Осы оқиғадан кейін біз шебердің өзімен тілдесіп едік. Марат Шайкенұлының әңгімелеуінше, Сәкен Сейфуллиннің мерейто-йына жерлестері ұйымшылдықпен дайындалған. Ауыл тұрғындары бірлесіп саябақ жасап, оның ортасына ұлы тұлғаның мүсінін қоюды көздеген. Сөйтіп, мүсіншілер арасында таңдау жүргізген. Ұйымдастырушыларға павлодарлық Марат Әбілқасымовтың ұсынған жобасы ұнаған.

- Маған дейін бір мүсінші өзінің жобасын әкеліп, көрсеткен екен. Онда атқа мініп, қолына домбыра ұстап отырған адамның бейнесі келтірілген. Сірә, әуелде ол жоба өзге тарихи тұлғаның ескерткішіне лайықталған, әйтпесе Сәкен ақын қолына домбыра ұстап, ауыл-ауылды аралап ән салған, айтысқа араласқан адам емес қой. Ол – жоғары деңгейдегі мемлекет қайраткері, жалынды ақын, кескін-келбеті келіскен, сырбаз интеллигент. Сәкен Сейфуллиннің тасқа жайғасып, алысқа көз тігіп ойланып отырған бейнесі маған тартымды әрі ұтымды көрінді. Бір қызығы, кейін ақында дәл сондай сурет болғанын естідім. Сөйтіп, ұйымдастырушылардың көңілінен шықтым. Олардың тапсырысын қабылдаған бойда іске кірісіп кеттім, бас-аяғы 25 күннің ішінде бетоннан құйылған ақын мүсіні әзір болды, дейді шебер.

Ақын ескерткіші тұғырының биіктігі 1,7 метр болса, нақты ескерткіштің биіктігі 2,5 метрге жуық. М.Әбілқасымов еңбектену барысында Сәкен Сейфуллиннің бет-пішінін айнытпай келтіруге күш салған екен. Себебі, бұған дейін әр жерде орнатылған ескерткіштер сол тарихи тұлғалардың өзінің өмірдегі бейнесіне ұқсамай кететін жайттар кездескен. Ал ақынның бет-жүзін интернеттегі суреттерді қарастырып отырып, таңдап алып, айнытпай салған.

- Бұл - жауапкершілікке толы жұмыс. Сондықтан мен жұмысымды ескерткіштің беткі жағынан бастадым. Қарағандыға бармас бұрын, Павлодарда ақынның бетін, көзін, мұрны мен қас-қабағын келтіру үшін формасын балшықтан әзірлеп алдым. Әрі қарай гипс пайдаланылып, ішіне бетон құйылды. Жалпы, бетоннан әзірленген ескерткіштер төзімді, берік келеді. Ылғал, жаңбыр тиген сайын қатайып, нығая түсетін қасиеті бар, - дейді мүсінші.

Не керек, жаңаарқалықтар тілегі айтқан уақытында орындалды. М.Әбілқасымов 25 күн ішінде барлық жұмыстарды атқарып шыққан. Ашылу рәсіміне қатысқан жұртшылық жоғары бағасын берді. Көпшілігі ақын ескерткішінің бет-жүзіне мән беріп, туындының сапасына көңілі толғанын жеткізді. Кейбіреулер Жезқазғанда орнатылған ақын ескерткіші онша ұқсай қоймайтынын еске алып жатты.

- Мерейтойлық шараларға Сәкен Сейфуллиннің Мәжит деген ағасынан тараған ұрпақтары да келді. Мәжиттің шөбересінің аты-жөні де - Сәкен Сейфуллин екен. Қайраткердің ағасының қызынан өрбіген жиендері де қатысты. Барлығы маған өз алғыстарын білдірді. Мен өзіме тапсырылған істі абыроймен атқарып шыққаныма риза болдым, - дейді Марат Шайкенұлы.

Әңгімелесе келе, М.Әбілқасымовтың Қарағандыда ескерткіш орнату тәжірибесі бұрын да болғанын білдік. Мысалға, ол 2016 жылы Аралбай батырдың ескерткішін жасаған екен. Батырдың ұрпақтары жиналып, ескерткіш қойып, ас беріпті. Сол жолғы еңбегін еске алған жаңаарқалықтар павлодарлық мүсіншіні Сәкен Сейфуллиннің тас тұлғасын жасауға шақырып, сеніп тапсырған екен. 2015 жылы М.Әбілқасымов Абайдың 170 жылдық мерейтойын атап өту аясында Семейде ашылған Мамай батырдың ескерткішін жасаған.

Шебердің жұмыстары Павлодар қаласында да бар. Облыс орталығының Химқалашық шағын ауданында 1930 жылдарда болған аштық және қуғын-сүргін құрбан-дарына арналып ашылған ескерткіш-монументтің авторы осы – Марат Шайкенұлы. Бұл - мұсылмандық тұрғысынан алып қарасақ та, барша халықтың, елдің басынан өткен қасіретті ұмыттырмас белгісі ретінде қабылдасақ та, маңызы жоғары монумент. Оның ұйымдастырылуына сол кездегі облыс әкімі Ерлан Арын мұрындық болған. Сол уақытта Павлодар жерінде Қазақстан-Ресей мемлекеттерінің аймақаралық ынтымақтастық форумы өткізілгені мәлім. Осы орайда көшелерді көріктендіру жұмысы атқарылды, қиылыстарда әртүрлі архитектуралық пішіндер орнатылды. Ол жұмыстарға да М.Әбілқасымов өзінің шәкірттерімен бірге атсалысты.

- Жуырда дүниеден өткен, марқұм Бота Машраповпен дос едік. Мүсін жасау мәселелері бойынша көп пікірлесетін едік. Қазіргі кезде қалада өзінің еңбегімен белгілі, тәжірибесі мол Владимир Ефремов деген шебер бар. Әрине, жастар да өсіп келеді. Бірақ көпшілігі аңдар, ыдыс-аяқ, басқа да формадағы архитектуралық пішіндер жасайды. Тарихи тұлғалардың ескерткішін жасау оңай дүние емес, ыждағаттылықты, ептілікті, қажырлы еңбекті талап етеді. Технология заманында кейнігі жастар оған жігер жұмсағысы келмейді. Өзім де әртүрлі пішіндерді, ескерткіш тастарды әзірлеймін. Бір бөлмелі пәтерден жасап алған шеберханам бар, - дейді біздің кейіпкеріміз.

Марат Әбілқасымов бүгінде зейнетте. 1977 жылы Семейде педагогикалық институттың көркем-графика факультетін тәмамдаған ол аз ғана уақыт сызу сабағынан мұғалім болып істейді. Павлодарда атақты «Арай» жиһаз жасау зауытында еңбек етеді, сувенирлік учаскенің меңгерушісі болады. Тоқсаныншы жылдары зауыт жабылып қалғанда, «екі қолға - бір күрек» таппай, Арбатта сурет салып, сатып, нәпақасын көреді. Кейін алюминий зауытында ағаш кесу шебері болып жұмыс істейді. Қай кезде де ол тұрмыста, асханада қолданылатын әртүрлі бұйымдар әзірлеп, шеберлігін жетілдіріп отырған. Міне, сол талабы шыңдалып, бүгінде атақты батырлардың алып мүсіндерін, Сәкен Сейфуллиндей қазақтың ірі қайраткер ұлының тас бейнесін тұрғызды. Бұл - шебердің шығармашылық биігі десек те болатындай. Осындай абыройға бөленген жерлесінің жетістігімен біз де мақтанамыз.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz