- Мен, - деді ол. - Осы өмірімде қанша кітап оқығанымды санаған емеспін. «Абай жолы»-нан бастап, Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабына дейін оқып шықтым.

Кенет ол маған қарады. Мен де оқығанымды білдірдім.

- Сендер, журналистер, бірінші болып сондай қымбат дүниені, бүкіл Одақтың, Қазақстанның зиялы қауымын елең еткізген, үлкен айтыс-керіс, пікірталас туғызған кітапты оқымауларың мүмкін емес, - деді ол.

- Сондай сүргін көрген, орыс ғалым-дарының да намысына тиген айтулы кітапты құлшына оқитының сөзсіз, - дедім мен де.

- Иә, бұл сөзіңе қосыламын, - деді досым.

Ол кітапты Қонаев та оқыған. Кейін ол кісі Орталық Партия Комитетінің де пікірін білген. Олар не деген дейсіз бе? Брежнев те оқып шыққанын айтып, телефон соғып: «Мұнда ұлтшылдықтың иісі жоқ», - деп жауап береді. Осыдан кейін ғана қуғын көрген атақты кітаптың авторы туралы сөз саябырлай бастайды.

Мәселе осымен бітпеген. Талқылауды одан әрі Москвадағы Ғылым академиясының үйінде өткізу ұсынылады. Бұған дейін Қазақстан Ғылым Академиясында талқыланған болатын. Тіпті, АҚШ-та өткен түркологтардың кеңесінде де жан-жақты айтылған. Москвада өткен талқылау үзіліссіз, таңертеңгі 9-дан кешкі 6-ға дейін созылған. Ақыры академик Б.Рыбаков алғашқы алған сөзінде: «Алматыда орыс халқына қарсы кітап жарық көрді» - деген. Бірақ оны жақтағандар болмаған. Осылайша, әлемді дүрліктірген «Аз и Я» 1975 жылы жарық көрді. Биыл оның оқырман қауыммен қауышқанына 45 жыл толып отыр.

Әлемге аты шыққан Олжас Сүлейменов-тің «сүргін көрген» кітабын жүздеген елдердің оқырмандары өз тілдерінде оқып, рухани азық алғаны баршаға белгілі. Ол кітапты ағылшындар да, славяндар да, немістер де, бұрынғы одақтың мыңдаған оқырмандары да оқып, авторға алғыс тілектерін жолдап жатқанын да білеміз.

Осындай пайдалы үлкен отырыста әңгімеге нәр мен әр берген досыма деген алғысым шексіз. Кітап десе ішер асын жерге қоятын, жан дүниесі бай досыма сол жолы қатты риза болдым. Қазір бұл кітап оқырмандардың іздеп жүріп, сүйіп оқитын шығармасына айналды.

Енді Олжас ақынды бірінші көрген сәтімді еске түсірейін...

1956 жылдың шілде айы болатын. Абай атындағы опера және балет театрында кешкілік өтетін «Біржан-Сара» спектаклін тамашалауға келе жатырмыз. Қасымда досым бар. Бір кезде бірі Абай даңғылы жағынан, екіншісі Калинин көшесімен келе жатқан екі адамға назарымыз ауды.

- Ой, мынау Шәкен аға ғой! Атақты Аймановты айтамын.

- Ал мына келе жатқан кімдер? Таныдың ба?

- Бұл Олжас қой! Мәссаған! Бұларды да жақыннан көретін күн бар екен?!

- Көргенде қандай?!

Ол одан сайын жақындай түсті. Бар ойымыз, мақсатымыз - қос тарланды анық, айқын көру. Біз де одан сайын жақындай түстік. Қалай сөйлесер екен? Не айтар екен?

Жарқылдап ашық дауысты, қазақы қайталанбас үнімен Шәкен аға бар құпиясын жайып, аңқылдап келеді. Кенет оған қарсы сап түзеген солдаттай Олжас та адымдай түсті. Ол бірден Шәкен ағаны бауырына тартты. Бір сәт Олжастың жанында ойнақтап күліп, қуаныш құшағында келе жатқан орта бойлы әдемі қыз оқшауланып қалғанына ыңғайсызданып қалды.

- «Бикешің» құтты болсын!

- Рахмет, Шәкен аға.

Шәкен аға тағы да Олжасты өзіне қаратып:

- Бұл гүліңді маған сыйламайсың ба?

- Что вы! Надо, возьмите, пожалуйста!

