Облыстық еңбек басқармасы, Инновациялық Еуразия университеті және Павлодар облысының кәсіподақ орталығы үшжақты меморандумға қол қойды. Оған сәйкес, жоғары оқу орнының 3-4-курс студенттері тәжірибе жинау масқатында еңбек басқар-масына шағымданып келген азаматтарға тегін көмектеседі.

- Біздің басты мақсат – өз ісін теориялық және тәжірибелік тұрғыдан жетік білетін мамандарды дайындау. Сондықтан студенттердің сот процесінің басынан соңғы нүктесі қойылғанға дейін жәбірленушіге көмек көрсетуі маңызды. Бұдан білім алушылар ұтпаса, ұтылмасы анық. Қолына диплом алған соң тұрақты қызметке орналасуы да анағұрлым оңай болады, - дейді Инновациялық Еуразия университетінің ректоры Марат Баяндин.

Облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапановтың айтуынша, жоғары білімі жоқ мамандардың азаматтарды сотта қорғауға құқығы жоқ. Сондықтан бұл мәселені айналып өтудің жолы табылды. Анығын айтқанда, басқармаға шағым айта келгендер де, студенттер де облыстық кәсіподақ құрамына алынады. Сөйтіп, сот кезінде кәсіподақ мүшесі кәсіподақтың өзге мүшесінің құқығын қорғайды. Бұл - заңнамаға қайшы әрекет емес.

Облыстық кәсіподақ орталы-ғының төрағасы Бек Оразғұлов ұсынған мәліметке сүйенсек, аймақтағы 130 мың қызметкер аталмыш ұйым құрамында бар. Олардың басым бөлігі білім, денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік салаларда жұмыс істейді.

Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев мұндай тәжірибе елімізде алғаш рет қолданылып отырғанын айтты.

- Бұл – заңгерлік мамандықтың қыр-сырын біліп, өз ісінің мықты маманы болуды қалайтын студенттер үшін таптырмас мүмкіндік. Себебі заң бұзушылықтың көп жағдайда еңбек қатынастарына байланысты болатыны белгілі. Ал қызметкерлердің көбі, өкінішке қарай, өз құқығы мен міндеттерін жетік білмейді. Студенттер оларға көмектесіп қана қоймай, үлкен тәжірибелік мектептен өтеді,
- деді М.Бегентаев.

Айта кетелік, Инновациялық Еуразия университеті заң факуль-тетінің
3-4-курсында 87 студент оқиды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz