Әйтеуір бырқ-бырқ еткен дыбысы үздіксіз естіледі. Әлден уақытта қала жақ жағалаудан қарағанда арқан бойындай ғана алыста сияқты боп көрінетін айрыққа жеттік. Соның сол жақ сағасына түстік.

Паром үстінде, Мұхаңды қоршай, серіктері тегіс үнсіз тұрмыз. Мұхаң да үнсіз. Ол ақырын ғана лықси аққан астымыздағы алып Ертіске, оның екі жағалауына, өзінен әлдеқайда ұзын бір сабақ шөпті немесе сабанды сүйреп әлектеніп бара жатқан құмырсқаға ұқсаған моторкаға, оның жетегіндегі әртүрлі машиналар тиелген, адамдар жайғасқан паром үстіне кезек қарайды. Ұзын кірпіктерін үсті-үстіне қағып, ұзақ-ұзақ ойланып қалады. Жағадан қараған жанға паромның тұмсық жағында тұрған тәпелтек денелі үш-төрт адамның ортасындағы ақ шляпалы кесек тұлғалы кісі әлдебір алыптай боп танылардай.

Ертістің екі жағына көз жүгіртіп, көңілмен болжап болғаннан кейін, Мұхаң, «Ал енді оның адамдары, сендер қандай екенсіңдер?» - дегендей, бізге қарай бұрылды.

- Ал, жігіттер, әңгіме айтыңдар, - деді жайдарлана жымиып. Біз алғашқы бетте, бір-бірімізге қарап, не айтамыз дегендей бөгелісіп қалдық.

- Омарғали, өзің баста, - деп Мұхаң Құдышевке қарады.

- Мен бастасам, Мұха, сізді ең алғаш көргенім ойыма түсіп тұр.

- Пәлі, соны айт. Біз қашан, қайда кездесіп едік?

- 1935 жылдың ортасында, Риддерде кездестік, Мұха. Бір топ Ленинград жазушыларын бастап, сіз сонда келдіңіз. Олардан ойымда қалғаны Леонид Соболев пен Павел Лукницкий ғана.

- Иә, онда Ленинградтан Всеволод Рождест-венский, Николай Чуковский, Александр Готович те келген болатын.

- Және қастарыңызда Тұрсынхан Хасенов деген Семей ақыны да болды, - деп Құдышев әңгімесін жалғады. – Сіздер Алтайдың алтын рудниктерін аралап, Өскеменде болып, Ульба су электр станциясының құрылысын көріп, ол кезде Риддер аталатын Лениногорскіге поезбен келдіңіздер.

- Рас, - деп Мұхаң ықыластана бас изеді. - Өскемен мен Риддер арасына ерте кезде салынған тар табанды жол бар екен. «Кукушка» деп аталатын кішкене паровоз сүйреген бәкене вагондарды тау ішінде тайдай бұлтақтатып барғанымыз рас. Сонда біз қай жерлерде болдық, кімдермен сөйлестік?

- Байыту фабрикасында, қорғасын заводында болдыңыздар. Шахталарға түсіп, кеншілердің үйлеріне кірдіңіздер. Қарапайым адамдармен, стахановшылармен әңгімелестіңіздер. Сонда сіздің қолыңызда түбін ойып, шырмауық сыммен түптеген, сызықты, үлкен, әдемі блокнотыңыз бар еді. Барған жердің бәрінде сіз сол блокнотыңызды ашып алып, жаза беретін едіңіз.

- Пәлі, Омарғали менің ондағы блокнотыма дейін ұмытпапты, - деп Мұхаң мәз бола күлді.

- Сол сапардан қайтқаннан кейін сіздің «Парторг ЦК» деген очеркіңіз әуелі «Правда» газетінде, одан соң республика баспасөздерінде басылды. Очеркіңіздің бас кейіпкері Семей облысындағы Ақжал кенінде ВКП (б) Орталық Комитетінің парторгы боп істейтін бір маңғаз азамат болатын, аты-жөнін ұмытып қалыппын. Және сол рудниктің забойшы, кеншілерінің де аттарын атап, оларға арнаған жылы сөздер айттыңыз. Ұмытпасам, сіздің ол очеркіңіз Қазақстанның он бес жылдығының дәл қарсаңында шықты және «Правда» бетінде қазақтар туралы жарияланған тұңғыш очерк болды.

- Рас, рас. Сол сапардың тағы қандай детальдарын білесің?

- Риддерде шығатын «Жұмыскер» атты көп тиражды газеттің жауапты секретары ретінде мен үнемі қастарыңызда болдым. Сіздердің жұрт алдында сөйлеген сөздеріңізді естідім. Сіздер Лениногордан түнгі поезбен қайтатын болдыңыздар да, кешке, кеншілер клубында әдебиет кешін өткіздіңіздер. Клубқа халық өте көп жиналды. Жазушылар мен кеншілер бірінен соң бірі шығып, сөз сөйледі. Кеншілер келген жазушыларға, оларды жіберген революция бесігі Ленинградқа разылық білдірді, қонақтарға рақметін айтты. Жергілікті жас ақындар өлеңдерін оқыды. Сонда сіз өзіңізбен аттас Мұхтар есімді (фамилиясы Тұрлыбеков болатын) он алты жасар ақын баланың өлеңдерін ұнаттыңыз. Ол өзі сол кезде Риддер кеншілерінің тарихынан поэма бастаған талантты бала болатын.

- Есімде, - деді Мұхаң басын изеп. – Сол баланың аты шықпай кетті ғой. Соғыста мерт болмады ма екен өзі?

- Жоқ, ол бала соғыстан бұрын, оныншы класты бітіргенде, ауырмай-сырқамай кенеттен қайтыс болды. – Мұхаң Құдышевтің сөзін бөлмей, басын бір шайқап қалды. – Сол кеште қастарыңыздағы Хасенов деген Семей ақыны да өлең оқыды. Соның алдында ғана атақты ғалым И.В.Мичурин қайтыс болған еді.

Мұхаң сәл ойлана түсті де:

- Иә, иә, - деп басын изеді.

- Хасенов өлеңін ғалымға арнаған екен. Кештен кейін бәріміз қонақүйге жиналдық. Сонда сіз, Мұха, Тұрсынханның өлеңіне сын айттыңыз.

- Иә, не дейді-ау. Не деппін, не айтыппын? Есіңде ме? – деп Мұхаң тағы да өзінің жылы күлкісімен серіктеріне шуақ шашқандай болды.

- Сіз айттыңыз: «Тұрсынхан, сен жас жазушысың ғой. Жаңағы өлеңіңде Мичурин өсірген алма бағын сен пейішке, ұжмаққа, оның лаборанткаларын хордың қызына теңепсің. Бұл соны теңеу емес. Егер ол теңеу кәрі халық ақындарының аузынан шықса, бірсәрі болар еді. Сендер сияқты жастар жаңа теңеу, соны салыстырулар іздеуі керек», - дедіңіз. Соған келіспей әлгі ақын қыңырланып, қайта-қайта дау айта берді. Сонда сіз: «Әй, сен өзің бір текеше тіресіп, болмайтын неме екенсің ғой», - деп тастадыңыз. Сіздің сол сөзіңізге мәз болып, бәріміз де ду күлгенбіз, Мұха.

Құдышевтің бұл әңгімесін тыңдап тұрған біз де күліп жібердік. Бізге қосыла Мұхаңның өзі де күлді.

- Пәлі, мен солай деппін бе? – деп Құдышев әңгімесіне разылық танытқандай болды. Содан кейін, сонау алыстағы Алтай тауларын, оның қойнауларындағы Өскемен, Лениногор қалаларын қасына шақырғандай, кірпігін қайта-қайта қағып, сәл ойланды да, сөзін аяқтады.

- Сол сапарымда мен бүтін бір тау-кен институтын бітіргендей білім алып қайтып едім. Әр сапар – алуан түрлі мектеп қой адамға. Көрмегенді көріп, білмегенді білесің. Ойласаң таппайтыныңды өмірден ұшыратып, жаның байып, жарылқанып, жалындап қайтқан көңілге не жетсін, шіркін?!

Осылай деп тоқтады да, Әуезов енді маған мойын бұрды.

- Әзілхан, сен біздің Зейнолламен дос екенсің ғой. Алматыда тағы қандай достарың бар? – деп сұрады.

Мен сол жылы көктемде қайтыс болған Мұқан Иманжановтың есімін атап, соның төңірегінде топтасқан біраз жігіт өзара дос едік деп, солардың аттарын атадым.

- Жөн-ақ, достарың тіпті көп екен ғой, - деді Мұхаң. Сәл бөгеліңкіреп барып, сөзін қайтадан жалғады. – Бірақ, есіңде болсын, мұның бәрі саған мәңгі дос болып қалмайды. Уақыт достардың қатарын сейілтіп, қабағын да өзгертеді. Кейбірі жай кетеді. Кейбірі жауласып, жағаласып жыртылады. Шын дос солардан қалған сарқыншақтан шығады. Өзің не жазып жүрсің? Дәл қазір не жазып жатыр едің?

Менің дәл қазір мынаны жазып жатырмын деп ауыз толтырып айта қоярлық ештеңем жоқ еді. Осы жақында ғана қойын дәптеріме қарап отырып, сол Мұқан Иманжанов туралы естелік жазуға кіріскенмін. Бірақ оны көрген біреулер естелік ескіргеннен кейін жазылуы керек деп, менің онымды құптамаған. Мұхаңа осыны айтып, естелік туралы пікірін сұрадым.

- Жоқ, ол дұрыс емес, - деді Мұхаң басын шайқап. – Естелікті ескіргеннен кейін жазу керек деген – теріс сөз. Ескіргеннен кейін деген – ескермеу деген. Оның арты мүлде ұмыту, жоққа шығару болады. Керек іс кейінге қалдырылмайды. Естелік - әдебиеттің ең керекті жанрларының бірі. Оны бағалауды орыс әдебиетінен үйренуіміз керек. Естелік - орыс әдебиетінің ең бір құнды және жұрт құныға, құмарлана оқитын саласы. Естеліктер арқылы елдің ардагер ұлдары өз халқымен қоса өмір сүреді. Алаңдарға ардақты адамдардың тастан қашалған скульптуралары қойылады. Естелік те сол сияқты. Бірақ бұл – сөзбен соғылған әдеби мүсін, жанды бейне. Жанды болатыны оқырман ол мүсінді түрегеп тұрған тас бейне күйінде емес, іс, еңбек, қуаныш, күйініш үстінде көреді. Оны жеке адам емес, бір топ адам бірігіп жасайды. Әрқайсысы сол ескерткіш – адамның тірі күндегі өздері көрген, өз ойларындағы бейне, мүсінін қағазға түсіреді. Ол үшін естелікті осындай ұмытпай тұрғанда, өлген адамның жер бетіндегі ізі суымаған кезде жазу керек. Кейбіреу кейін жазамын деп керіліп жүріп, артынан ұмытып кетеді. Өлік қойылған күні қайғылы дастарқан басында ондайлардың марқұмның атына айтпайтын уәделері, істемейтін жақсылықтары болмайды. Тек оны тірілтуге ғана уәде етпейді, басқаның бәрін тындырмақ боп тарасады. Сол айтқандарын қаралы шаңырақтан шыға бере ұмытып, кейін ол есікке бас та сұқпайды. Бұл – қазіргі білімді, оқыған, ойлы азаматтарға жараспайтын мін. Ал енді біреулер пәленше туралы естелікті біз ғана жазамыз, басқалар қолына алмауы керек деп күпінеді. Бұл да - пәтуәсіз пікір. Өйткені ондайлардың күпінгендерімен, қолынан ештеңе келмейтіндері қаншама? Мылқау мың рет көрсе де, көрген адамы туралы бір ауыз сөз айта алмайды. Сол сияқты тірі күнде қасында қаумалап жүргендердің кейін бір ауыз естелік айтуға жарамайтындары да жеткілікті болады. Оның бер жағында естелік жазар өлген адам екі-үшеудің ғана меншігі емес, елдің ұлы ғой. Оны білетіндердің бәрінің де (ықылас білдірсе) жазғаны жөн. Және естелікті міндетті түрде замандастар ғана жазады. Көрмеген адам не жазады, не айтады? Лев Толстой туралы замандас-тары жазған екі томдық естелік қандай ғаламат дүние! Ал Абай мен Махамбет туралы өз замандастары жазған естелік кітаптар болмауы қандай өкініш!

Мұхаң естелік туралы ойларын осылай бастырмалата айтып, төгіп-төгіп жіберді де, сәл тоқтап, тыныс алды. Біз үшін бұл ой осымен тиянақталған тәрізді еді. Бірақ Мұхаң, алғашқыдай қызына сөйлемей, қоңыр үнмен сөзін қайтадан жалғады.

- Мұқан Иманжанов туралы естелік жазғаның жөн, - деп жазушы маған бір қарап өтті. – Сонымен бірге бізге Жамбыл Жабаев, Күләш Байсейітова, Мұқан Төлебаев туралы да естеліктер керек. Оны көз көрген замандастары қазір жазбағанда, қашан жазады?! Кешегі Сәкен, Ілияс, Бейімбет туралы да жазу – парыз. Осылардың бәрі әдебиетіміздегі естеліктер сериясына айналуы керек, бұл серияны біздің жасауымыз шарт! Естеліктер өлілер туралы ғана емес, тірілер туралы да жаза жүру жөн. Анау Тургенев, Чехов, Горький туралы естеліктерді оқып қарасаңыз, солардың замандастары айтқан пікір, сөйлеген сөз, істеген істерін тірі күндерінде-ақ қағазға түрте берген. Біздің де әр сөзі алтыннан кем түспейтін азаматтарымыз бар ғой. Анау Қаныш Сәтбаев, Ахмет Жұбанов, Әлкей Марғұлан сондай кісілеріміз емес пе?..

12

Павлодар мен Майқайың кеншілерінің арасы - жүз жиырма шақырым. Осы араға алты сағат өткізіп, Майқайыңға жақындадық. Уақыттың көбі паром үстінде кетті. Паромнан түсіп, Потанин селосынан шыға сала Баянауыл жолымен жүйткіген екі машина тоқтамастан тартып келеді. Қонақтардың қаңырығы түтеп келе жатқанына дау жоқ. Олар, Дүйсекеев төртеуі - алдыңғы «Волгада». Артқы «Победада» Құдышев екеуіміз келеміз. Павлодарда жасалған жоба бойынша Майқайыңда бізді Баянауыл ауаткомының председателі қарсы алмақ. Есіл-дертіміз Майқайыңға тезірек жету.

Майқайыңда Төлеутай Құлмағамбетов дейтін журналистің жұмыскер жездесі тұрушы еді. Шахтер Кәрібай Уайысов ақ пейіл, әңгімешіл адам болатын. Төлеутайдың демалыс алып, осы жездесінің үйінде жатқанын естігенмін.

- Ассалаумағалейкум, үш жүздің үлгісі, ұлтымның ұстазы, - деп саңқ еткен дауыс естілді. Жарқырай киінген қарт шахтер Кәрібай Уайысов табалдырықтан аттап келіп, тоқтай қалды да, қос қолын кеудесіне басып, төрдегі Мұхаңа қарап бас иді.

- Уәликумуәссәләм, деп сәлем алған Мұхаң мол денесін артына қарай шайқап, иегін биік көтере, күтпеген жерден кіріп келген үлкен адамға қадала қарап қалды.

- Ерімнің аруағын көтеріп, елімнің шаңырағын биіктеткен асыл ардагерім, амансың ба? – деп кесек тұлғалы Кәрекең құшағын кең жая төрге қарай қозғалды.

...Үй иесі Кәрібайдың жаңағы бір сәлемінен кейін Мұхаң өзгеше бір күйге келгендей еді.

- Пәлі, жаңа ғана біз, ер қылқ етіп су ішпес, ат керт етіп шөп жемес Кербаланың шөліне қамалғандай күй кешіп едік. Кәрекеңнің саясына бас сұғып, сары қымыз аузымызға тигенде тозақтан шығып, пейішке кіргендей болдық-ау. Қазақстанда Баянауылдың қымызына жетер қымыз жоқ, деп Қаныш қайта-қайта айтушы еді. Рас айтады екен-ау, - деп Мұхаң қалтасынан орамалын алып, асықпай отырып, маңдайын сүртті. Осыдан бастап Баянауыл жерінің, топырағының, шөбінің құнары туралы сөз қозғады. Соның бәрін Мұхаң өзі бастап, шөп, топырақ, жер қыртысы туралы кәнігі агрономдай сыр шертті. Бағана Ертіс үстінде пароммен өтіп келе жатқанда табиғаттың су деген ғажап байлығының босқа кетіп жатқанына өкінгенін айтты. «Ертіс-Арал» каналы салынса, ол екі ортадағы ерні кезеріп жатқан талай шөл шүленге айналар еді», - деді. Одан соң ол Баянауыл маңындағы кен ошақтарын сұрастыра отырып, алтын жүлгелерінің горизонт-горизонт боп жайғасатынын, жүлгеге жету үшін қаншама арам топырақ (порда) қопару керектігін түсіндірді. Әңгіме – өмірдің қай саласына ауысып, қай тақырыпқа көшсе де, соның бәріне де Мұхаң жүйріктей жүйткіп, жорғадай тайпалып шыға келеді. Сөз арасында Төлеутай да Мұхаңа бір сұрақ қойды.

- Мұхтар аға, бұрын Баянауылда болып па едіңіз? - деді.

- Бұрын Баянауылда болған жоқпын. Бірақ Баянауыл үнемі менімен бірге менің қасымда болды, - деп Мұхаң Төлеутайға күлімсірей қарады. – Олай дейтінім, менің ең қымбатты қимас достарым Әлкей Марғұлан мен Қаныш Сәтбаев осы Баянауылдан шыққан азаматтар ғой. Олар маған Семейде де, Ленинградта да, Алматыда да Баянауыл туралы көп-көп әңгіме шерткен. Солардың айтуы, суреттеуі бойынша ол өңірдің Ақбет тауы, Қызыл тауы, Қалмаққырған жотасы, Жасыбай, Сабынды, Торайғыр көлдері әлі картаға толық түспей жатып, менің көкірегіме көшкен. Мен ол достарымның кеудесіне Шыңғыстауды орнатып бергенмін. Осы елді көрсем, барсам деп талай талпынғанмын. Сәті түспеген. Енді міне, сол Баянауылға кәрі ғашықтай құмартып келе жатқан жайым бар.

... Кемпіршаттан Сарыадыр асып, атақты Ақбет шыңының етегіне келдік. Қып-қызыл тас-тауды төбесінен етегіне дейін әлдебір алып қылышпен тіліп түскендей, теп-тегіс. Тегістігіне шыбын тайғандай. Сол таудың дәл түбінен, қызыл жартасты жарып шыққан бұлақ атқылайды. Қыстың қатты аяздарында оның суы өмірі қатпайды. Атақты Әулиебұлақ осы Торайғыр көліне құйылады. Осы жерде бізді «Александровский» совхозының директоры Қапар Смағұлов қарсы алды. Торайғыр көлінің жағасындағы Сұлтанмахмұт зиратының қасына келіп тоқтадық. Мұхаң шляпасын шешіп, басын төмен иіп, Сұлтанмахмұт зиратының алдында ұзақ тұрып қалды. Біраздан соң барып Мұхаң басын көтеріп, Ақбет шыңының ұшар басына көзін қадады. Кірпігін жыпылықтатып тұрып, ерні жыбырлап, сөйлеп кетті.. Өлеңмен сөйледі
«Мені апарып жер бол деп жерге қойды,
Жалғызбын, жарығы жоқ көрге қойды.
Мен жоқпын, мен деген бір саңырау көр,
Мінеки, су топырақ басты бойды.

Сонда жатып аздан соң мен топырақ,
Топырақта жоқ сезім, тіл мен құлақ.
Бір дыбыс ала алмассың өмір бойы,
Қасымда отырсаң да жауап сұрап...»
Мұхаң осы екі шумақты айтты да, қайтадан зиратқа қарады.
- Бұл Сұлтанмахмұттың «Адасқан өмір» поэмасының соңғы тарауының үзіндісі ғой, - деді. – Сұлтанмахмұт деген бір ғаламат жан еді ғой. Сұлтанмахмұттың суреті Белинскийге ұқсайтын. Белинскийдің суретін көрген сайын көз алдыма Сұлтанмахмұт елестейтін. Сұлтанмахмұт та, Белинский сияқты философ, бунтарь, жанып тұрған от еді ғой. Мен - Сұлтанмахмұттың бұл поэмасын алғаш оқығандардың бірімін. «Адасқан өмірді» ол 1919 жылы жазды. Сол жылы оны Семейге маған жіберді. Ол кезде мен Семей губкомы қазақ бөлімінің бастығы едім ғой. Бәлкім, ол поэманың бірінші оқушысы мен болуым да ықтимал. Осы поэмасын бітіргеннен кейін бір жылға жетер–жетпес уақыт ішінде Сұлтанмахмұт қайтыс болды ғой.

***

Баянауыл ауданының орталығы Баянауыл селосына кіргеннен кейін атақты Сабындыкөл басын бір шолып шығып, аудандық клубтың қасына келіп тоқтадық. Біз клубқа кіргенде аудандық Советтің сессиясына қатысып отырғандар тегіс орнынан тұрып, ду қол шапалақтады. Сессия бітіп қалған екен. Он минуттан кейін оның жұмысы аяқталды да, Шурин:

- Ендігі сөзді осы Баянауыл жерін көруге арнайы келген атақты жазушы Әуезов жолдасқа беремін, - деді. Бұл жолғы сөзін Мұхаң алда болатын СССР жазушыларының ІІІ съезі мен Қазақстан жазушыларының ІV съезі, ол съездерге әзірлік туралы әңгімеден бастады. Бұдан кейін Мұхаң өзінің шетел сапарларынан әңгіме шертті.