Қыз қымсынып, шынымен мені беріп қоймақ па дегендей, сасып қалды. Содан кейін таныстыра бастады.

- Это - великий Айманов! Слышали о нём?

- Первый раз вижу.

Тағы да Шәкен аға Баянаула тауларындай Олжасты құшырлана қыса түсті. Осылай олар 10-15 минуттей әңгімелесті, мәз-мейрам болып қалды. Армандай болған ағаларды көріп біз театрға кіріп кеттік.

Бұл өмірде мұндай ұмытылмас ғажайып сәттер аз болатынына көзім жетті. Олардың жарасымды әзіл-қалжыңдарын көріп, естіп, таң-тамаша болып, рахаттанып қалдық.Бәрі де өмірдің өз ағымы ғой.

Мен де ойланып қалдым. Осы Олжас туралы не білемін? Қайтадан ойлана бастадым. Білгенімнен білмегенім көп екенін мойындаймын. Дегенмен, ақынның таңдамалы шығармалар жинағынан бастап біраз дүниелерін оқыған болып шықтым.

1961 жылы тұңғыш ғарышқа ұшқан Юрий Гагаринге арнау жазған кім екен? Әрине, алғыр ойлы, ұшқыр сезімді Олжас Сүлейменов болатын! Оның «Адамға табын, жер, енді» толғауын мен жаттап та алғанмын. Керемет қой!

Асқақ дарын иесі Одақтың қазақ ақындарының ішінде бірінші болып өткір үнімен әлемге жар салды. Хас жүйріктің таланты биік тұғырдан бір-ақ көрінді.

Бұл не деген керемет десеңізші! Одан кейін жазған «Арғымақтар», «Шапағатты шапақ» кітаптары ше? Қазақтың екі талантты ақыны Қадыр Мырзалиев пен Әбіш Кекілбаев аударған жыр жолдары талай оқырмандарын тамсантты. Сүлейменов шығармаларын аудару екінің бірінің пешенесіне жазбаған. Енді Әбіш Кекілбаев аударған «Шапағатты шапақ» кітабынан мысал келтірейін. «Түнгі теңеулер» деген өлеңін алайықшы:

Сен шәрбатсың - тақылдайды

таңдайым,

Сен қылжақсың, артынан дау дап-дайын.

Мен бір бейбақ, көрген жұрттан қыспақты,

Таптым тамұқ, тап қылар ма

ұшпақты.

* * * * *

Сен дегенде өліп-өшед жұрт неге,

Сүйме оларды, өңшең доңыз қырт неме!

Олар ит қой, ырылдасып жүреді,

Олар - хайуан қара талақ жүрегі.

Олжастай күрделі ақынды нағыз дарындылар аудара алатынына көзіміз жеткендей.

Мен екінші рет Олжасты Павлодар қаласындағы «Достық үйінде» өткен зиялы қауыммен болған кездесуде көрдім. Халықта қисап жоқ. Олжасты көруге келгендер сағат бұрын келгендерін айтып қалды.

Ертіс-Баян өңіріне, жиналғандарға «Ассалаумағалейкүм» деп ана тілінде амандасты. Кездесуді Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нухұлы жүргізіп отырды. Сөйлеушілер Олжасқа деген ақ тілектерін, ниеттерін, алғыстарын жаудырып жатты. Оның өзі туралы түсірілген фильм көрсетілді.

Мен ұлы ақынның «Семей-Невада» қозғалысына сіңірген зор еңбегіне тоқталуды жөн көрмедім. Оны бүкіл әлем әлдеқашан біліп, мойындаған. Ойыма жерлес ақын Арман Қанидың Олжасқа арналған «Олжасқа» деген өлең жолдары орала берді.

Сөйле, Олжас!

Саңқылдап сайра бүгін,

Қайта естілсін ғарыштан айбатты үнің.

Қайта оянсын тарихты дүбірлеткен

Көк шапағы желкілдеп байрақты күн!

Негізі, Олжас Сүлейменов - қазақ халқының ақ батасын көп алған және оны тұла бойы тұнып тұрған талантымен қадірлей білген ақын. Оған дәлел Елбасының Ақордада салтанатты жағдайда «Еңбек Ері» атағын өз қолымен тапсыруы.

Осы өмірімде есте қаларлықтай, ұмытылмастай әсер қалдырған қос ағаны көруім - өмірімнің ең бақытты сәттері!

 

Тұрсынбай ИБАДУЛЛИН, Қазақстанның Құрметті журналисі, Павлодар қаласы.

saryarka-samaly.kz