- Қоғамдағы наразылықты туғызып жатқан бұл жағдай негізсіз емес. Мен барлық қала тұрғындары сияқты көшелермен жаяу да, көлікпен де жүремін. Сондықтан да шыбын-шіркейдің көп екенін  көріп, біліп отырмын. Тұрғындарды   бюджеттің ақшасы қайда кетіп жатқаны және жұмыстың тиімділігі байқалмайтыны алаңдатады, - деді аймақ басшысы.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа-шылық басқармасының басшысы Мұрат Әбілқалықовтың айтуынша, жұмыс нәтижесі былтырғымен салыстырғанда жақсы.

- Облыстық бюджеттен шыбын-шіркеймен күреске 602 миллион теңге бөлінген. Тендер нәтижесінде жеңімпазбен 442 миллион теңгеге келісім жасалған. Бастысы, жеткізуші бірде-бір теңге алған жоқ. Себебі келісімге сәйкес төлем тек 80 пайыз тиімділігі расталғаннан кейін ғана төленеді. Дезинсекция жұмыстары 3 мамырда басталды. Қансорғыш жәндіктердің личинкаларының жаңа өсу орындары анықталып, дәріленетін алқаптар 27 мың гектарға ұлғайтылды. Бұл өткен жылғыдан екі есе көп, - деді Мұрат Әбілқалықов.

Оның айтуынша, Ертіс ойпатына әуеден өңдеу жүргізілген, жиектер жер үсті әдісімен өңделген. Осылайша күн сайын ұшып жүрген шыбын-шіркейге қатысты тосқауылдар жасалады. Нәтижесінде бірінші буын личинкаларының саны бір шаршы метрге 1870-тен 164 бірлікке дейін азайған.

Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкеновтің айтуынша, жұмыс әзірге нәтижесіз. Алайда, оның ойынша масалардың көптігіне Ертіс бойындағы судың ұзаққа созылуы айтарлықтай әсер етті.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов тиісті мамандарға қала бойынша шыбын-шіркей көп шоғырлануы мүмкін аумақты айқындайтын технологиялық карта жасауды тапсырды. Сол арқылы жұмыс нәтижесін арттыруға болатынын әрі тиімділігін жеделдететінін жеткізді.

 

Жансері СЪЕЗБЕК

saryarka-samaly.kz