- Сіздер дүбірлетіп алақан соғып жатырсыздар ғой. Оларыңызға рақмет. Ал енді мен сіздерге алақан соқпайтын бір әңгіме айтайын. Бүгін Торайғыр көлінің басында болдық. Баянауыл жерінің ұлы перзенті Сұлтанмахмұттың зиратына тауап еттік. Оның басына орнатылған ескерткішті көрдік. Ескерткіші қандай екен дейсіздер ғой? Қандай екенін айтуға аузым бармайды, ұят. Пляж бастарында көлеңке үшін қалқитып қоятын тақтай күркелер болушы еді. Соған ұқсайды. Одан да нашар. Сұлтанмахмұттай ұлы адам, ақын азаматтың аруағынан ұялғандықтан мен жерден басымды көтере алмадым. Мынау ғаламат таулар үшін, осынау жаннат жер үшін, сол елді мекендеп отырған ел үшін ұялдым. Ұялатыным, қай елге барсаң да, сол жердің топырағынан жаратылған асыл ұлдарына әсем ескерткіштер қойылған. Латвиядағы Райнис ескерткіші қандай ғаламат! Армениядағы Акопян ескерткіші не тұрады? Грузияның ақыны, жазушыларына орнатылған көз сүйсініп, көңіл қуанар қаншама ескерткіштер бар. Сұлтанмахмұт солардың қайсысынан кем еді? Ендеше, оған неге лайықты ескерткіш орнатылмаған? Қойнынан күміс шашып, алтын лақтырып жатқан осы Баянауыл жерінен сол ақынға, осы елдің өз перзентіне ескерткіш орнатарлық ештеңе табылмап па? Үкімет босатқан қыруар ақшаны әлдебір жемқор-жебірлер жеп кетіпті деп осылай қол қусырып отыруға болар ма? Бұл Сұлтанмахмұттай асыл ұл берген халықты қорлау ғой, қарақтарым-ау! Және Торайғыр көлінің басындағы совхозды неге «Александровский» совхозы деп атайды екенсіздер. Неге ол шаруашылықты Торайғыров совхозы деп айтпасқа? Мен бүгін сол совхоздың директоры Қапардан сұрап білсем, Александров деген бұл елге ешқандай еңбек сіңірмеген, патша заманында сол жерге пайда іздеп, алтынның иісін сезіп келген кәсіпкер біреу көрінеді. ...Мен бұл көргенімді, бұл түйгенімді Алматыға да айтармын, Москваға да жеткізермін. Сонда жергілікті депутаттар, ел адамдары сіздер не көріп жүрсіздер дегім келеді. Бізді жұрт жергілікті, Жоғарғы Советтерге депутат етіп сайлағанда әр үйдің қазанына ет, әр адамның аузына ас салып береді деп емес, халықтың осындай мұң-мұқтаждарына да мұрындық болады деп сайламап па еді?! Мен Баянауылды көруге құмартып келсем, Сұлтанмахмұт зиратын көргенде соншама қарным ашып қайтып барамын.

(Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты жазушы Әуезовке айтқан бұл уәделерін Баянауыл Аудандық Советінің депутаттары кейін ойдағыдай орындады. Сұлтанмахмұт зиратының басына жаңадан ескерткіш орнатылып, бұрынғы «Александровский» совхозы кейіннен Торайғыров атындағы совхоз болып аталды.)

- Сақа, маған рұқсат етіңіз, - деп екінші қатардың орта тұсынан ақ құба келген, әдемі, жастау жігіт орнынан көтерілді.

- Айт, Сейсенбеков, - деп Шурин дүрс етіп орнына отырды.

- Мұха, ассалаумағалейкум. Мен - сіздің шәкіртіңізбін. КазГУ-ді бітірдім. Өзіңізден дәріс алдым. Аты-жөнім Сейсенбеков Балтабай. Осындағы аудандық газеттің редакторымын. Сұрағым мынадай: «Абай» - баяндықтардың да сүйіп оқып жатқан шығармасы, Мұха. Баянауылдың әр үйінде «Абай» бар. Енді осы сүйікті кітабыңыздың басқа қандай халықтардың тілдерінде, қай шет жұртқа аударылып жатқанын білгіміз келеді.

- Шет тілдерден әзірше ағылшын, француз, неміс, қытай, үнді тілдеріне аударылып жатқаны мәлім болып отыр, - деді.

Кешке қарай Жасыбай көліне бет алдық. Мұхаң биік жартасты тау-жағадан көлге қарап ұзақ тұрды. «Бұл көлдің аумағы, тереңдігі қандай? Балығы бар ма?» деп сұрады. Баянауыл аудандық газетінің редакторы Балтабай Сейсенбеков Мұхаңның сұрағына толық жауап берді. Аумағы төрт шаршы километр, тереңдігі
5-7 метр екен. Ал балығының көптігіне келсек, Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында жақын маңдағы жұртты осы көл өз балығымен асырап шығыпты.

- Соншама сұлулығының үстіне бұл өзі ел анасындай мырза көл екен ғой. Кейбір, сыртынан сымбатты көрінгенімен, жағасына құс жуымайтын, бетіне балық шоршымайтын тұлдыр-тұл көлдер болады, - деп Мұхаң бұл жауапқа қатты риза боп қалды. Енді ол мойын бұрып, жан-жағына қарады. Қаныш пен Әлкей осы маңда Жасыбай батырдың бейіті болады деуші еді. Ол қайда? – деп сұрады. Балтабай бәрімізді бастап жолдан жиырма метрдей жердегі қалың қорымға алып келді. Әр жерде жеке-жеке үйілген, бірақ шөгіп, жер боп қалған тастар. Олар бір кезде шапқыншылардан ел қорғап қаза тапқан қазақ батырларының бейіті болса керек. Солардың ішіндегі ең бір ұзын, аумақтысының қасына тоқтаған Балтабай:

- Жұрт Жасыбай батырдың моласы осы дейді, Мұха, - деді дауысын бәсеңдеу шығарып. – Батыр жауды жеңіп, тірі қашқанын алты қырдан асыра қуып тастап, осы көлдің басына келіп тоқтайды. Жасекеңнің жорықтан қайтқанда осы терең көлге соғып, суына сүңгіп шығатын бұлжымас әдеті бар екен. «Осы көлдің суы жарамды жазады, жаныма қайрат бітіреді. Жорықтан қайтқанда осы көлдің суына шомылсам, келесі жау шапқанда одан сайын қайраттанып кетемін», - дейді екен батыр. Сол әдетімен атынан түсіп, үстіндегі сауыт-сайманын шешеді. Жаудан ажыратып алған туған жерге, толқынды көлге рақаттана қарап тұрыпты дейді. Сонда жау қолынан – әскерінен осы жерге арнайы қалдырылған жансыз бар екен. Жасыбай батырдың жорықтан қайтқанда сында соғар әдетін естіп алған жау бір батырының басын өлімге байлап, әдейі артқа тастапты. «Бізге Жасыбайдың көзін жоймай жеңіс жоқ. Сен осы асуда аңдып жат та, қапысын тауып өлтір. Сонда келесі жорықта қазақтарды біз неғылсақта жеңеміз» депті. Осы тапсырмамен бұқпантайлап жатқан жау қарақшысы қапысыз тұрған батырды адырнасы атан өгіздің терісінен керілген, жуандығы білектей ақ қайыңнан иілген, ішкі жағы мүйізбен қапталған, сырты алтынмен апталған «қанды қара» деп аталған садақтың жебесі уға суарылған саржасымен қақ жүректен атыпты дейді. Ол кезде «Батыр өлген жеріне, бай туған жеріне» қойылады деген мақал болса керек. Сол мақал бойынша ел жиылып, еңіреп келіп, Жасыбай батырды осы жерге қойған екен дейді, Мұха. Ел аузының айтуы солай.

Мұхаң Балтабай айтқан аңызды ерекше бір ықылас, ілтипатпен тыңдады.

***

28 июнь. Таңертең ерте катермен көл бетіне шықтық. Мұхаң шыққан күннің көлге түскен сәулесін бақылап, жан-жағын қоршаған қия жартастарға қызыға ұзақ қарады. Өзінің «ғаламат» дейтін сүйікті сөзін әлденеше рет қайталады. Катер үстінде Жасыбай балығынан пісірілген орыс ухасын іштік. Күн көтеріле машинаға мініп, Павлодарға қарай бет қойдық.

29 июнь. Біздің үй түні бойы Мұхаңа дәм татыруға дайындалды. Таңертең ертелеп қасыма Арнұр деген ұлымды ертіп, машинамен Мұхаң жатқан жерге бардым. Өзім «Ассаламаумағалейкум, Мұха» деп алып, алдымен ұлымның қолын жазушыға создырдым.

- Уағалейкумәссәләм, - деп Мұхаң дауысын соза сөйлеп, алдымен Арнұрдың, одан кейін менің қолымды алды. Бұл баланың аты кім?

- Арнұр.

- Ол қандай мағынадан шыққан?

- Арымның нұры болсын дегенім ғой, Мұха.

- Пәлі, тіпті тауып қойған екенсің, - деп ішкі бөлмеге қарай дауыстап: «Әй, Ернар, бері кел, ағаң мен ініңе сәлем бер», - деді. Ернар шығып бізбен қол алысты.

- Ал мына Ернарға осы атты өзім қойдым. Ол ұлым ердің нары болсын дегенім еді. Осы Ернар туып, жеңгең Валентина Николаевна сәбиханада жатқан кезде Алматыда халық ақындарының айтысы болып жатыр еді. Кешке қарай солар үйге сау етіп кіріп келіп, отырмастан түрегеп тұрып, маған өлеңмен құттықтаулар айтты. Ішінде Шашубай, осы елдің Нұрлыбегі бар еді. ... Сонда олар нәрестенің атын олай деп қою керек, былай деп атау керек деп өз ұсыныстарын айтты. Мен олардың бірінің де ұсынысын қабылдамастан, осылай Ернар деп қойып едім.

... Мұхаң маған бұрылып, өздерінің қазір облыстық өлкетану музейіне бармағын, содан кейін кітап магазиніне кіріп, қазақ кітаптарының сатылу жайын білгісі, қазақ орта мектебінің кітапханасын көргісі келетінін білдірді.

- Соларды аралап шыққан соң біз сіздің үйге барып, Ернар мен жүктерді сол жерге алдырармыз. Аэропортқа сіздің үйден аттанып кетеміз, - деді.

