Сандар сөйлесін...

Қоғамды алаңдатқан мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударған болатын. Президент Қазақстан халқына Жолдауында әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекетіне барғандарды қатаң жазалауды тапсырды.

Өткен жылдың соңында облыстық полиция департаменті басшысының есебін тыңдаған аймақ басшысы Болат Бақауов отбасындағы жанжалды азайту мақсатында учаскелік инспекторларға бірқатар тапсырма берген болатын. Әсіресе, өзіне бекітілген көшедегі үйлерді аралап, ішімдікке тәуелді адамдармен жұмысты күшейтуді жүктеді.

Шындығында үй ішінде үрей тудыратын отбасылық жанжалдың саны азаяр емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі өзектілігін жоймай келетіні өкінішті. Өткен жылы өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері 32,2 пайызға артқан. Облыстық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Мәсімовтің сөзінше, 2019 жылы 78 отбасы жанжалы тіркелген. 2018 жылы бұл көрсеткіш 59-ды құраған. Жантүршігерлік оқиғалардың басым көпшілігі Павлодар, Екібастұз қалалары мен Ақтоғай, Баянауыл, Железин, Май, Успен, Павлодар аудандарында тіркелген.

- Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактіле-рінің 73 пайызы жұмыссыз жүргендердің әрекетінен болған. Яғни, отбасындағы жанжалдың туындауына тұрақты қызметі жоқтар себеп болуда. Бұдан бөлек, қылмыс-тардың 63 пайызы ішімдік салдарынан орын алған. Жоғарыдағы 78 фактінің 49-ы ащы суға тойып алғандардың әрекетінен пайда болған. Өңірде профилактикалық шаралар ауқымды түрде жүргізілгенімен, мәселе өзекті күйде қалып отыр, - дейді Н.Мәсімов.

Қызғаныштың қасіреті

Облыс орталығында Қамзин көшесі, 20-үй мекенжайында орналасқан аналар мен балаларды бейімдеу орталығы 18 адамға шақталған. Бұл орынды панасыз қалғандар мекендейді. Қазіргі уақытта аталмыш орталықта жанұяның жылулығына бөлене алмаған 20 әйел тұрақтауда. Павлодар қаласы полиция басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Бақытжан Турсаринова паналаушылардың қатары көп жағдайда шамадан тыс артатынын айтады.

- Өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі өзекті күйде қалып отыр. Отбасының ойран болуына ішімдік, жұмыссыздықпен қатар қызғаныш сезімі де себеп болуда. Ақтөбе, Тараз қаласынан көмек сұрап келген әйелдер де болды. Ең сорақысы, қызғаныштың салдарынан облыс орталығында әйелін қамауда ұстаған фактілер де орын алды. Күйеуі әйелін биіктігі 3 метр қоршаумен қоршалған үйге қамаған. Үйді кілтімен ашып, жағдайын біліп тұрған. Абырой болғанда, жолдасынан зәбір көрген әйел қашып шығып, құқық қорғау органдарынан көмек сұрайды. Бүгінде ол жұмысқа орналасты, баласымен жеке пәтер жалдап тұрады. Жолдасымен ажырасты. Күйеуі заң алдында жауапқа тартылды, - дейді Б.Турсаринова.

Отбасынан қорлық көрген әйелдер үшін полицияның көп арналы «102» нөмірі мен 87057072879 ұялы телефоны үздіксіз жұмыс істейді. Полиция майорының айтуынша, дүйсенбі-жұма аралығында жедел қызмет көрсету орталығына 5-6 шақырту түссе, демалыс күндері қоңыраулар саны 10-15-ке артады екен.

- Зорлық-зомбылық жағдай тұрмысы төмен отбасыларда ғана орын алады деп ойлауға болмайды. Лауазымды қызметте жүрген әйелдердің отбасында да ұрыс-керіс жиі орын алады. Шаңырақтың шайқалуы қаншама баланың жетім қалуына себеп болады. Бізге келіп түскен арыздардың ешқайсысы қараусыз қалмайды. Бәрін жіті қадағалаймыз. Өкінішке қарай, көмек сұрап келетін әйелдердің басым көпшілігі - азаматтық некеде тұратындар. Жолдасының мінезін толық танып-білмей, бірге тұруға келісім беріп жатады. Ерте шешім қабылдаудың соңы осындай жағдайға ұласып, өзегін өкінішке толтырады,- дейді Б.Турсаринова.

Жұмыс жүргізілуде

Өткір мәселені азайту мақсатында қалалық полиция басқармасының өкілдері аналар мен балаларды бейімдеу орталығының мүшелерімен бірлесіп, түрлі акцияларды ұйымдастырады. Бұл ретте 8-11-сыныптар арасында отбасылық құндылықтарға байланысты сауалнама жүргізіліп, тренингтер, семинарлар өткізіледі. Бақытжан Турсаринованың айтуынша, мектеп ұстаздарының қатысуымен «Дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында ата-аналар жиналысы өткізіліп, сенім телефоны жазылған буклеттер таратылды. Бұдан бөлек, 10-11-сынып оқушылары мен колледж студенттерінің қатысуымен тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасына қатысты заң талаптары түсіндірілген. Акция аясында жергілікті полиция қызметкерлерінің көмегімен 23 адамға ҚР Әкімшілік құқық-бұзушылық Кодексінің 73-бабына сәйкес, қорғау нұсқамасы берілді. Қалалық соттың көмегімен отбасылардың арасында 38 кездесу өткізіліп, 27 жанұя қайта тіл табысты.

Жоғарыда күрмеулі мәселемен күресу мақсатында аймақ басшысы бірқатар міндет жүктегенін атап өткен едік. Бұл тапсырмаға сәйкес облыстық полиция департаментінің қызметкерлері рейд шараларын ұйымдастыруда. Департаменттің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары биылғы жылдың алғашқы 4 күні ішінде тұрмысы төмен 42 отбасыны аралаған. Өкінішке қарай, бірқатар жанұяның аналары мен әкелері ішімдік ішкен күйде көзге түскен. Олардың үйінде балаларға жағдай жасалмағаны анықталды. Тексеру нәтижесінде ата-ана құқығын дұрыс сақтамағаны үшін 5 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 4 күннің ішіндегі көрсеткіш осындай болса, жағдайдың алаңдатарлық екенін анық көруге болады.


Түйін: Отанның тірегі – отбасы, дейміз. Әлі күнге дейін бұзақының қас-қабағына қарап, әр күнін қорқынышпен өткізіп жүрген әлсіз жандар бар. Мейірім мен жылуға зәру бала есейгенде әкесінің ісін қайталай ма деген ой келеді. Ата-анасынан мейірім көрмеген баланың болашағы не болмақ? Сондықтан үй ішінде үрей болмаса екен дейміз...

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz