Ұлы Отан соғысы кезінде осы артельден талай мәрте тонналанған балық майданға жіберіліп еді. Ресейден келген адамдар осы ауылға Кубань деген ат берген. Бір кезде Кубань селолық кеңесі болған. Соғыстан кейін осы жақта Мақсұт Жұманов есімді азамат дүниеге келді. Мектепте жақсы оқып, озат малшы болып қызмет істеді. Саясатқа деген көзқарасы жоғары болғандықтан, Мәкеңді сол елдің бөлімше партия ұйымының төрағасы ретінде сайлады. Ол 80-жылдардың соңы болатын. Мен ауылда жастар ұйымының хатшысы болып жұмыс атқарған кезім еді. Күз уақыты, егін мен шөп науқаны. Сол елге жастар жиналысына бардым. Мәжілістен соң менің жаныма Мақсұт Жұманов келіп, өз ұсынысын айтты.

 – Біздің елде ертеден өзім зерттеп келе жатқан бір батыр бар, ол – Павел Ефимович Дубовой. Жазбаған жерім, іздемеген мұрағат қалмады. Осыны іздес-тіруге қолдау көрсетуіңді сұраймын, - деді.

Дубовойдың әңгімесін мен де бала қезімнен білуші едім. «Сіз ертеңдері маған келіңіз», - дедім. Ұзаққа созбай Мақсұт аға орталыққа жетіп келді. Қолындағы көп жылдар жинаған қағаздарына қарасам, өте үлкен жұмыс жасаған екен. Өзі жазған қолжазбаны, Дубовой туралы пьесаны оқығанда көңіл босайды. Көп уақыт қызықты әңгіме құрған соң, мен шешім қабылдап, Мақсұт ағамды қуанттым. Содан: «Мәке, сіз дереу Псков облысына Дубовой ерлік көрсетіп, қаза болған жерге барып келуіңіз керек. Ертеңдері мен Псков комсомол мүшелеріне телефон соғып, сізді қарсы алуын сұраймын» дедім. Сөйтіп, Мақсұт аға 1987 жылы тұңғыш рет Псков облысындағы Бородино биіктігінде П.Дубовойдың 28 жауынгерді басқарып, ерлікпен қаза болған жеріне барды. Туған елдің топырағын батырдың бейітіне апарған еді. 1989 жылы аудан жастар ұйымының екіншы хатшысы болып жүргенде, үлкен жастар тобын ұйымдастырып, тағы бір рет бардық. Сол топтың құрметті мүшесі Мақсұт Жұманов та болды. Псков жеріне барғанда сол жерде жерленген батыр апаларымыз Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың бейіттерін аттап кете алмадық. Коммунистік партияның дінге қарсы, қылышынан қан тамып тұрған кезі еді. Бірақ апаларымыздың басына дұғасыз баруға бата алмадық. Сол кезде мен жетекші ретінде Мәкеңе іні жолымен: «Сіз апаларымыздың аруағына арнап дұға, тіпті болмаса «Фатиханы» оқыңызшы», деп өтіндім. Ол кезде Ресейде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ызғары соғып тұрған еді. Мәкең ештеңеге қарамай, апаларымыздың басына дұға оқып, нағыз азаматтық таныта білді. 

2005 жылы батыр жерлесіміздің зиратына ескерткіш орнатуға барғанымызда, сол елдің үлкендері Мәкеңнің амандығын менен сұрап жатты.

Дубовойды жерлестері мақтаныш етуі тиіс. Себебі оның ерлігіне себепкер болған туған жері мен халқы, табиғатымыз бен от алаулаған ұлы топырағымыз еді. Жау оғының алдында ол шағын ауылымызды әлемге танытып кеткен нағыз батыр.

Кеңес дәуірі ыдырағаннан соң, Мақсұт ағамыз қалаға барып, медреседе оқып, діни білім алды. Елге оралған соң өз ауылында молдалық құрды. Жиырма жылдай елді Алла жолына шақырып, тәрбиелеп отырған момын азамат. Ол сонау жас кезінде Псков елінде жетімсіреп жатқан батыр апаларымыздың аруақтарын разы етіп қайтқан. Кейін асыл дініміз қанат жайып, халқымыз бес парызымызды орындай алатын заманы туды. Маған Мақсұт ағамыздың бес парыздың бірі – қажылық сапарына баруына жәрдем беру туралы ой келді. Ағамыздың қолына барып-қайтуға жетер қаражатты ұстатып: «Алдыңыздағы қажылық сапарыңыз сәтті болсын, бұл батырлар аруақтарының сізге деген сыйлығы болсын», - дедім Мақсұт ағаға. 

2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында Ресейдің Псков өңіріне тағы да жеті ескерткіш орнатуды жоспарладық. Ескерткіштердің жобаларын  өзім шығардым. Ауылға бір барғанымда Мақсұт ағаммен кездесіп, жуық арада болатын жобамызды жария етіп, бізбен бірге баруын сұрадым. Қуана келісті. Осы жолы баратын топта сіздің тұңғышыңыз Бақыт та болады деп Мәкеңнен сүйінші сұрадым. Ағам ол хабарға да риза екенін білдірді. Бақыт - екі баланың әкесі, дәрежелі кұрылысшы, үлкен зауыттың үлгілі жұмыскері. Бұл жобада бауырымыздың еңбегі ерекше екенін түсіндірдім. Басқа елде имандылығымыздың берік екенін көрсетуіміз қажет.

Мақсұт ағамыз жарты ғасырдай армандаған ескерткішті баласы Бақыт топ мүшесі ретінде өз қолымен қөтерсе деген ойға келдім. Сол жолы Жеңіс күнінің қарсаңында Новоржев қаласының төрінде батыр Павел Дубовойдың қоладан құйылған бейнесі бой көтерді. Алаңға жиналған халыққа әкесінің арманын баласы жүзеге асырғанын жариялап жеткіздім. Қасымда тұрған Мәкеңмен бірге көпшіліктің көңілдері босап, көздеріне жас алғандарын көрдім. Мәкеңнің тұңғыш баласы дүниеге келгенде Жаратушы оның аузына «Бақыт» деген есімді салған екен. «Әкесінің Бақытты қүндерінің бірі бүгін  болар» деген сөздерім көпшілікке әсер еткен болса керек.

 

Жұмабек ҚАМЗАТӨРЕ.

saryarka-samaly.kz