық ауытқудың бары белгілі болды. Міне, осындай қиындықтарды болдырмас үшін, өзге адамдарға зиянын тигізбес үшін біз міндетті мамандардың қорытындысын әкелуді тапсырамыз, - дейді Ш.Қайырова.

Сонымен шағымданушылардың мәселесіне қатысты жауап берген сала мамандары медициналық картада көрсетілген дәрігерлерге барып, анализ жасату «міндетті» дегенді кесіп айтты. Есесіне, шаһардағы қос санаторий яғни «Ардагер» мен «Жемчужина» да келушілердің денсаулығын жақсартуға арналған 19 сирек кездесетін ем-шара қызметі көрсетілетінін атап өтті. Бұдан бөлек, бос уақытын тиімді пайдалану үшін арнайы үйірмелер жұмыс істеп, компьютердің тілін меңгеруді қалайтындар үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған.


ТҮЙІН:

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейтін еді атам қазақ. Халқымыздың ата салтында самайын ақ шалған қарияның алдына жастар шағым айтып баратын болса, қазір таяғын сүйретіп қарияларымыз түрлі мекеменің есігін жағалайтын күнге жеттік. Мұны қанша жерден заңға тіреп, «бағынамыз» десек те, қамсыз қарттық егде жастағыларға шын бақыт екенін ұмытпайық. Қолына қос бет құжат ұстатып, қала кездіртпей, құрмет көрсетіп, төрден орын берген абзал...

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz