Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Қасенов, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының қазынашылық департаментінің басшылары, аудан-қалалардағы бөлімдер өкілдері мен ауыл әкімдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Қасенов өңірдегі елді мекендердің жаңа жүйені жүргізуге дайын екенін айтты.

- Бюджеттің төртінші деңгейіне өту – ауыл өмірін жақсарта түсетін маңызды қадам. Тіркелмеген нысандар саралаудан өтіп, салықтық және салықтық емес түсімдер есебінен ауыл қазынасы артуы тиіс. Бұл өз кезегінде қаражатты тиімді пайдалануға, ауылдағы өзекті мәселелердің шешілуіне оң ықпалын тигізеді. Жалпы алғанда, біздің облыс бұл жүйені қабылдауға дайын. Десе де, тәжірибе жинап, жұмысты бір жүйеге келтіргенге дейін, яғни 2-3 жыл аралығында осы саланың білікті мамандары ауылдағы қызметкерлерге көмек пен қолдау көрсетсе екен,- деді Б.Қасенов.

Облыстық қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Әсел Әубәкірова 32 ауылдың барлығы компьютермен және интернет желісімен қамтылғанын атап өтті. Сонымен қатар жыл басынан бері есепшілер үшін 33, ал қазынашылық бөлімдері қызметкерлеріне арналған 17 оқу семинарының жүргізілгенін айтты. Бұл ретте тағы бір мәселенің ұшы шығады. Атап айтқанда, облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Сұлтанова жаңа жүйеге көшетін 32 елді мекенде кадр тапшылығы барын хабарлады. Айталық, Ленин кенті мен Көктөбе, Ертіс, Қалқаман, Евгеньевка, Павлодар ауылдарында есепші, Баянауыл мен Шарбақтыда заңгердің жұмыс орындары бос. Жиынға қатысушылар бұл олқылықтың орнын тез арада білікті мамандармен толтыру қажет екенін білдірді.

Бюджеттің төртінші деңгейіне өтетін ауылдардың бірі – Павлодар. Жеті мыңға жуық тұрғыны бар елді мекен әкімі Аждар Жүсіпов келесі жылы қазынаға түсер салық көлемі көбейетінін айтты.

- Қазан айына дейін жиналған салық – 24 млн. теңге. Ауылда «Рубиком», «Павлодар жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, 22 дүкен, шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Оған қоса, тұрғындардың ауласында 600-ге жуық жылыжай бар, оның 380-інде қияр өсіріледі. Келесі жылы осы жылыжайлардың басын қосып, кооператив ашу жоспарда бар. Сол тұста салық көлемі арта түседі. Ауылда тіркелмеген, бос қалған нысандар, жер учаскелері мен ғимараттар жоқ,
- деді А.Жүсіпов.

Қатысушылар жиынды түйіндей келе, бюджеттің төртінші деңгейіне өту жауапкершілікті күшейтінін айтты. Сондықтан мамандар білімі мен біліктілігін арттырып, жергілікті әкімдіктер қажетті құралдармен толық қамтамасыз етілуі тиіс.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz