Үй ішіндегі үрей

Әрбір ата-ана ұл-қызының болашағына алаңдайтыны белгілі. Бауыр еті баласының сапалы білім алып, қатарластарынан кем қалмауы үшін көп еңбектенеді. Алайда осы жұмысбастылық жеткіншектердің жүгенсіз жүруіне себеп болуда. Баласымен емін-еркін әңгімелесуге уақыт таппаған ата-аналардың кейін бармақ тістеп қалатындары да сондықтан...

Павлодар облысында жыл басынан бастап жасөспірімдердің қатысуымен 54 қылмыс орын алыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,9 пайызға аз. Яғни, өткен жылы 65 факті тіркелген еді. Бірақ бұл статистикалық көрсеткішке көңіл толады деп айта алмаймыз. Өйткені ағымдағы жылы кәмелет жасына толмағандардың арасында зорлық-зомбылықтың құрбаны болғандардың саны көбейген. Биыл 26 жасөспірімнің болашағына балта шабылған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 21 фактіні құрапты.

- Жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны азайғанымен, зорлық-зомбылық оқиғасы 5 фактіге көбейіп отыр. Әсіресе, ҚР Қылмыстық Кодексінің 120, 121 және 122-баптары бойынша қылмыс саны өсті. Жаға ұстатарлық жағдайлардың басым көпшілігі өгей әкенің тарапынан орын алған. Өткен жылы мұндай айуандық әрекетке туған әкелер барған жағдайлар да орын алған болатын. Қыз бала шешесінің өлімінен кейін араққа құмар әкесінің құрбанына айналған еді. Толық емес отбасында тәрбиеленетін балалардың жағдайы сынып жетекшілердің назарында болуы тиіс дегенді айтқым келеді. Полицейлердің де назарында болу керек дегенді жоққа шығармаймын. Бірақ мектеп жасындағы баланың жағдайымен мұғалім күнде таныса алады. Егер ұстаздар мен дәрігерлер оқушының мінезінен күдік тудыратын әрекеттерді көретін болса, бірден полицияға хабарласуға міндетті. Бұл жағдайға көз жұма қарағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалайтынын білулері тиіс, - дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы Бибігүл Қамзина.

Себебі мен салдары

Бибігүл Төлешқызы жасөспірімдер арасында орын алған зорлық-зомбылық фактілерінің себебін түсіндіріп көрді. Айтуынша, балалар - физикалық тұрғыдан әлсіз жандар. Олардың өмірлік тәжірибесі аз болғандықтан, қылмыскерлер баланың аңғалдығын пайдаланады.

- Тәжірибемізде кездескен оқиғаларға тоқталып өтейін. 16 жастағы қыз бала ата-анасымен ренжісіп, апасының үйінде тұруға шешім қабылдайды. Қарт адамдарға қазіргі балаларды бақылау қиын. Үлкендер тарапынан қадағалау болмағандықтан әлгі қыз әлеуметтік желі арқылы ер адамдармен таныса бастайды. Бұл әрекеті арқылы бейтаныс жігітті қылмыс жасауға итермелеген. Яғни, қыз бала кешкі уақытта танымайтын адамның үйіне өзі барған. Әлеуметтік желі арқылы жазған хаттары арқылы кездесу уақытын екеуі бірге белгілегенін анықтадық. Аталмыш іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде. Заңда 18 жасқа толмағандарға арналған арнайы кесте бар. Олар кешкі сағат 22.00-ден кейін түнгі уақытта көшеде жалғыз жүрмеуі қажет. Екінші оқиғада да қыз бала ата-ананың бақылауынсыз қалған. Өйткені әке-шешесі күні-түні жұмыс істеген. Кәмелетке толмаған жасөспірім тағы да әлеуметтік желі арқылы өзінен едәуір жасқа үлкен жігітпен танысып, бірнеше рет кездесуге шыққан. Мектеп жанында қыдырған. Бала махаббатқа сеніп қалған қыздың өміріне балта шабылды. Осылайша, қашықтан танысу балалардың болашағын бұзуда. Жалпы, 16 жасқа толмаған баламен жыныстық қатынасқа түсетіндерге жаза қатал. Олар 3 жылдан бастап өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылады, - дейді Бибігүл Қамзина.

Балаларды қалай қорғаймыз?

Бибігүл Төлешқызы отбасында тәрбие таяз дегенді алға тартады. Өйткені ата-аналар баласына танысының немесе досының үйінде қонуына жиі рұқсат береді. Бақылау болмаған бала құрбыларымен бірге ішімдіктің дәмін татады. Егер бала үйде әңгімеге араласпай, бөлмесінде үнсіз отыра беретін болса, бұл жағдай ата- аналарды алаңдатуы тиіс. Қиын жағдайға тап болған жасөспірім өзін іштей жеп, тығырықтан шыға алмай қалады.

- Облыстық денсаулық сақтау, білім беру басқармаларымен бірлесе келе мектептерде сенім кабинетін ашуды қолға алудамыз. Бұл бастаманы облыстық полиция департаментінің басшысы Амантай Әубәкіров ұсынды. Психолог, медиаторлар жасөспірімдер арасындағы мәселемен күресу үшін олармен жеке сөйлесіп, ақыл-кеңестерін айтатын болады. Бүгінде жаңашылдық облыс орталығындағы №2 мектепке енгізілді. Алғашқы тоқсанның демалысы кезінде барлық мектептерде сенім бөлмесі ашылады деген ойдамыз, - дейді Б.Қамзина.

Маманның айтуынша, әр баланың жақын араласатын құрбысы, досы болуы қажет. Ұл-қызының кіммен сөйлесетінін ата-аналары білуге міндетті. Егер жасөспірім достарын үнемі ауыстыратын болса, жаман ортаға түсуі мүмкін. Өйткені баланың жеке дүниетанымы қалыптаспағандықтан, әркімнің пікірімен санасатын болады. Бойында тәрбиесі аз балалармен қосылып, сабаққа қатыспай, мектепке бет-әлпетін бояп келуі ғажап емес. Сондықтан ата-аналарға баласының әр басқан қадамын аңдуға кеңес беремін.

- Қазіргі уақытта әке-шешелердің жұмысбасты екенін білеміз. Жасөспірімдердің болашағына ата-әжелері жиі алаңдаушылық білдіріп, полицияға хабарласып жатады. Қандай жағдай болмасын жауапкершілікті ата-ана арқалайды. Жасөспірімдердің мәселесіне денсаулық сақтау басқармасы да араласуы тиіс. Ақ желеңділердің 16 жасқа толмағандармен жиі кездесу өткізуін құптаймын. Мектеп жасындағы қыздардың ерте жүкті болуына бірлесіп қана тосқауыл қоя аламыз, - дейді Б.Қамзина.


Түйін: Елімізде бала қылмысына қатысты жазаны күшейтуді ұсынып отыр. Әсіресе, бала болашағына балта шабатын педофилдерге ауыр жаза қарастырылуда. Осы орайда, мына бір статистикаға назар аударсақ. Жыл басынан бері аймағымызда кәмелетке толмаған баласын қараусыз жіберіп, тәрбиелеу жұмысымен дұрыс айналыспағаны үшін 425 ата-ана әкімшілік жазаға тартылыпты. Демек, қоғамда ұл-қызына немқұрайлы қарайтын әке-шешелер бар. Сондықтан ата-аналарға қатысты жазаны да күшейту қажет сияқты...

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz