Соңғы жылдары елімізде ауыл шаруашылығы саласына серпін беретін мемлекеттік бағдарламалардың қатары көбеюде. Солардың бірі — «Ауыл аманаты». Жобаның негізгі мақсаты — ауыл тұрғындарының әлеуетін арттыру. Бүгінгі таңда бұл жоба ауылдағы ағайынның шаруашылықпен айналысып, кәсібін дөңгелетуге дем беруде. Павлодар өңірінде аталмыш жоба қалай жүзеге асырылып жатыр? Қазіргі уақытқа дейін қандай жұмыстар атқарылды және болашақта қай бағытта дамиды? Жақында өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында бұл тақырыпта жергілікті аграршылармен кездесу өтті.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен арнайы семинар барысында ауыл тұрғындарынан өтініштерді қабылдау кезінде туындайтын негізгі проблемалар туралы айтылды. Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының қайта өңдеу және кооперацияны дамыту бөлімінің басшысы Әсем Бектұрова ақпараттық жүйеде осы бағдарламаға қатысушылардың барлығына өтінімдер қабылдау басталғанын атап өтті. Шаруалармен жүздесудің мақсат-міндеттеріне кеңінен тоқталған бөлім басшысы ауыл – еліміздің алтын бесігі болса, ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының күретамыры болып табылатынын жеткізді. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру, ауылдардың ажарын ашу, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты мейлінше азайту – Мемлекет басшысы айқындап берген басымдық екенін ашып айтты.
Жиын барысында шаруалар көкейде жүрген мәселелерін көтеріп, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ауыл шаруашылығын қолдауға ерекше серпін беру міндеттері бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді. «Павлодар» ӘКК» АҚ инвестициялық жобаларды іске асыру департаментінің директоры Тимур Сембаевтың мәліметінше, құжаттар 11 қарашадан бастап келіп түсуде. Алайда департамент директоры өтініштердің барлығынан дерлік бас тартуға тура келгенін жеткізді. Айтуынша, түскен өтінімдерден бас тартудың екі негізгі себебі бар. Біріншісі — құжаттар пакеті толық емес болса, екіншісі — несие бағыты бағдарламаның басым бағытына сәйкес келмейді.
— Екі күн ішінде бізге 69 өтінім келіп түсті, олардың 70 пайыздан астамы — толық емес құжаттар топтамасымен. Оларды талдай отырып, әлеуетті қарыз алушылардың не ауданда, не бізде кеңестен өтпегенін көріп отырмыз. Бағдарлама ережелерін зерттемей, құжаттар тізімімен таныспаған. Әзірге екі күнде біз құрылымдық бөлімшелерді одан әрі қарау үшін бір ғана өтінімді өткіздік, — деп нақтылады ол.
Сонымен қатар, Тимур Сембаев «Павлодар» ӘКК» АҚ ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы бағдарламаны іске асырудың қысқаша шарттары мен ережелерін, сондай-ақ, әрбір нақты ауданда бағдарламаның қандай бағыттары басым болып есептелетіні туралы ақпарат берді. Ол жергілікті жерлердегі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдеріне бизнес субъектілеріне аталған жоба бойынша егжей-тегжейлі кеңес беруді тапсырды. Қазіргі таңда жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдық берілуде.
— Мысалы, бағдарламаға қатысу туралы өтінім бере отырып, міндетті түрде жүйеде қоса берілетін сегіз құжат бар. Бірақ онда куәлікті бекіту үшін ұяшық жоқ. Иә, жүйе — пилоттық жоба, кемшіліктері бар және оны әзірлеушілер күн сайын жақсартып отырады. Бірақ біз де ережелермен шектелдік. Сондықтан қандай да бір құжаттар болмаған жағдайда бас тартуға мәжбүр боламыз. Мысалы, егер куәлік немесе сауалнама-өтініш болмаса, біз несие беруге бас тартамыз. Сондай-ақ, қолданыстағы несие болса және өтініш беруші банктен кредиторлық берешектің жоқ немесе бар екендігі туралы анықтаманы қоса бермесе, біз несие беруден бас тартамыз, — деп атап өтті ӘКК өкілі.
Бұдан басқа, жиын барысында Тимур Сембаев өтініштерді қарау үдерісі қалай өтіп жатқанын айтып берді. Сондай-ақ, ол бұл бағдарлама бойынша несие алғысы келетін шаруалардың барлығына аудандық әкімдіктерде орналасқан ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарына жолығуға кеңес берді. Яғни, қарыз алушы несие ережесін зерттемей, аудандағы басым бағыттар бойынша ақпарат ала алмайды. Ал аталмыш бағдарлама бойынша несиелендірудің басым бағыттары әр ауданда бекітілген. Бұл дегеніміз — әрбір ауылдық округте мемлекеттік қолдауға қол жеткізуге болады деген сөз.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында бүкіл Қазақстан бойынша іске қосылған болатын. Аталмыш жоба бойынша микрокредит беру мерзімі 5 жылды құрайды, бұл ретте мал шаруашылығы саласындағы бастамалар үшін 7 жыл кезең көзделген. Максималды сома – 2,5 мыңнан 8 мыңға дейін (зәкірлік кооперация) АЕК, номиналды сыйақы мөлшерлемесі — жылдық 2,5 пайыздан аспайды. Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған қысқартылатын жұмыскерлер, ЖК ретінде тіркеусіз тауарларды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, ЖК-да өнім өндіретін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен сату немесе айырбастау үшін жеке қосалқы шаруашылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады.
А.МҰҚЫШЕВ.