Аталмыш бастама қоғам тарапынан жылдар бойы көтеріліп келеді. Ең бастысы, халық пікірі бір арнаға тоғысып отыр. Жұртшылық Качир ауданына «Тереңкөл» атауын лайықты деп тануда.

Қазақ халқында «Жеріңнің аты - бабаңның хаты» деген аталы сөз бар. Качир ауданының атауын өзгерту жайлы жергілікті тұрғындар арасында ұсыныс-пікірлер айтылып та, жазылып та жүр. Алайда әлі күнге дейін шешімін табар емес.

Ендігі кезекте осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіре түсу мақсаты тұр. Качир ауданының атауына қатысты оң шешім қабылданады деген үміт басым. Халықтың тілегі де - осы.

Ресейдің Омбы, Семей, Павлодар қалаларының мұрағаттарында «Тереңкөл болысы» деген атау сақталған. Сондықтан халық ауданға өз атауын қайтарып беруді қалайды.

Өткен аптада Качир ауданын қазақшаландыру жөнінде ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде тұрғындармен кездесулер өткізіліп, ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Көпшілік қауым «Тереңкөл» атауын қолдап отыр.

Алдағы уақытта аудандық мәслихат сессиясында қоғамдық тыңдау өтеді. Қабылданған ұсыныс облысқа, кейін Президент әкімшілігіне жолданбақ.

Жұртшылық үшін «Тереңкөл» атауын қайтару маңызды болып отыр. Себебі өсіп келе жатқан ұрпақ бар. Ұлттық сана сезімдері, елге деген патриоттық қасиеттері дұрыс қалыптассын десек, мәселенің мәнісін атауды өзгертуден бастаған жөн.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz