Өткен аптада облыс орталығындағы Естай атындағы Мәдениет сарайында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні салтанатты түрде аталып өтті.
Мерекелік шараға ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбек озаттары, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы озық кәсіпорындардың басшылары мен алдыңғы қатарлы қызметкер-лері қатысты.
Ең алдымен еңбек адамдарының құрметіне қалалық Мәдениет сарайының сыртқы және ішкі алаңдарында ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі ұйымдас-тырылды. Көрмеге ауыл шаруашылығының ең озық өнімдері, асыл-тұқымды мал шаруашылығына қажет құрал-жабдықтар мен соңғы заманауи техникалар қойылып, көпшілік назарына ұсынылды. Ауыл еңбеккерлерінің кәсіби мерекесіне облыстың барлық аудандары мен қалаларынан 30-дан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпорындары қатысып, өз өнімдерін, жабдықтарын, дәстүрлі емес кәсіп түрлерін ұсынды. Сондай-ақ, жиылған көпшілікке облыстың бүгінгі таңдағы асыраушы сала бойынша атқарылған жұмыстары бейнеролик арқылы көрсетіліп, келесі жылғы жоспарлары таныстырылды.
Алқалы жиында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Асайын Байханов аталмыш саланың өркендеуін тілге тиек етіп, өңірдегі экономикалық өсімді тізбектеп өтті. Айтуынша, ауыл шаруашылығы – азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың басты салаларының бірі болғандықтан, мемлекеттік қолдау шаралары мен шаруалардың қажырлы еңбегінің арқасында бүгінде отандық аграрлық сектор серпін алып, дамып келеді.
— Тіршіліктің қамы мен негізі болған азық-түлік те су көзі сияқты адам өмірінің басты кепілі болып қала береді. Сондықтан ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні маңызды мерекелердің бірі болып табылады. Биылғы мейрамды павлодарлық аграршылар мен азық-түлік өндірушілері лайықты қарсы алуда десем артық айтпаспын. Осы жылы Ертіс өңірінде 1,1 миллион тонна астық жиналды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен үш есе көп. Сондай-ақ, өңіріміз бұл салаға тартылған инвестициялар көлемі бойынша елімізде көш бастап тұр. Павлодар өнімінің үлесі тек өзімізде ғана емес, көрші нарықта да қарқынды өсуде. Ең бастысы, олар өте дәмді әрі жоғары сапаға ие. Басқаша айтқанда, дастарханымыздың берекелі болуы, аймақ халқын пайдалы, дәмді тамақпен қамтамасыз етілуі — павлодарлық фермерлер мен оны қайта өңдеумен айналысатын сала қызметкерлері еңбегінің жемісі, — деді А.Байханов.
Еңбек адамдарына деген ыстық ықыласын білдірген облыс әкімі шара барысында бірқатар сала қызметкерлерін кәсіби мерекеге орай марапаттады. Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы саласының дамуына, еліміздің экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығына айрықша үлес қосқан бір топ азаматқа медаль мен Алғыс хаттар табыс етті. Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, облыс өнерпаздары жиналған қауымға өнер көрсетіп, ән мен биден шашу шашты. Жиынға келген шаруалар еңбектің еленгеніне ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
А.МҰҚЫШЕВ.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.