Біз: Мұхаң, Әбдірәшит, мен және менің кішкентай ұлым Арнұр үшеуіміз музейге келдік. Музей алдында Мұхаңды кеше Баянауыл сапарына бірге барып келген Естай Дүйсекеев пен Омарғали Құдышев және облатком қызметкері Бақтыбай Мәженов пен музей директоры Дмитрий Багаев күтіп тұр екен. Музей аралай жүріп, Мұхаң Багаевтан Антон Сорокин жайында деректер сұрады. Антон Сорокиннің әйелі соңғы жылдарда Омбыда қайтыс болыпты. Өзінің Сорокиннің жұбайымен соңғы кездес-кен шағын баяндады.

- Антон Сорокин қазақтарды өте жақсы көрген, олар туралы көп шығармалар жазған кісі еді, - деді Әуезов. - Сол кісінің шығармаларын жинақтап, кітап етіп бастырса жөн болар еді. Мұхаң Павлодар музейінің кітапшасына өз қолымен былай деп жазды:

- «29 июня 1958 года. Я посетил Павлодарский музей. Экспонаты, таблицы, цифры, исторические справочные данные о далеком и недалеком прошлом, о настоящем гор. Павлодара и его области отчасти дают очень дорогие знания посетителю музея культурно, с серьезными интересными сведениями, данными об одной из богатых областей Казахстана, внушают чувство глубокой благодарности тем лицам, которые заложили основу музею, являются его верными строителями, способствуют его дальнейшему росту - я выражаю чувство большой горячей благодарности тов. Багаеву Дмитрию Поликарповичу в особенности.

Писатель, академик Каз.Академии наук МУХТАР АУЭЗОВ».

Музейден шыққан соң кітап магазині мен мектеп кітапханасына кіріп шығып, біздің үйге қарай бет алдық. Менің әйеліме Қантай Елубаева көмектесіп жүр еді. Мұхаң соңында Қантаймен сәлемдесті де:

- Бұл келін кім болады? - деп сұрады. Мен Қантайдың аты-жөнін айтып:

- Жетім балалар үйінде мына келініңіз Халимамен бірге өскен, қазір осындағы педучилищенің оқытушысы, журналистің зайыбы. Оның үстіне осы екі келініңіз де Отан соғысына қатысқан, - дедім.

- Пәлі, не дейді-ау, - деп Мұхаң көңілі сәл босағандай қалып көрсетті. - Сол сұрапыл өрттің ішінен шығып, жар сүйіп, ұрпақ өсіріп отырған бақыттарың баянды болсын, қарақтарым!

Содан кейін мен кешегі Баянауыл сапарына бірге барып қайтқан облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы Омарғали Құдышевті, горком хатшысы Естай Дүйсекеевті, Мұхаң Баянауылға барып қайту үшін өз машинасын берген облыстық комсомол комитетінің бірінші секретары Кәкім (Михаил Иванович) Есенәлиевті Мұхаңмен дастарқандас болып, осы үйден бірге дәм татуларына рұқсат бердім.

Сөйтіп, Керекуге келгендеріне алтыншы күн дегенде, 1958 жылғы 29 июньде, жексенбі күні Мұхаңдар Павлодардан Алматыға ұшты.

Осыдан бір апта кейін Павлодардағы машина жасау заводы мен алюминий заводының құрылысшыларына, Майқайың кеншілеріне, Баянауыл шопандарына Алматыдан, атақты жазушы Әуезовтен бір-бір сәлемдеме келді. Ол - сүйікті жазушының өз қолтаңбасымен жаңа достарына жіберген 1958 жылы Москвада Көркем Әдебиет Баспасы екі кітап етіп шығарған «Абай» роман-эпопеясы еді...

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ
Ықшамдалып алынды.

 

Түйін

Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толуына орай газетімізде биылғы жылдың 11 сәуірінен бастап Әзілхан Нұршайықовтың «Әуезовпен болған бес күн» хикаяты жарияланып келді. Үзбей оқып келе жатқан оқырман ұлы жазушының (ол кезде Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты) 1958 жылы маусым айында Ертістің Кереку өңіріне келгені, Баянауыл сапары, оған дейін қараусыз қалған Сұлтанмахмұт Торайғыров зиратының басына ескерткіш орнатылып, Александровский совхозына Торайғыров есімінің берілуіне қаламгердің ықпал жасағаны жайлы хабардар болды. Бұл - ұсақ-түйек емес, ел жадынан ұмытылмауы тиіс тарих, үлкен тарих. Бұл - бүгінгі, кейінгі жас толқынға өнеге боларлық ұлы іс деп білген жөн. Әзілхан ағамыздың осы бір хикаятынан газет оқырманы рухани ой жиып, ұмытылмас әсер алды деп ойлаймыз.

Ескерте кетейік, уақыт тығыздығына байланысты хикаяттың соңы ықшамдалып берілді.

 

saryarka-samaly.kz