«Көрісу» мерекесін асыға күткен әрбір отбасы дастарқанын ұлттық тағамдарға толтырып, наурыз көжесін дайындап, табал-дырығын аттаған әр қонағын жылы жүзбен қарсы алатын. Оларға ерекше ілти- пат көрсетіп, төріне шығарады, ас ұсынады. Дәл осы күні әр адам өзінен жасы үлкен кісілердің шаңырағына кіріп, амандасып, көріседі. Барған үйіне «Бір жасыңызбен!» деп еніп, жаңа жылға аман-есен аяқ басқан жора-жолдас, туған-туысқандарын құттықтайды. Бір-біріне деген өкпе-реніштері болса, кешіреді, амандық-саулық тілеседі. Бұл күні әр адам міндетті түрде үш үйдің есігін ашуы керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі тиіс.

«Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Максилова «Көрісу» бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғасатынын айтады.

- Бұл мерекеде үлкендер үйді-үйді қыдырып жүргенде кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Балақай қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарқанынан дәм ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден салып алады. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниет- тен туған, - дейді ол.

«Наурыз» сөзі парсының «жаңа күн» дегенінен шыққан. Ертеде біздің қазақ бұл күнді «наурыз» демей, «амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді. Ал «Көрісу» деп аталып кетуі осы «Амал» мерекесінде жасалатын басты салт - көптен көрмеген бір-біріне жақын адамдардың кездесіп, көрісуі, өкпе-ренішке байланысты бет көріспей жүрген кісілердің кешірісіп, жүздесуінен туған болса керек.

Береке мен бірліктің мейрамы санал- ған Көрісу күні құтты болсын!

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz